Құрметті мемлекеттер басшылары!
Қадірлі әріптестер, достар!
Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған геосаяси қайшылықтар мен қақтығыстардың күшеюіне байланысты туындаған күрделі сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Халықаралық қауіпсіздіктің архитектурасына қауіп төніп тұр. Тұтас адамзат үшін оның зардабы ауыр болуы мүмкін. Осындай сын сағатта бізге өңірлік және жаһандық деңгейдегі ұжымдық күш-жігер арқылы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін орасан зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз беделінің, елеулі экономикалық және адами ресурстарының арқасында тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, заманауи сын-қатерлерді еңсеру үшін тиімді шешімдер әзірлей алады. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезіндегі «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» ұраны ортақ миссиямыздың мән-маңызын айқын көрсетеді.
Көпжақты ықпалдастығымызға тың серпін беруді көздейтін ұсыныстарды ортаға салуға рұқсат етіңіздер.
Біздің ойымызша, бейбіт және үйлесімді даму мәселесін бірлесіп ілгерілету басты міндет болып қала береді.
Ұжымдық күш-жігер мен парасатты дипломатия арқылы ғана әлемдегі басты қайшылықтардың түйінін тарқатып, дүниежүзінде ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Мен бұған сенімдімін. Осы орайда келесі жылы сексен жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына зор үміт артылады. Бұл әмбебап ұйымның баламасы жоқ, оның әлеуеті әлі де мол.
Біздің ортақ міндетіміз – БҰҰ-ның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ХХІ ғасыр сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұра алатын басты халықаралық институт ретіндегі рөлін күшейту. Қазіргі заманның түрлі проблемасына қатысты ортақ ұстанымның жаршысы ретінде «ШЫҰ дауысы» халықаралық аренада қаттырақ естілуі керек және солай болуға тиіс. Сондықтан біз қабылдаған Тату көршілік, өзара сенім және серіктестік қағидаттары туралы мәлімдеме өте өзекті.
Бұдан бөлек, мен Біріккен Ұлттар Ұйымының 80, сондай-ақ ШЫҰ мен БҰҰ ынтымақтастығының 20 жылдығына қарай «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастамамызды қолдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қабылдауды ұсынамын.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, АӨСШК-ті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру процесін белсенді қолдағаны үшін Саммит қатысушыларына ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл ұйымның мақсаттары мен міндеттері ШЫҰ миссиясын үйлесімді түрде толықтырады.
Біздің мүмкіндіктеріміздің синергиясы ШЫҰ кеңістігінде ғана емес, одан тыс жерлерде де тұрақты және инклюзивті прогресті қамтамасыз ету үшін берік негіз бола алады.
Келесі басым бағыт – сауда-экономикалық байланыстарды нығайту. Санкциялық даулар жаһандық экономикаға айтарлықтай зиян келтіріп, оның даму перспективаларының аясын тарылтып жатыр. Мұндай жағдайда бізге оң динамиканы сақтауға және әлеуетімізді арттыруға бағытталған сауда-экономикалық ықпалдастықтың неғұрлым икемді стратегиясын құру қажет.
Қазіргі кезеңде ШЫҰ-ға мүше елдердің экономикасы 4 пайыздан 9 пайызға дейінгі жоғары өсім қарқынын көрсетіп отыр. ШЫҰ мемлекеттерінің әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі қазірдің өзінде 30 пайызды құрайды. Бүгінде Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саудасы 8 триллион доллардан асты. Бұл – әлемдік сауданың төрттен біріне тең.
Осы орайда Азияның экономикалық тұрғыдан өркендеуіне көбіне ШЫҰ-ға мүше елдердің ықпалы зор екенін атап өткім келеді. Мұны жаңа әрі тарихи жетістік деуге болады. Сондай-ақ бұл өсім дүниежүзі экономикасы үшін тұрақтандырушы фактор саналады.
Қазақстан Қытайдың ішкі ауқымды нарығына ШЫҰ елдерінің қолжетімділігін арттыру және Ұйымға мүше елдермен тауар айналымын 3 триллион долларға дейін жеткізу ниетін құптайды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық әлеуеті орасан зор. Біз оны толыққанды пайдалануымыз қажет.
Бүгін ШЫҰ экономикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын қабылдадық. Аталған құжат осы басты мақсатқа сай келеді. ШЫҰ-ның ЕАЭО, БРИКС және АСЕАН секілді интеграциялық бірлестіктермен өзара ықпалдастығы кең мүмкіндіктерге жол ашады. Көлік жолдарының өзара байланысын одан әрі нығайту әлемдік сауданың тұрақты өсіміне зор ықпал етеді.
ШЫҰ-ға мүше елдердің аумағы арқылы 350 мың шақырымнан астам теміржол өтеді. Әлемдегі жүк тасымалының үштен екі бөлігі осы жолдарға тиесілі. Сондықтан ШЫҰ кеңістігі жаһандық сауданы дамытуға арналған «Үлкен Еуразиялық белдеуге» айнала алады.
Құрлықтық бірлестік ретінде өз позициямызды нығайту экономикалық тұрақтылық пен өркендеу үшін елеулі фактор болуға тиіс. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Еуразиялық көлік жүйесінің ең маңызды бөліктерінің бірі саналады. Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 80 пайызы еліміз арқылы өтеді.
Біз «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий көлік бағытын және «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін өзара ұштастыру үшін белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Аталған күре жолдар синергиясының мультипликативтік әсері күшті болады.
Осы ретте Стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру жөніндегі бастамамызды нақты жүзеге асыру мәселесіне ерекше мән береміз.
Қазіргі жағдайда экология және климаттың өзгеруімен күрес саласындағы ынтымақтастықтың өзектілігі арта түсті. Бұл саладағы ахуал алаңдатып отыр. Біз түрлі табиғи катаклизмдердің айтарлықтай көбейгеніне куә болдық. Әлемдегі барша мемлекет бұдан орасан зор зардап шегіп отыр.
Жуырда Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынын бастан өткерді. Мамандардың пікірінше, бұл табиғат апатының ауқымы жаһандық жылыну процесімен тікелей байланысты. Климаттың сын-қатерлерін жалғыз еңсеру мүмкін емес екені анық. Әлемдік қауымдастық экономиканы декарбонизациялау жөніндегі батыл қадамын жалғастыруға тиіс деп санаймын. Бірақ бұл мемлекеттердің дамуға және жаңғыруға бағытталған маңызды міндеттеріне зиянын тигізбеуі керек.
Климат мәселесі бойынша ынтымақтастығымызды биыл қараша айында Бакуде өтетін СОР29 конференциясы аясында көрсете аламыз. Осы сәтті пайдалана отырып, Әзербайжан Президенті құрметті Ильхам Гейдар оғлы Әлиевтің аталған жаһандық шараны табысты өткізуіне тілектестік білдіремін.
Ішкі су көздерінің деградацияға ұшырау проблемасын шешу, жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі бірлескен іс-әрекеттер жоспарын әзірлеуге баса мән берген жөн. Елдеріміздің бұл бағыттағы бірлескен жұмысы БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы аясындағы мақсаттарды жүзеге асыруға ШЫҰ-ның қосқан нақты үлесі болмақ. Бұл бастаманы Тәжікстан ұсынған болатын.
ШЫҰ қызметінің аса маңызды бағытының бірі – мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту. Бұл маңызды сала біздің төрағалығымыз кезінде ұдайы назарда болды. Өйткені қазақ жері – ежелден түрлі өркениеттер тоғысқан мекен. Үлкен Еуразияның бірегей мәдени кодын бойына сіңірген ШЫҰ-ның алып кеңістігі халықтар арасын жақындатуға дәнекер болып, өзінің тарихи рөлін одан әрі атқара беруге тиіс және солай боларына сенімдімін.
Осы орайда мәдени орталықтар ашу пәрменді шара саналады. Бүкіл ШЫҰ аумағында осындай жобалардың жүзеге асырылуы елдеріміз арасында барынша тығыз мәдени-гуманитарлық байланыс орнатуға ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл іске жастарды белсенді тарту маңызды. Осы ретте олардың жан-жақты дамуына және өзара қарым-қатынасын жандандыруға барынша жағдай жасау қажет.
Қазақстан креативті индустрия шоғырланатын орталық бола алады. Сондай-ақ біз ШЫҰ-ға мүше елдердің жас көшбасшылары мен таланттарының жыл сайынғы кездесуін өткізуді ұсынамыз.
Білім саласына да тың серпін беру қажет. Бұл ретте диалог аясындағы серіктестердің жаңа оқу орындарын қосу арқылы ШЫҰ университеттері желісін кеңейткен жөн болар еді.
Студенттерге, әсіресе техникалық мамандықтар үшін бөлінетін грант санын жыл сайын көбейтіп отыру керек. Қазақстан өзінің жетекші жоғары оқу орындарында білім алу үшін бөлінетін ғылыми білім беру гранттарын ұсынуды жалғастыруға дайын.
Сөз соңында Қазақстанның ШЫҰ аясындағы және «ШЫҰ плюс» форматындағы жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілді екенін тағы да атап өткім келеді. ШЫҰ аясындағы серіктес елдердің барлық конструктивті ұсынысы бірегей ұйымымыздың одан әрі қарқынды дамуына тың серпін беретініне, сондай-ақ өзара сенімді, достықты және көпжоспарлы серіктестікті нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін.
Назар салып тыңдағандарыңызға рақмет.