National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Сөйлеген сөздер


Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Шетелдік инвесторлар кеңесінің 28-ші жалпы отырысында сөйлеген сөзі

2015 жылғы 04 маусым

Құрметті Шетелдік инвесторлар кеңесі мүшелері!

Ханымдар мен мырзалар!

 

Шетелдік инвесторлар кеңесінің 28-ші жалпы отырысына қош келдіңіздер!  

Сіздердің көпшілігіңіз Қазақстанда бұрыннан жұмыс істейсіздер және елімізді жақсы білесіздер. Біз сіздердің сындарлы әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа деген ықыластарыңызды жоғары бағалаймыз. Инвестициялардың арқасында біз білім, технология, тәжірибе және ресурсқа ие боламыз, онсыз сапалы және әртараптандырылған экономикалық өсімді қамтамасыз ету мүмкін емес. Сіздердің Кеңес жұмысына, ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге белсене қатысуларыңыз арқасында біз Қазақстандағы инвестициялық ахуалды айтарлықтай жақсарта алдық.

Күрделі сыртқы экономикалық жағдайлар мен геосаяси сын-қатерлерге қарамастан Қазақстан орнықты экономикалық өсімге қол жеткізіп, шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығымен танылып отыр.

Биыл жалпы отырыстың тақырыбы Қазақстандағы агробизнестің дамуы туралы болды. Мұндай тақырып кездейсоқ таңдалған жоқ. Қазақстан – аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын және ауыл шаруашылығының бірегей ресурстарына ие болып отырған ел. Қазақстан дәстүрлі өңірлік нарықтарды, сондай-ақ Қытайдағы, Үндістан мен Таяу Шығыстағы жаңа нарықтарды қамтамасыз ету үшін географиялық тұрғыдан қолайлы орналасқан. Ауыл шаруашылығы ресурстарының ауқымын ескерсек, елдің отандық және шетелдік инвесторлар үшін тартымды, бірақ әлі ашыла қоймаған әлеуеті бар.

Кеңес құрамы дәстүрлі түрде жаңарып отырады, биыл да оның құрамы жаңа мүшелермен толықты. Олар – «Ситигруп» компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі бас атқарушы директоры Дж.Коулз, «CNPC» вице-президенті В.Дунцзинь, «Бейкер және Маккензи Интернешнл» компаниясының бас директорының орынбасары Э.Шир, «Еуразиялық даму банкі» АҚ басқармасының төрағасы Д.Панкин, «Эрнст энд Янг» компаниясының клиенттермен жұмыс жөніндегі басқарушы серіктесі К.Ди Сибио, «Би Джи Групп» компаниясының өндіріс жөніндегі бас басқарушы директоры  С.Искандер. 

Құрметті Шетелдік инвесторлар кеңесі мүшелері!

Ханымдар мен мырзалар!

Қазақстан үшін аграрлық сектор зор дәстүрлі мәнге ие – бұл біздің халықты жұмыспен қамтып отырған ең үлкен сала және болашақтағы экономикалық әртараптандырудың басты көздерінің бірі.

Бізде ауыл шаруашылығын дамыту үшін әлемдегі ең жақсы жағдай қалыптасқан. Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданы – 215 миллион гектар. Бұл – әлемдік ресурстардың 4 пайыздан астамы. Қазақстан бір тұрғынға шаққандағы егістік алқабының ауданы жөнінен әлемде Австралия және Канадамен бірге алдыңғы қатарда тұр. Өңірлердің табиғи-климаттық тұрғыдан әралуандығы мен топырақтың құнарлылығы бізге түрлі бағыттарда – бидай, күріш, майлы дақыл және жем-шөп дақылдары, ет және сүт өндірісінде бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Қазақстан әлемдегі ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіреді. Орталық Азия елдеріне жыл сайын 6 миллион тоннаға дейін, Еуропалық одақ елдеріне 2 миллион тоннаға дейін астық экспортталады. Жалпы алғанда, Қазақстан экспортының географиясы 70 елді қамтиды.

Жаһандық дамудың күн тәртібінде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі – негізгі тақырыптың бірі. БҰҰ болжамы бойынша, 2025 жылға қарай Жер шары халқы 8 миллиард адамнан асады, ал 2050 жылға қарай 9 миллиард адамға жетуі мүмкін. Алдағы 15 жылда орта тапқа жататын тұтынушылар саны 3 миллиардқа өсіп, 4,8 миллиард адамға жетеді. Өсімнің 90 пайызы Үндістан мен Қытайға тиесілі болмақ.

Қазақстандағы аграрлық бизнес экономика үшін пайдалы және маңызды секторға айналып келеді. Біз бүкіл әлеуетті толыққанды пайдалану үшін мақсатты түрде жұмыстар жүргізіп жатырмыз. «Агробизнес - 2020» ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда, оның аясында аграрлық азық-түлік секторына 16 миллиард доллардан астам қаражат инвестицияланатын болады. Соңғы 4 жылдың өзінде мемлекет агроөнеркәсіп кешеніне 5 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Сөйте тұра, бүгінде біздер ие болып отырған әлеуеттің болмашы бөлігі ғана пайдаланылуда.

Аграрлық сектор әзірге экономикалық өсімнің және экономиканы әртараптандырудың драйвері бола қойған жоқ. Соңғы 5 жылда өнімдер импорты 45 пайызға өсіп, жылына 4 миллиард долларды құрап отыр.  Тұтынылатын ірімшік пен құс етінің жартысы, шұжық өнімдері мен сары майдың 40 пайыздан астамы импортталады. Осының бәрін ел ішінде өндіре аламыз. Инвестиция салуға дайын жандар үшін кепілдендірілген өткізу нарығы бар.

Өңдеуші сектордың дамуы үшін де зор әлеует бар. Мысалы, бүгінде бидайдың жалпы көлемінің тек 1 пайызы ғана макарон өнімдері өндірісіне бағытталады. Қазақстан өзінің брендтік өнімдері өндірісі мен экспортын едәуір кеңейте алады.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Көріп отырғандарыңыздай, аграрлық секторды дамыту үшін бізде орасан зор мүмкіндіктер мен резервтер бар. Соңғы жылдары шетелдік инвестицияның жыл сайынғы мөлшерінің  1 пайыздан аз бөлігі ғана ауыл шаруашылығына салынып келеді. Біздегі бар әлеуетті пайдалану үшін Үкімет төменде айтылған бағыттар бойынша бірқатар шараларды жүзеге асыруда.

Бірінші. Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру. Біз инвесторлардың ел экономикасына, оның орнықты дамуын қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Соңғы 10 жыл ішінде Қазақстанға 200 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Бұл – сенімнің көрсеткіші және инвестициялық ахуалға Сіздердің берген жоғары бағаларыңыз. Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру біздің басты басымдықтарымыздың бірі және алдағы кезеңде де солай бола бермек.

Тікелей біздің елде жұмыс істеп жатқан сарапшылар мен инвесторлардың берген бағасы бойынша, бүгінде Қазақстанда инвестиция үшін өңірдегі ең жақсы жағдай жасалған. Басымдығы бар салалардағы инвесторлар 10 жылға дейін корпоративтік табыс салығы мен жер салығын, 8 жылға дейін мүлік  салығын төлеуден босатылды. Инвесторлар үшін салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беріліп отыр. Бұдан бөлек, мемлекет нысандар пайдалануға берілгеннен кейін күрделі шығындар үшін 30 пайызға дейін өтемақы төлеуге шешім қабылдады. Сондай-ақ біз ашық еңбек нарығын қалыптастыруды көздеп отырмыз. Инвесторлардың жоба іске асырылатын барлық кезең ішінде және нысан пайдалануға берілгеннен кейін бір жыл өткенше қандайда бір квота мен рұқсаттамасыз шетелдік жұмыс күшін тартуға мүмкіндігі бар. Осы артықшылықтардың барлығы толық күйінде агроөнеркәсіп секторына да қатысты. Менің ойымша, әлемде инвесторлар үшін мұндай мүмкіндіктер ұсынатын елдер көп емес.

Екінші. Өңдеу ісін дамыту және трансұлттық компанияларды тарту. Біздің басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығы өндірісін тиімділігі жоғары, әртараптандырылған және экспортқа бағдарланған өңдеу секторына арналған база ретінде дамыту. Ет және сүт өндіру бағыты бойынша біз сапалы әрі экологиялық тұрғыдан таза өнім жеткізуші ретінде әлемдік жетекші компаниялармен стратегиялық серіктестік арқылы үш жылда ішкі және экспорттық нарықтарда елеулі орын алу міндетін алға қойып отырмыз.  

Үшінші. Ғылымды, инновацияны мамандар даярлау ісін дамыту. Саланың бәсекеге қабілеттілігі толығымен табиғи ресурстарды лайықты пайдалану технологияларының қаншалықты тиімді болатынына байланысты. Бүкіл әлемде ауыл шаруашылығы жоғары технологиялық салалар қатарына өтіп жатыр. Мәселен, өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында Бразилия, Чили, Австралия және Жаңа Зеландия сияқты елдер мемлекеттік қолдау ісін басқа арнаға бұрып, өндірушілерді тікелей субсидиялаудан ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің пайдасын көру бағытына ойысты. Мұндай саясаттың нәтижесі өнімділіктің арту қарқынының екі еселенуіне қол жеткізді. Біз бұл тәжірибені мұқият зерттеуге тиіспіз.

Бүгінде  дамыған елдерде фермерлік шаруашылықтар мониторинг, зерттеу жүргізетін және практикалық ұсынымдар әзірлейтін ғылыми-зерттеу институттарына бекітіліп берілген. Бұл фермерге өнімділікті арттырып, жаңа технологиялар енгізу үшін зор мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде біз ғылым және білім беру инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Еліміздегі үш ірі аграрлық университет бірыңғай ғылыми білім беру орталығын құру үшін біріктіріледі. Қолданбалы ғылымды дамыту, кадр даярлау және заманауи технологиялар енгізу мәселелерін шешу осы орталықтың міндеті болады. Алдағы бес жылда аграрлық сала бойынша Қазақстанда алдыңғы қатарлы өңірлік зерттеу және білім беру орталығын құру үшін үздік халықаралық серіктестерді тарту ниетіндеміз.

Мен Қазақстандағы аграрлық өндірістің дамуына нақты үлес қосып отырған барлық инвесторларға ризашылық білдіремін. Мысалы, «Филип Морис» компаниясы Алматы облысында «Агробизнес орталығын» құрды, онда фермерлер дақылдарды өсірудің, тамшылатып суғарудың, жылыжай шаруашылығының, тыңайтқыш қолданудың жаңа технологияларын үйренеді. Мұндай жобалар мемлекет тарапынан кеңінен қолдау табады. Сондай-ақ «Бейкер және Макензи» компаниясының атқарушы комитетінің мүшесі Э.Ширдің баяндамасында координатты егіншілікті дамыту жөнінде қызықты ұсыныс айтылды. Үкімет осы мәселені егжей-тегжейлі пысықтап, жүзеге асыруға кірісуі тиіс.

Төртінші. Институционалдық реформа жүргізу. Өздеріңіз білетіндей, біз ауқымды институционалдық реформаларды, соның ішінде Қазақстандағы инвестициялық ахуалды одан әрі жетілдіруге бағытталған реформалар жүргізуге кірістік. Бұл реформалар заманауи мемлекеттік аппарат қалыптастыруды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді, индустрияландыру мен шағын және орта бизнесті дамытуды, болашағы біртұтас ұлт қалыптастыруды, транспарентті және есеп беретін мемлекет құруды қарастырады.

Қазірдің өзінде  институционалдық реформаларды жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары қабылданып қойды.  Ол соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ашық әрі тиімді нарығын құру, сондай-ақ, бұрынырақта айтқанымдай, өңдеу саласына трансұлттық компанияларды белсенді түрде тарту ісін қарастырады. Ұсынылып отырған өзгерістердің тиімді жүзеге асырылуы жаңа сапалы институционалдық орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп,  Қазақстанды  инвестиция үшін бұдан да тартымды ете түседі деп сенемін.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Әлеуетті инвесторлардың бәрін Қазақстанға, соның ішінде агробизнеске инвестиция салу мүмкіндіктерін мұқият зерттеуге шақырамын. Бүгін маған жекелеген компаниялардың басшылары жолығып, жоғары халықаралық стандарттар бойынша сиыр еті өндірісін құру жөніндегі ұсыныстар айтты. Мен Үкіметке бұл ұсыныстарға қолдау көрсетіп, аталған компаниялармен келіссөздер жүргізуді тапсырдым.

Барлық инвесторларды Қазақстандағы агроөндірісті дамыту үшін инвестиция салуға шақырамын. Бұл біздің бәрімізге пайдалы болатынына сенімдімін. Инвестициялық үдерісте қажетті қаржылық инфрақұрылымның болуы маңызды рөл атқарады. Осы мақсатпен «ЭКСПО-2017» базасында халықаралық қаржы орталығын ашу қарастырылуда. Сондықтан Кеңестің келесі 29-отырысын «Астана – халықаралық қаржы орталығы» тақырыбына арнап, оны Астанада өткізуді ұсынамын.

Үкіметке кеңес жұмысын жетілдіру жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын. Өткен 18 жылда қазіргі кеңес өзінің тиімділігі жоғары екенін дәлелдеді. Бірақ бүгінде Қазақстанның алдында мүлде жаңа міндеттер тұр. Соған сәйкес біздің инвесторлармен жұмысты қалай жандандыруға болатынын қарастыруымыз керек. Отырысқа қатысып, қызықты баяндамалар, ұсыныстар мен түсіндірмелер жасағандарыңыз үшін баршаңызға тағы да алғыс айтамын. Сіздердің кеңес жұмысына көп жылдан бері көрсетіп келе жатқан қолдауларыңызды, сондай-ақ Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жетілдіруге қосқан баға жетпес үлестеріңізді жоғары бағалаймын.

Астана, 2015 жылғы 4 маусым.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің