ҰЛТТЫҚ СОТ ЖҮЙЕСІНІҢ «ҚАЗАҚСТАН-2050» СТРАТЕГИЯСЫ АЯСЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРІ
Құрметті съезд делегаттары!
Қадірлі қонақтар!
Қазақстан судьяларының 6 съезіне қош келдіңіздер.
Бұл кездесу жай ғана басқосу емес. Өздеріңізге белгілі, осыдан 1 жыл бұрын мен Қазақстан дамуының 2050 жылғы дейінгі стратегиялық бағдарламасын жарияладым. Осы бағдарламаның ең негізгі түйіні – сол кезге дейін дүниенің өркендеп өскен, ең байыған 30 мемлекетінің қатарына кіреміз деп отырмыз.
Біз меже қылған биік белестер барлық саладағы игіліктерді көздейді. Сондықтан, сот жүйесі сол елдердің сот жүйесімен бірдей болуы керек. Қазақстанның сот жүйесі алдыңғы қатарда болуы қажет. Бұл туралы мен стратегияда нақты көрсеттім. Барлық құқық қорғау органдары ішінен ең жоғары тұрғаны Жоғарғы Сот болып табылады. Жоғарғы Соттың абыройы – Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы.
Біз «Қазақстан 2050» стратегиясын темірқазық ете отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз қажет.
Егер де біз реформа жасағанда экономикада, саясатта сот жүйесін, жалпы құқық қорғау жүйесін түземесек, көздеген мақсатымызға жете алмаймыз. Біздің азаматтар сот жүйесінде барлық мәселелерді шешуі керек, өзінің құқығын қорғай алуы керек. Мемлекеттің де, менің де сот жүйесіне көп көңіл бөліп отырғаным сондықтан. Осындай үлкен жауапкершілікті баршаларыңыз түсінесіздер деп ойлаймын. Осы салада көп жұмыс істеп келе жатырсыздар. Сіздер тәуелсіздігіміздің 22 жылы барысында атқарылған шаруалардың ішіндегі басты мәселелердің шешілуіне қатыстыңыздар. Сол үшін ризашылығымды білдіргім келеді.
Құрметті съезд делегаттары мен қонақтары!
Қазақстан судьяларының алтыншы съезі жауапты тарихи сәтте өтуде. Тура бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын жарияладым. Біз Жаңа саяси бағыттың барлық векторы үшін басымдықтар мен міндеттерді айқындаудамыз.Олардың бәрі ұлы стратегиялық мақсатқа – осы уақыт ішінде әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруге бағытталған. Бұл – сот жүйесін де қамтитын барлық мемлекеттік органдардың міндеттері мен барлық жұмыстары соған сәйкестендірілген негізгі мақсат.
ХХI ғасырдағы ұлттың дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі жүйесі. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалдың да, азаматтардың әл-ауқатының жоғары деңгейінің де, қоғамның табысты дамуының да болуы мүмкін емес.
Судьялардың осының алдындағы V съезінен бері өткен төрт жылда Қазақстанның сот жүйесі «Соттардың тәуелсіздігі» өлшемі жөнінен Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық рейтингісіндегі өз көрсеткішін бірден 23 орынға күрт жақсартты. Бұл жақсы. Бірақ соған қарамастан, біз әзірше әлемде 88-орын аламыз. Демек, 30-дың қатарында болу үшін бізге тағы 60 орынға көтерілу керек. Сондықтан құқық жүйесін, әсіресе оның өзегі – сот төрелігі жүйесін реформалау жөніндегі жұмысты екі есе арттыру қажет.
Біздің құқықтық жүйенің бәсекеге қабілеттілігін оның көпшілік құқығындағы да, жеке құқықтағы да барлық негізгі салаларында арттыру – «Қазақстан – 2050» стратегиясының басты міндетінің бірі. Қазір биліктің сот тармағының беделін, тәуелсіздігін және тиімділігін арттыру жөніндегі ауқымды жұмыстардың басымдығы бар бағыттары мен нақты тетіктерін анықтау маңызды. Судьялардың алтыншы съезінің басты міндетін мен осыдан көремін.
Құрметті судьялар!
Бүгінде Қазақстан кәсіби судьялар корпусы бар заманауи сот төрелігіне ие. Елде жалпы, әкімшілік, экономикалық, қылмыстық, ювенальдық және қаржылық юрисдикциядағы 378 сот қызмет көрсетеді. Оларда қатаң біліктілік таңдауынан өткен 2214 судья жұмыс істейді. Мейлінше ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық істер алқа билердің қатысуымен қаралады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында тұтқындауды сот санкциясымен жүзеге асыру институты енгізіліп, табысты жүргізілуде.
Қазақстанда жасалған сот реформасы сот төрелігі жүйесін азаматтар талаптары мен мүдделеріне жақындатты, істерді сотта қараудың сапасын айтарлықтай арттырды. Қазақстандықтардың соттарға деген сенімі арта түсті. Мұны, біріншіден, сот тәртібімен қаралатын істердің саны артқаны көрсетеді. Бұл көрсеткіш 2000 жылдан бері жылына 1 миллионнан асып түседі. Екіншіден, Қазақстанның сот жүйесіндегі сапалық өзгерістерді БҰҰ қолдауымен өткізіліп келе жатқан әлеуметтік зерттеулер де дәлелдеп отыр.
Судьялардың тәуелсіздігін арттыру үшін олардың тәртіптік жауапкершілігін қарау жөніндегі өкілеттіктер тек қана Сот Қазыларына берілді. Бұл судьяларға кез келген түрдегі қысым жасаудың ықтималдығын азайтып, соттардың тәуелсіздігін нығайтты. Соңғы төрт жылда тәртіптік жауапкершілікке тартылған және ұнамсыз себеп бойынша лауазымнан босатылған судьялар 4 есе дерлік азайды.
Кері қайтарылған және өзгертілген сот шешімдерінің жыл сайынғы көрсеткіші 2009 жылдан бері, орташа алғанда, барлық қабылданған шешімнің сәйкесінше 0,5 және 0,9 пайызы деңгейінде тұрақтана түсті. Бұл да біздің елдегі сот төрелігін жүзеге асырудың әділеттілік деңгейі артқанын көрсетеді. Ұлттық сот жүйесі әлдеқайда жауапты және жедел сипат алды. Бұған облыстық соттар рөлін арттыру мен істі бірінші инстанциядағы соттарға қайтару тәжірибесінен бас тарту шаралары септігін тигізді. Соттарды мамандандыру жұмыстары жалғасуда.
Қазақстандық сот төрелігінің барлық құрылымының қызметі мейлінше ашық бола түсті. Қазір соттардың шешімдерімен электрондық режімде – Жоғарғы Сот пен жергілікті сот инстанциялары сайтында танысуға болады. Менің тапсырмам бойынша 2010 жылы соттар өздеріне тән емес функциялардан босатылды. Сот актілерін орындау әділет органдарына берілді, ал Жоғарғы Сот жанынан дербес департамент құрылды. Соттар аппараттары судьялардың қызметін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстанда соттан тыс делдалдың көмегімен бітістіру процесі - медиация институты құрылды. Бұл екі жақ та келісетін шешім қабылдануы мүмкін істерді қараудан соттарды біртіндеп босату үшін алғышарт жасайды. Бұл институтты дамытып, әлемдік деңгейге жеткізу қажет.
Сот жүйесінің тиімділігін арттыру мемлекеттің және менің әрдайым қамқорлығымда болды. Республикалық бюджеттің соттар қызметін қамтамасыз ету шығыстары 2006 жылдан бастап 2,6 есеге – 11,2 миллиард теңгеден биылғы жылы 30 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Біз сот жүйесінің материалдық базасын едәуір нығайттық. Барлық соттар техникалық жабдықталған және әділ төрелікті атқарудың заманауи стандарттарына сай ғимараттарда орналасуда және бұл жұмыстар жалғасатын болады. Астана қаласы, Алматы және Қостанай облыстарының соттарына арналған жаңа ғимараттардың құрылыстары аяқталып қалды. Өткен төрт жылдың өзінде ғана қазақстандық Фемида қызметшілерінің жалақылары 60 пайызға өсті. Барлық деңгейдегі судьялардың еңбекақысы біздің өңірде ең жоғары болып саналады.
Судьялардың халықаралық қауымдастығының Қазақстан судьялар одағын толыққанды мүшелікке қабылдауы біздің сот жүйесін реформалауда жеткен жетістіктеріміздің мойындалуының белгісі. Бұл – біздің сот жүйеміздің қызметін мойындау және отандық сот төрелігін халықаралық сот қоғамдастығына кіріктіру ісіндегі маңызды қадам. Жалпы, қазақстандық Фемида біртұтас мемлекеттік биліктің толысқан, жауапты және пәрменді тармағына айналды. Барлық деңгейдегі судьялардың орасан еңбегін мен осыдан көремін! Мен сіздердің Заң алдындағы қызметтеріңізге, сот мантиясы мәртебесіне адалдықтарыңызға, елімізде әділдік пен құқық тәртібі салтанат құруы үшін атқарып жүрген күнделікті лайықты еңбектеріңізге ризамын.
Құрметті форумға қатысушылар!
Сот-құқық кеңістігін жаңғырту еліміздің «Қазақстан-2050» Стратегиясында айқындалған үдемелі дамуының ажырамас бөлігі болуы тиіс.
Уақыт өте келе экономикада айтарлықтай өзгерістер болды. Атап айтсақ, елімізде нарықтық қатынастар жұмыс істейді, жаңа қаржылық жүйе орнықты, жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы өзара қатынастар өзгеріске ұшырады. Сондықтан, біз судьялардың біліктілігі туралы айтқанда, олар осы мәселелердің бәрінің байыбына барғаны жөн. Өйткені, экономикалық және саяси өмірде болған нәрсенің бәрі заңдарға бағынады.
Бүгінгі таңда, ең алдымен, сот төрелігі жүйесінің даму әлеуетін көру, ондағы проблемаларға сын көзбен қарап, дер кезінде шешу маңызды.
Біріншіден, Қазақстандағы сот өндірісі әзірге негізсіз ұзақ және формальды сипатқа ие. Сондықтан сот төрелігін атқару тәртібі мен ережелері біртіндеп жаңғыртуды қажет етеді. Сот өндірісінде ақпараттық технологиялардың пайдаланылуы әзірге жеткіліксіз. Сіздердің бұқаралық ақпарат құралдарымен арада туындайтын проблемаларыңыздың себебі соттар мен олардың жұмыскерлері өз қызметтері мен қабылданатын шешімдер туралы нашар хабарландыратындығында.
Екіншіден, соттардың мамандануын дамыту бөлігінде біз әлі жолдың басында тұрмыз. Тергеу судьялары институтын енгізу сотқа дейінгі өндірісті бақылаудағы соттардың рөлін арттырады. Жаңа кодекстерде – Қылмыстық іс-жүргізу және өзге кодекстерде біз бұл мәселені шешеміз. Оған қоса, сот санкция беретін тергеу әрекеттерінің аясы кеңиді. Қазір сондай-ақ алқа билер сотының қызметінде белсенді практикалық тәжірибе жинау да маңызды.
Үшіншіден, судьяларға түсетін жүктеменің өсуі мәселесін шешу маңызды. Бірінші инстанциядағы соттарда ол соңғы 4 жылда бір судьяға айына орташа алғанда 38-ден 56 іске дейін өскен. Кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш одан да жоғары. Мен мұны білемін және 2014 жылы республикалық бюджетте судьялар санын 450 адамға ұлғайтуды қарастыруға тапсырма берілді, бұл 25 пайыздық өсім, сондай-ақ қосымша 450 персонал және 60 сот приставы. Нәтижесінде судьялар корпусының құрамы және сот аппараттары 960 адамға ұлғаятын болады. Мен осы мәселе бойынша Үкімет пен Жоғарғы сотқа нақты ұсыныстар енгізуді тапсырдым.
Төртіншіден, қазақстандық сот жүйесі әлі де болса соттар қателігі, заңдылық мен судья этикасын бұзу фактілерімен беттесуде. Бұларды жұртшылық ауыр қабылдайды, жалпы сот жүйесін жағымсыз бағалауға себепші болады. Жекелеген судьялар дауларды қарауды созу арқылы бюрократия мен соттағы әуре-сарсаңға өздері жол береді. Сот жүйесіндегі кадр саясаты әзірге мінсіз емес. Соттарға қолы таза емес тұлғалардың енуін болдырмайтын кедергілер жеткіліксіз.
Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2-3 судья жемқорлық қылмысы үшін сотталады. 39 судья тәртіптік жауапкершілікке тартылса, соның 8-і лауазымдарынан босатылған. Жалпы, облыстық деңгейде тіпті заң бұзған судьяларды қорғау фактілері де кездеседі. Мен судьяларды қорғау қажеттігін түсінемін, бірақ біз өз қатарымызды тазартып, әріптестерімізге қатаң болуымыз қажет. Жалпы, сот жүйесінде лайықты шешуді талап ететін мәселелер аз емес.
Құрметті судьялар!
Біздің Стратегия – 2050 ауқымды жаңа мақсат қана қойып отырған жоқ. Ол Қазақстанның таяу онжылдықтағы экономикалық және әлеуметтік қатынастары динамикасының үдемелі қарқынын көздейді. Бұл ұлттық сот жүйесінің құқық тәртібін қамтамасыз етудегі, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтудағы, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырудағы рөлі мен жауапкершілігін арттыратыны сөзсіз. Қазақстандық Фемида экономикада алдағы кезеңде болатын үлкен өзгерістерге толық дайын болуы керек.
Қазақстандық сот қоғамдастығы уақыттың кез келген сын-қатерінен биікте болуы тиіс. Ол қазірдің өзінде жаһандық юриспруденцияда болып жатқан және болашақта болатын сот-құқық инновацияларына ашық әрі қабілетті болуы тиіс. Ұлттық сот жүйесі тек Заң сөзі мен рухын басшылыққа алып, кәсібилігін көтеріп, дамып әрі өзін өзі жетілдіре отырып қана 2050 стратегиясын жүзеге асырудың құқықтық базасының орнықтылығын сенімді қамтамасыз ете алады.
Ұлттық сот өндірісін дамытудың маңызды бағыттарын біз 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасында айқындадық. Бірақ бүгін одан да әрі, болашаққа қарау маңызды. Жаһандық құқықтық кеңістік қалай эволюцияланатынын қаперге алу қажет. Ұлттық сот жүйесінің даму перспективасын нақ осы көзқарас тұрғысынан дәл анықтаған жөн. Осыған байланысты сіздермен қазақстандық Фемиданың басты басымдықтарына қатысты көзқарастарыммен бөліскім келеді.
Бірінші. Соттар қызметінің заңнамалық және іс жүргізу нормаларын жүйелі түрде жетілдіру маңызды. Жаңа қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық-атқарушылық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің жобалары қазірдің өзінде дайындалып қойды. Олар ұзақ әрі тыңғылықты дайындалды, оны барлығы, мен де қарадым. Онда соттардың жаңа құзыреті, оның ішінде сот жүргізудің жеңілдетілген жаңа тәртібі қарастырылған. Сот бақылауы мен сот тексеруі барысындағы судьялар өкілдіктерінің аясы кеңеюде. Әрине, ізгілендіру жүріп жатыр, бірақ ол мақсат емес, ең бастысы біз босаңсып кетпеуіміз керек. Тиянақты қарау керек. Бұл кодекстердің тезірек қабылдануы мен жүзеге асуы қылмыстық сот төрелігінің сапасы мен жеделдігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сондай-ақ, азаматтық сот ісін жүргізуді жаңғырту керек. Үкіметке Жоғарғы Сотпен бірлесіп жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасын әзірлеуді тапсырамын. Азаматтық істерді қарау тәртібі процестің тараптары үшін ыңғайлы және тез, оларды бітістіруге және заманауи технологияны кең қолдануға бағытталған болуға тиіс. Сот шешімдерін қайта қарауды талап ететін жағдайларды айырып, шектейтін заңмен негізделген методологияны әзірлеп, енгізген жөн. Барлық соттар жаңа заңнама жағдайындағы жұмысқа дайын болуға, істі жедел, заңды және әділ қарауды қамтамасыз етуге тиіс. Бұл үшін судьялар сияқты соттар төрағалары да жеке жауапкершілік алуға тиіс.
Екінші. Сот құрылымын әрі қарай жетілдіру керек. Осы жерде тиімді әкімшілік әділет жүйесін құру мәселесі қойылып отыр. 2020 жылға дейінгі құқықтық реформа тұжырымдамасында мұндай міндет белгіленген.Әкімшілік әділет жүйесі бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысын жақсарту үшін жасалып жатқан әкімшілік реформаның бір бөлігі болуға тиіс. Бұл әкімшілік әділет жүйесін асықпай, біртіндеп енгізу қажет. Біздің құқықтық мәдениетімізді ескере отырып, бұл мәселеде өзге елдердің тәжірибесін зерттеу керек. Оны апробация тәртібімен енгізетін боламыз. Сот билігінің осы маңызды бөлігінің құзыретінде азаматтар мен мемлекет арасында туындаған дауларды шешу мәселелері болуға тиіс. Мұндай қадам селқос шенеуніктердің өктемдік көрсету фактілерінен азаматтардың құқын қорғау жүйесін нығайтады. Бұл жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі істер жалпы құзыреті бар соттарға жіберілуі мүмкін. Жоғарғы Соттың қадағалауы тәртібімен қарауға жататын сот істерін шектеуді заңмен бекіту керек.
Үшінші. Қазақстанның құқық жүйесін дамытудың ауқымды әлеуеті әсіресе әлеуметтік саладағы даулар мен қақтығыстарды шешудің баламалық жолдарын енгізуде жатыр. Медиация туралы заңнаманың жетілмегендігі біздің еліміздегі даулы жағдайларды реттейтін соттық емес институттардың дамуын тежеп отыр. Биылғы жылы барлық істің 1 пайызы ғана медиация тетіктерінің пайдаланылуымен қаралды. Медиация туралы отандық заңнаманы халықаралық стандарттармен сәйкестендіру керек. Бұл Қазақстанның сот жүйесіне оң ықпал етеді, соттардың жүгін жеңілдетуге септігін тигізетін болады. Сонымен қатар іскерлік белсенділікті арттыруға, елде қолайлы ивестициялық ахуал орнатуға әсер етеді.
Елдегі инвестициялық ахуал туралы мен құқық қорғау органдарымен барлық кездесулерде үнемі айтамын. Кез келген ел секілді Қазақстанға да сыртқы және ішкі инвестиция қажет. Біз түрлі тексерулермен және әрқилы кедергілермен бизнесті шектемеуіміз керек. Қарастырылып жатқан кодекстерде экономикалық қылмыстар үшін қаржылық санкциялар қолдану, сол арқылы экономикалық құқықбұзушылық есебінен елдің түрме тұрғындары санын ұлғайтпау көзделуде. Бұл ретте сотқа дейінгі шешу үлкен маңызға ие.
Төртіншіден. Сот төрелігіне азаматтардың қалың тобы қол жеткізуін қамтамасыз ету маңызды. Соттың іс қарауы хаттамасын толық және сапалы қамтамасыз ететін тетік ретінде сот үдерістерінің электронды тіркелімін жаппай енгізген жөн. Бірінші инстанциядағы барлық соттарды бейнеконференция байланысымен қамтамасыз ету қажет, бұл сот төрелігін қашықтан жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сотқа жүгінген адамдар өздерінің құқығын қорғауда аумақтық тұрғыдағы және ұйымдастырылған кедергілерге тап болуға тиіс емес.
Істі сотта тараптардың таңдауы бойынша қараудың баламасы аясын кеңейтіп, сотқа өтініш білдірудің кез келген формальды талабын жою маңызды. Бұл әсіресе тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарына, соның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты істі қарау кезінде өзекті. Заңнамада ескерілмеген тұстарды пайдаланып, қандайда бір формальды желеумен өтінішті қабылдаудан бас тартуға соттардың құқы жоқ. Судьялар – барлық мемлекеттік қызметші тәрізді халық қызметшілері. Олардың тікелей міндетіне азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі барлық мүмкін болатын шараларды қабылдау жатады.
Бесінші. Қазақстан судьялар корпусының кәсібилігін арттыру маңызды. Ешкімнің де қателік жібермейтініне кепілдік жоқ екені сөзсіз. Бірақ судьялар жұмысындағы қателіктер барша қоғам үшін және әрбір адам үшін қымбатқа түседі. Судьяларға Заң атынан әділеттілік үшін әрекет ету сеніп тапсырылған, бұл оларға екі есе жауапкершілік жүктейді. Бұл міндеттің шешімі ең алдымен сот құрылымы жүйесін жаңғыртуды қажет етеді.
Сондай-ақ, судьялар қызметі үшін әлеуметтік және материалдық жағдайды жақсарту, бірақ бір мезгілде олардың жұмысының сапасына талапты күшейту жөніндегі жұмысты жалғастырған жөн. Соттар мен судьялардың табысты қызметтері үшін барлық қажеттілікпен қамтамасыз етілуін жақсарту қажет. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігері арқылы қоғамда сот билігіне қатысты жағымды және ілтипатты көзқарас қалыптастырған жөн.
Баяндама жасағандар өз сөздерінде судьяларға қысымның бар екенін атап өтті, мұның түрлі себептерге байланысты болып отырғанын мен білемін. Бірде мен қандайда бір буынның басшысы немесе орынбасары айыпты болып қалса, онда бірінші басшы да оған жауапты болады деген едім. Осыны желеу етіп, облыстық судьяға «жол» табу үшін аудандық судьяны пайдалана бастады. Бұл дұрыс емес. Егер кінәсі болса, әркімнің ісі жеке қаралуға тиіс және ол үшін ешкімді босатпаймыз немесе қандайда бір жазаға тартпаймыз.
Ұлттық сот жүйесі қоғамдағы тұрақтылықтың, құқық үстемдігінің, қоғам мен мемлекет мүдделерін мүлтіксіз сақтаудың, қазақстандықтардың құқығы мен бостандықтарын қорғаудың сенімді кепіліне айналуға тиіс. Қазақстан судьялары қауымдастығының халыққа қызмет етуінің зор маңызы осыған саяды. «Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асырудың күрделі жұмысындағы Қазақстан судьяларының басты борышы – осы. Мен Қазақстанның екі мыңнан астам судьялар корпусы Отанымызды жаңарту және нығайту жөніндегі біздің ұлы мақсаттарымызды іске асыруға лайықты үлес қосатынына сенімдімін.
Құрметті съезге қатысушылар!
Қазақта «билік айту оңай, біліп айту қиын» деген сөз бар. Әділ қазылық ету – кез-келген судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би адал, әділ болуы керек. Қазы – халықтың ожданы. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Айыпкер заң бұзғанға зауал бар екенін түсінеді.
Біз Мәңгілік Ел боламыз деп, кемел мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел, әрі толық орындалуы – кез-келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру керек. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Ал, судьялар, сіздерден әрқашан жоғары біліктілік пен әділдік, адалдық талап етіледі.
Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз – дәл сондай қоғам құру. «Қазақстан – 2050» стратегиясының басты межелерінің бірі – осы. Ендеше, міндеттеріңіз айқын, бағыттарыңыз белгілі. Өздеріңізге артылған үмітті ақтап, адал жұмыс істейтіндеріңізге сенемін. Сіздерге әділ төрелік пен адал қызмет серік болсын. Табыс тілеймін!
Назарларыңызға рахмет.
Астана, 20 қараша, 2013 жыл.