Ядросыз әлем – Қазақстанның жаһандық миссиясы
Құрметті қонақтар!
Қымбатты форумға қатысушылар!
Бүгінгі алқалы жиынға 70-тен астам мемлекеттен парламент басшылары мен депутаттары, үкімет мүшелері, белді халықаралық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, танымал саясаткерлер мен ғалымдар келіп отыр.
Осыншама танымал тұлғалардың Астана төрінде бас қосуы – бүгінгі форумда көтерілетін мәселе: «Адамзатты ядролық қарудың алапат қаупінен құтқарудың» мейлінше өзектілігін көрсетеді.
Биыл наурыз айында Сеулде ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші жаһандық саммит өткені белгілі.
Бүгінгі халықаралық конференция көктемгі саммитте талқыланған маңызды міндеттерді жүзеге асыру жөніндегі Қазақстанның жаңа қадамы.
Адамзат баласын ядролық қауіптен құтқаруға шешуші үлес қосатын жаһандық деңгейдегі антиядролық қозғалыс құру біздің парызымыз.
Қымбатты достар!
Бүгін әлем Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін үшінші рет атап өтуде.
Оны өз аумағындағы ядролық сынақ полигонын тарихта бірінші болып жапқан Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ тағайындаған болатын.
Осыдан тура 21 жыл бұрын біздің еліміздің халқының ерік-жігерімен жүзеге асырылған осы тарихи актінің орасан зор өркениеттік маңызы бар.
Мен басты үш жайтты бөліп көрсеткім келеді.
Бірінші. Қазақстан үшін бұл шынайы егемендік пен Тәуелсіздікке қарай жасалған шешуші қадам болды.
Қазақстан халқы үшін ядролық қару мен радиация тым беймәлім нәрсе емес еді.
Олар қырық жылдан астам уақыт бойы біздің жерімізді азапқа салған қатыгез де мізбақпас зұлымдық болатын.
Біздің еліміздің аумағында атмосфералық, жер үстілік және жер астылық әскери және «бейбітшілік мақсатында» делінген барлығы 500-дей сынақтар өткізілді.
Бұл – ядролық қару пайда болғаннан бері әлемде жүзеге асырылған барлық сынақтардың тең жартысы.
Радиация айналадағы тіршілік атаулыны бірте-бірте жоя отырып, күн сайын кең байтақ даламызды, өзендеріміз бен көлдерімізді улаумен болды.
Ядролық алапат полигон маңында тұратын бір жарым миллионнан астам қазақстандықтардың тағдырын тәлкекке салып, денсаулықтарынан айырды.
Ядролық сынақтардың зардабы күні бүгінге дейін сезілуде.
Ядролық сынақтарға қарсы бастамаларымды халықтық қозғалыстың кеңінен қолдауы халық мүддесін қорғауда маған сенім мен күш берді.
Кеңес басшылығы мен әскери-өнеркәсіп кешенінің қасарысқан қарсылығына қарамастан мен полигонды жабу туралы Жарлыққа қол қойдым.
Екінші. 29 тамыз күні күллі Орта Азияға ядролық қарудан азат аймақ мәртебесін берудің басталған күні болып табылады.
Қазақстан кеңестік әскери арсеналдан мұра болып қалған әлемдегі 4-ші ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартты.
Бұл жер шарының кез келген нүктесіне жететін бір мың екі жүз ядролық оқтұмсығы бар 110-нан астам баллистикалық ракетаны құрайтын.
Сол кезде де айтылған, қазір де Қазақстанның бұл ерлікке пара-пар қадамының маңызын төмендетпек болған пікірлер естіліп қалады.
Мысалы, кейбіреулер Қазақстан атом арсеналын ұстауға мүмкіндігі болмағандықтан бас тартты дегенді айтады.
Айта кетейін, Қазақстан уранның қоры жөнінен әлемде екінші орында, ал өндіру бойынша бірінші орында тұр.
Біздің еліміздің экономикалық әлеуеті кейбір «табалдырықта» тұрған елдердің ІЖӨ-ге тең немесе артық.
КСРО тарағаннан кейін бізде әскери ядролық бағдарламаларды жүргізетін мамандар да, қажетті инфрақұрылым да болды.
Сондықтан да екі онжылдық бұрын Қазақстан сияқты жаңа ядролық державаның пайда болуы тек саяси ерік-жігер мен уақыттың мәселесі еді.
Алайда біз саяси ерік-жігерімізді басқа мәселеде таныттық – «ядролық клубқа» мүше болудан қағидатты түрде және үзілді-кесілді бас тарттық.
АҚШ-пен және Ресеймен бірлесе отырып оқтұмсықтар мен жарылғыштар залалсыздандырылды.
2006 жылдың қыркүйегінде біз аймақтағы басқа елдермен бірге Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялаған Семей келісіміне қол қойдық.
Үшінші. Семей полигонының жабылуына байланысты ядролық қаруды таратпаудың және қарусызданудың жаһандық үдерісінің жаңа кезеңі басталды.
1991 жылдың 29 тамызына дейін ядролық қауіпсіздік саласында негізінен шектеу шаралары қолданылып келді.
Қазақстан бірінші болып ядролық сынақтарға толық және сөзсіз тыйым салу актісін, осыған орай «ақырет күнінің» қаруын жетілдіруді тоқтатуды жүзеге асырды.
БҰҰ-ның шешімі бойынша осыдан 16 жыл бұрын ядролық сынақтарды тыю туралы келісімге қол қоюға жол ашылды.
Оған Қазақстан ең алғашқылардың бірі болып қол қойды.
Келісімге қазірдің өзінде 183 мемлекет қосылып, 157-сі оны ратификациялады.
«Ядролық клубтың» барлық елдері сынақтарға жарияланған мораторийді сақтап отыр.
Семей полигоны жабылғаннан кейін Невададағы, Жаңа Жердегі, Лоб-Нордағы және Муруродағы аса ірі полигондар үнсіз қалды.
Сондықтан да 29 тамыз бүкіл әлем үшін ядролық ақырзаманның қауіпін кейінге ысырған белдеу болып табылады.
Жылдар және онжылдықтар өткен сайын осы күннің ерекше маңыздылығын барлық әлемдік қоғамдастықтың сезінуі арта беретініне сенімдімін.
Ханымдар мен мырзалар!
65 жылдан бері британдық «Атомшы-ғалымдар бюллетені» журналы жаһандық ядролық қауіпсіздік деңгейін «ақырет күнінің» символдық сағатымен өлшеп келеді.
Үстіміздегі жылдың басында оның тілі ықтимал ядролық апат мерзіміне қарай бір минутке жылжытылды.
Бұлай бағалау неге байланысты болып отыр?
Сөз жоқ, мамандар Сеулде өткен жаһандық саммитке қатысушылардың назарын осы саладағы қордаланған проблемаларға аударғылары келді.
Шынында да, бүгінгі таңда біз жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту үдерісі динамикасының төмендегенін байқап отырмыз.
Осы тақырыпқа байланысты саммиттердің жиі өткізіліп отырғанына қарамастан жағдай осылай болып отыр.
Біріншіден, әзірше ядролық қаруды таратпау режімінің жан-жақтылығына қол жеткізілген жоқ.
«Жаңа» ядролық және кейбір «табалдырықтағы» елдер тиісті келісімнен шет қалып отыр.
Екіншіден, екі жыл бұрын АҚШ пен Ресей арасында стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту үдерісін жандандырған Париж келісіміне қол қойылды.
Алайда, бұл қадам ресми «ядролық клубтың» қалған елдеріне үлгі болған жоқ.
Үшіншіден, ядролық сынақтарға жаппай тиым салу туралы келісім күшіне ене алмауда.
Бұған «табалдырық» тобына жататын бірнеше елдің ғана қолы жетпей тұр.
Төртіншіден, ядролық энергетиканың ұлттық бағдарламаларының дамуын жаһандық бақылау мәселесі реттелмеген.
Нақты норманың болмауы іс жүзінде атомды бейбіт мақсатқа пайдалануға ұмтылушы кез келген мемлекетті «ядролық амбицияға» ұрынып отыр, немесе тіпті «ядролық терроризмге қолдау» көрсетіп отыр деген күдікке душар етеді.
Осы көпе-кернеу әділетсіздік ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуға кедергі келтіреді, ядролық қауіпсіздік саласында сенімсіздік туғызады.
Енді 2014 жылға жоспарланған Ядролық материалдарды физикалық қорғау туралы Конвенцияға түзетулер күшіне енбей қала ма деген қауіп бар.
Оған бірқатар елдердің оларды ратификациялауға асықпауы себеп болып отыр.
Бесіншіден, өткен жылы Фукусима АЭС-інде болған апат бүкіл әлемге бейбіт атом нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету технологиясының артта қалу проблемасын айғақтап берді.
Ядролық қауіпсіздіктің жаһандық жүйесін қалыптастыру үдерісінің бәсеңсуіне себеп болып отырған мәселелердің бірқатары осындай.
Бірақ бұлардың бәрі ең әуелі себептер емес, салдарлар.
Бұл проблемалардың көздері тереңде жатыр.
Жаһандық ядролық қауіпсіздіктің ағымдағы ахуалына көп ретте өткен ғасырлардан мұра болып қалған әлемдік саясаттағы кедергілер қатты әсер етуде.
Бұл – топтық ойлау үдерісінің, елдер арасындағы қатынастарда сенім мен ашықтықтың жетіспеушілігінің, жекелеген мемлекеттердің жауапкершілігінің төмендігінің салқыны.
Көп тарапты бейбітшілікті қалыптастырудың шынайы бағытындағы берекесіздік жағдайды қиындатып отыр.
Әскери атомның есірігі кейбір саясаткерлер мен әскерилерді желіктіруін әлі де қояр емес.
Әлемде көп тарапты бейбітшілікті ең алдымен бірқатар ядролық күштер орталықтарының жиынтығы деп тар шеңберде қарайтын күштер бар.
Болашақ өмірде «ядролық зонт» экзотикасына орын болмауы тиіс деген сенімдемін.
Мемлекетаралық қарым-қатынастың басқа проблемаларын ядролық қауіпсіздік мәселелері арқылы шешуді адамгершілікке жатпайды деп есептеймін.
Сонымен бірге, ХХІ ғасырды ядролық энергетикасыз елестету де мүмкін емес.
Мамандардың пікірі бойынша, 2035 жылға қарай әлем экономикасының энергияны қажет етуі екі есеге ұлғаяды. Қазіргі таңда планетада 2 миллиардқа жуық адам электр қуатын мүлде пайдалана алмайды.
Көптеген елдер үшін кедейшілік, жұмыссыздық проблемаларын, азық-түлік жетіспеушілігін шешу мәселесі атом энергетикасын бейбіт жолмен, соның ішінде БҰҰ мен МАГАТЭ-нің қатаң бақылауы арқасында жүргізумен байланысты болып отыр.
Сондықтан біздің қарусыз әлем туралы мәселе қоюымыздың радиофобиямен немесе бөлшектенген ядроның қуатын алу құпиясын мәңгілік «ұмыту» секілді утопиялық тілекпен ешқандай байланысы жоқ.
Ядросыз әлем бұл – ядролық энергияны әскери мақсатта пайдалануға толық тыйым салу деген сөз.
Менің Жалпыға ортақ Ядросыз әлем декларациясын талдап, қабылдау жөніндегі ұсынысымның мәні де осында.
Мен осы идеяның тұрақты жақтаушысы болдым және солай болып қала беремін.
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Саяси реализм тұрғысынан алғанда жаһандық ядролық қауіпсіздіктің түйінді проблемаларын шешу қазіргі заманғы әлемдік тәртіпті трансформациялаудың ортақ үдерісінен ажырағысыз екенін мойындау қажет.
Таяуда, Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзімде, мен G-GLOBAL пішіні мен қағидаттарында жаңа әлем құрылымын қалыптастыруға шақырдым.
Адамзаттың ядролық өзін-өзі құрту үрейінен арылуы оның ең маңызды сипаты болуы тиіс.
Ұсынылған G-GLOBAL-дың бес қағидаты негізінде жаһандық ядролық қауіпсіздік саласында серпінді алға басу мүмкін екеніне сенімім мол.
Бірінші. Барлық ядролық мемлекеттердің қатысуымен, БҰҰ қолдауымен әзірленген және қабылданған Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты жаппай қысқартудың қадамды жоспары қажет.
Бірінші кезекте ядролық сынақтарға тыйым салатын келісім-шарттың күшіне енуіне қол жеткізу маңызды.
Әлемдік қоғамдастық «ядролық клубтың» барлық мүшелерінің өздерінің атомдық әскери арсеналдарын қысқарту жөнінде міндеттемелер қабылдауына қол жеткізуге құқылы деп есептеймін.
Бәрі және бірден емес, біртіндеп.
Мысалы, ескірген ядролық зарядтар мен оларды жеткізетін құралдарды жаңғыртудан бас тарту және қолданудан алу тәжірибесіне көшуге болады.
Әрине, ол екі жетекші ядролық держава – АҚШ пен Ресейдің қарусыздану үдерісімен қоса қабат жүруі тиіс.
Одан әрі, болашақта «ядролық зонттарды» тоқтату жөніндегі шараларды біз нақты қадам ретінде түсінеміз.
Әңгіме ядролық қаруды орналастыру мен сақтауды оларға ие мемлекеттердің ұлттық аумақтары шеңберінде ғана шектеу жөнінде болып отыр.
Екінші. Барлық өңірлік ядросыз аймақтарға қатысушылар үшін берік халықаралық қауіпсіздік кепілдіктері болуының маңызы зор.
Қағидатты түрде соғыстық ядролық бағдарламадан бас тартқан мемлекеттерді ынталандыру тетіктерін қалыптастыру қажет.
Тек осы негізде ғана жекелеген елдерде ядролық энергетиканы дамыту перспективаларына байланысты проблеманы әділ шешу мүмкін болмақ.
Бүгінгі күннің өзінде 30 мемлекет ядролық қауіпсіздік саласында ұлттық міндеттемелер қабылдады.
Халықаралық антиядролық құқық пен практикалық саясатта ешқандай «қосарлы стандарттар» мен жеңілдіктер болмауы тиіс.
Үшінші. Осы үдеріске қатысушылардың барлығы үшін айқын сенімділік тетіктері болмайынша, ядролық қарусыздану мен ядросыз әлем туралы айту көкейге қонымсыз болар еді.
Сенімділік қағидаты – ол бой тартудың, соның ішінде ядролық қарудан бой тартудың әскери тұжырымдамаларына ойластырылған балама болмақ.
Бір айдан кейін біз Азиядағы өзара сенім мен іс-шаралар жөніндегі кеңес туралы қазақстандық бастаманың көтерілгенінің 20 жылдығын атап өтеміз.
Бүгінде АӨСШК – ол өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің дамып келе жатқан перспективалы құрылымы.
Оған бүкіл әлем халқының тең жартысы тұратын бүкіл әлемдік өнімнің үштен бірінен астамы өндірілетін 27 мемлекет қатысады.
АӨСШК-нің табысты дамуы ХХІ ғасырда мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарда туындайтын кез келген мәселені тек сенімділік негізінде ғана сындарлы шешуге болатындығын көрсетеді.
Ядролық қауіпсіздіктің жаһандық жүйесі АӨСШК, ЕҚЫҰ, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы және басқа да өңірлік бірлестіктердің әлеуетін толық іске қосуы тиіс.
Тиісінше, олардың «қоржындарын» ядросыз әлем құру проблемасымен кеңейтудің маңызы зор.
G-GLOBAL идеясын ұсына отырып, мен жаһандық толеранттылықты жаңа әлем құрылысының іргелі қағидаттарының бірі ретінде ұсындым.
Өкінішке қарай, әлемдік тәжірибеде қандай да бір діннің күшін ядролық қару қуатымен «нығайтуға» деген жалған тұжырымдар әлі де байқалуда.
Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанның кейбір «тілектестердің» кеңестерінен және бірінші мұсылмандық ядролық держава болудың күмәнді абыройынан батыл түрде бас тартқанын еске сала кетпекпін.
Ядролық қару – адамзат үшін өз-өзіне ажал шақыру.
Ал суицидті тікелей Жаратушы алдындағы асылық ретінде әлемнің бүкіл діндері айыптайды.
Осы тұрғыдан алғанда әскери ядролық қуатқа ие болуға ұмтылу – ол барып тұрған күпірлік.
Ядросыз әлем – ол адамзат ұмтылуға тиіс біздің ортақ мақсатымыз.
Тек бірлесе қимылдағанда ғана біз өз әлемімізді қауіпсіз және жақсырақ ете аламыз.
Жаһандық қоғамдастықты оған түбегейлі және түпкілікті тыйым салу жөнінде неғұрлым батыл іс-қимылдарға итермелеу үшін біздің ядролық сынақтардың қайғылы зардаптарын тағы да әлемнің есіне салуға мүмкіндігіміз бар.
Дәл осы мақсат үшін Қазақстан бүгінде халықаралық «АТОМ» жобасын іске қосып отыр.
Жобаның атауы ағылшын тіліндегі – Эболиш Тестинг. Ауэ Мишн («Abolish Testing. Our Mission») – төрт сөздің бірінші әріптерінен тұрып, «Сынақтарды Жою – Біздің Миссиямыз» дегенді білдіреді.
Жоба шеңберінде жер бетіндегі ядролық қаруға қарсы кез келген адам әлем үкіметтерін ядролық сынақтардан біржола бас тартуға шақырған онлайн-петицияға қол қойып, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісім-шарттың тезірек күшіне енуіне қол жеткізе алады.
Мен конференцияға қатысушыларды және барлық ізгі ниетті адамдарды «АТОМ» жобасын қолдауға және ядролық қарусыз әлем құруды біздің ең маңызды мақсатымызға айналдыруға шақырамын.
Төртінші. Мен жаһандық транспаренттілікті ұлттардың болашақ ядросыз қоғамдастығының негіздерінің бірі деп білемін.
Қазақстан өзінің антиядролық тәжірибесімен ядролық қарусыздану мен таратпау мәселелеріндегі ашықтық күшін бүкіл әлемге паш етті.
Таяуда транспарентті негізде біз пайдаланылған 210 тонна ядролық отынды қауіпсіз орынға тасымалдау жобасын жүзеге асырдық.
Қазақстандық реакторларды төмен байытылған отынға ауыстыру жөніндегі жұмыстар да мөлдірлікпен жалғасуда.
МАГАТЭ-мен бірлесіп табиғи уранды есепке алудың, бақылау мен физикалық қорғаудың автоматтандырылған айрықша жүйесі құрылуда.
Қазақстанның біздің елімізде Халықаралық ядролық отын банкін орналастыру туралы МАГАТЭ-ге өтінішін жүзеге асыру жөніндегі жұмыс нақты сипатқа ие болды.
Осының бәрі ядролық қарудан біржола бас тартқан біздің еліміз үшін сөзсіз тиімділіктер мысалы.
Сонымен бір мезгілде ол өзге мемлекеттер үшін де үлгі.
Бесінші. Ядросыз әлемге қарай қадам басу – ол сындарлы көп тараптылыққа жол.
Көптеген елдердің бұрынғы Семей полигонын «бейбітшілік аумағына» айналдыру жөніндегі жұмыстарға атсалысуы адамзаттың қауіпсіздік жолындағы ынтымақтастықтағы оң ұстанымын бейнелейді.
Осы мәселедегі Қазақстанның, АҚШ пен Ресейдің арасындағы өзара іс-қимылдарының жоғары деңгейі Сеулдегі Жаһандық саммит күндерінде қабылданған үш ел Президенттерінің бірлескен мәлімдемесінде атап көрсетілді.
Жапония, Канада, Нидерланды, Швейцария, сол сияқты бірқатар халықаралық ұйымдар түрлі реабилитациялық жобаларға қомақты үлес қосты.
Біз ол көмек үшін терең ризашылығымызды білдіреміз.
Ядролық сынақтар зардаптарын жоюда БҰҰ-ның түрлі бағдарламалары маңызды рөл атқаруда.
Осыдан екі жыл бұрын Бас хатшы Пан Ги Мунның өзі бұрынғы полигон аумағына келді.
Мен Қазақстанның антиядролық саясаты мен бастамаларына қолдау көрсеткені және жоғары баға бергені үшін оған алғыс айтамын.
Бүгінде адамзаттың ядролық коллапс қатерінде шексіз үрей кешуден құтыларлық ғаламат мүмкіндігі бар.
Ол үшін бүкіл ұлттардың, бүкіл ізгі ниетті адамдардың күш-жігерлерін бұрын-соңды болмаған жағдайда біріктірудің маңызы зор!
Бүгін осы залда планетамыздың барлық құрлықтарының елдерінен парламентарийлер қатысып отыр.
Сондықтан қазіргі форумды жаһандық антиядролық парламенттік Ассамблеяның үлгісі деп атауға болады.
Және мен сіздерге осындай әлемдік қоғамдық құрылым тағайындау мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын.
Сонымен бірге қатысушылардың назарын G-GLOBAL коммуникативті Интернет-алаңқай жұмысына аударғым келеді.
Оның шеңберінде миллиондаған пайдаланушылар қазірдің өзінде ХХІ ғасырда жаңа әлемдік әділетті әлем құрылысын қалыптастырудың кең ауқымды мәселелері бойынша үнқатысулар жүргізуде.
Осынау әлемдік тәртіптің маңызды алғышарты ядросыз әлем болатынына менің еш күмәнім жоқ.
Мен сіздерді G-GLOBAL пішініндегі интерактивті пікірсайысқа және ядросыз әлем, біздің болашағымыз бен немерелеріміздің болашағы жолындағы жұмысқа белсенді қатысуға шақырамын.
«Егемен Қазақстан», 2012 жылғы 30 тамыз.