National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Сөйлеген сөздер


Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері V съезінің ашылуында сөйлеген сөзі

2015 жылғы 10 маусым

 

Ардақты дінбасылар!

Құрметті БҰҰ-ның Бас хатшысы мырза!

Қадірлі съезге қатысушылар мен меймандар!

Ханымдар мен мырзалар!

Сіздерге Қазақстанның құт дарыған жерінен шын жүректен сәлем жолдаймын! Егер әлемде бір нәрсе тек бір ғана мәрте жүзеге асса, онда оны әдетте тарихи кездейсоқтық деп санайды. Екі немесе үш рет болса – бұл тарихи заңдылық. Ал егер көптеген мәрте жүрсе – Ұлы Тарих дегеніміз, міне, осы! Астана Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысушылар мен меймандарын бесінші рет  қабылдап отыр!

Біз І Съездің шешімі бойынша салынған әлемдегі жалғыз Бейбітшілік және келісім сарайы шаңырағының астында толеранттылықтың, мәдениеттер мен діндердің жаһандық үнқатысуының Ұлы Тарихын қалыптастырудамыз. Біз, тіпті, осы күрделі дәуірдің өзінде де оның парақтарын бірінен кейін бірін жазып, толтырудамыз. Және біздің бәрімізді –  саясаткерлер мен конфессиялар қызметшілерін – адамдар мен халықтардың тағдыры, Ұлы Жаратушы жаратқан біздің бүкіл бірегей планетамыздағы бейбітшілік пен тыныштық үшін ортақ бір жауапкершілік сезімі біріктіреді.

Съезд жұмысына алғаш рет БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мырза қатысып отыр. Мен Сізге, Бас хатшы мырза, шын жүректен сәлем жолдаймын! Сіздің қатысуыңыз Астанадағы бүкіл әлемдік қоғамдастық мән беріп отырған рухани лидерлер үнқатысуының маңыздылығын көрсетеді.

Мен шақыруымды қабыл алып, бүгінде осы залда отырған баршаға сәлем жолдаймын. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің ізгілікті идеялары әлемдік қоғамдастықта, діни, сондай-ақ, саяси топтарда кең қолдау тауып отыр. Олар әлемге дінаралық қарым-қатынастар туралы ғасырлар бойы қалыптасқан таптаурындарды еңсеруге, ХХІ ғасырда жаһандық толеранттылық пен өзара түсіністіктің іс-қимыл таныта алатын формуласын жасауға мүмкіндік береді. Мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі осы мақсатқа маңызды қадам жасауға көмектесетініне сенімдімін.

Барлық қатысушылар мен меймандарға жемісті жұмыс, пайдалы үнқатысу және оң шешімдер тілегім келеді.

Құрметті рухани лидерлер!

V Съездің негізгі мәселесі діни және саяси лидерлердің қазіргі әлемнің қауіпсіз және үйлесімді дамуы үшін маңызды рөлі мен жауапкершілігін сезінумен байланысты. ХХІ ғасырда әлем басым жағдайда терең діни болып қалуын жалғастыруда.

Үміт пен торығудың жаһандық барометрінің соңғы есептерінің бірінде ұсынылған Gallup институтының деректеріне сәйкес, Жер тұрғындарының жартысынан көбі – шамамен 60 пайызы, өздерін діндар адамдармыз деп есептейді. Әрбір бесінші адам өзінің діндар емес екенін атап көрсетеді.

Технологиялық төңкерістер дәуіріндегі орнықтылық пен діни оқулар ықпалдылығы сақталуының феноменін ХХ ғасырдағы итальян жазушысы Чезаре Павезе өте дәл түсіндірді: «Дін, – деп жазды ол, – бұл сенім, біздің басымыздан өтіп жатқандардың барлығы ерекше маңызды. Дәл сондықтан ол әркез бізбен бірге болады». Бірақ бұл адам дамуында діни қарама-қайшылықтар, жақтырмаушылық, жанжалдар мен конфессияаралық соғыстар оның өзгеріссіз серіктері болады дегенді білдіре ме? Мен мұндай сауалға сенімді жауап беретіндердің жақтастары болып табылмаймын.

Біріншіден, Махатма Ганди атап өткендей, «Құдайда дін жоқ». «Біздің шіркеулік қоршау қалқаларымыз көкке дейін жетпейді», – деген еді ХІХ ғасырда православиелік философ митрополит Платон Городецкий. Мыңжылдық тарихта теологиялық дискуссиялар, саясаткерлер олардан соғыстар мен жанжалдар туындатқанша, тек сөз жүзіндегі таластар күйінде қалып келген еді.

Екіншіден, әлемдегі барлық діндер сабырлылық пен төзімділікке, күш қолданбау мен келісімге үндеп келеді. Қасиетті Құранда мынадай сөздер бар: «Кім бір адамды өлтірсе, бұл бүкіл Адамзатты өлтіргенмен пара-пар». «Бүкіл адамдар алдындағы ізгілік туралы ойланыңдар... Барлық адамдармен бейбітшілікте болыңдар», – осы үндеу христиандық Жаңа өсиетте бар. Адамдар қылығы үшін жауапкершілікке шақыру сөзі көне үнді Упанишадында айтылады: «Бір шөп жұлынған кезде, бүкіл дүние дірілдейді». Адамның бойында тек  махаббат, жанашырлық және ізгілік сезімдерін оята алатын сенім ғана нағыз сенім. Бұл  ақиқат өткінші емес, мәңгілік.

Үшіншіден, қазіргі заманғы тарих діни тұрғыдан толерантты қоғамдар мысалдарын біледі. Мәселен, біз Қазақстанда бейбітшілікте, келісімде және бір-бірімен өзара түсіністікте бейбіт қатар өмір сүріп келе жатқан 18 конфессияның табысты моделін құрдық. Біздің діни  бірлестіктер туралы заңнамамыз теңдік пен ождан бостандығы қағидатына  негізделген. Біздің ширек ғасырға жуық тәуелсіздігімізде Қазақстан рухани қайта өрлеу дәуірін бастан өткерді. Кеңес дәуірінде, оның ішінде Қазақстанда да, атеизм орныққан болатын. Бірақ халқымыз Құдайға сенімін жоғалтқан жоқ. Қазір елімізде 3312 мешіт, храмдар, құлшылық үйлері, синагогалар мен басқа да ғибадат  ету орындары жұмыс істейді. Бізде діни бағыттағы 47 бұқаралық ақпарат құралы басып шығарылады. Елімізде 500-ге жуық шетелдік миссионер жұмыс істейді. Ислам мен Христианның басты күнтізбелік даталары – барлық қазақстандықтардың ортақ мерекесі.  Елімізде жұмыс істейтін барлық діндердің  паствалары – бір үлкен қазақстандық отбасының мүшелері. Біздің бәріміз бірлесіп, дүрдараздық пен ұрыс-керіске орын жоқ жаңа ел құрудамыз.

Біздің бәріміз бір мақсатқа – ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарында тұратын өсіп-өркендеген мемлекет құру мақсатына біріккенбіз. Біз алдымызға барлық қазақстандықтардың Болашақтың біртұтас ұлты болуына қол жеткізу міндетін қойып отырмыз. Оның басты негізі азаматтық  теңдік пен толеранттылық, ашықтық пен құқықтық тәртіп, ой-ниет пен әр адамның өмірі үшін лайықты жағдай жасау бойынша практикалық істердің бірлігі болып табылады. Оның  ғасырлық мәні мынада: ұрпақтан ұрпаққа, дәуірден дәуірге бейбітшілік пен келісім құндылықтарын беру.

Биыл біз бірегей ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясының   20 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Ол түрлі этностық және діни ұстанымдағы барлық азаматтардың келісімі мен толеранттылығының арқаулық құндылығы мен берік тетігі болды. Біз бүкіл әлемге мәдениеттер мен діндердің фатальді жанжалдары, тіпті, бір қоғамның шегінде де жоқ екенін көрсеттік. Сондықтан, олардан халықаралық саясаттың кез келген деңгейінде қашып құтылуға болады. Біз қоғам ішіндегі толерантты қарым-қатынастар – мемлекеттің де, діни бірлестіктердің де, қатардағы азаматтардың да ұғынықты жауапкершілігінің мәселесі екенін айғақтадық. Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу тәжірибеміздің табыстылығын біз жаһандық мойындаудың призмасы арқылы қарастырамыз.

Құрметті Съезге қатысушылар!

Діндер мен мәдениеттердің өзара қарым-қатынастары мәселесін Жер шарындағы бейбітшілік пен тұрақтылық мүдделері тұрғысынан талқылау біздің форумның айрықша ерекшелігі болып табылады. Мұндай пікірсайыстың көкейкестілігін жаһандық ахуал дамуының үрейлі аяқ алысы күшейте түседі. Бүгінде әлем қауіпті белгісіздік жағдайында дағдарып тұр.

Біріншіден, жаһандық қауіпсіздік режімінің күрт әлсіреуі орын алды. Және бұл үдеріс әлі де өз түбіне жетпегенге ұқсайды. Тежеу мен арасалмақтарды ұстаудың халықаралық жүйесі жұмыс істемейді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі соңғы ондаған жылдар бойына қалыптасқан жетекші мемлекеттер арасындағы сенім ахуалының жойылғанына өкініш білдіруге тура келеді. Өзара санкциялық қысымдар әлемдік экономикадағы ахуалды күрделендіруде. Ол таяуда ғана бастан өткен жаһандық экономикалық дағдарыс зардаптарын тездетіп еңсеру перспективаларын алыстата түсті. Сенімсіздік экономикалық қана емес, сонымен бірге, елдер мен халықтар арасындағы гуманитарлық қарым-қатынастарға да теріс әсер етуде. Өзара туризм, мәдени алмасулар қысқаруда, бір-біріне қарсы ақпараттық шабуылдар жүруде. Осының бәрі – тұрақсыздықтың, сенімсіздіктің, ошақты соғыстар мен қақтығыстардың салдары.

Екіншіден, әлемде әскери және ішкі дау-дамайлар қауырт өсе түсті. Украинаның шығысындағы жанжал еуропалық және жаһандық қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай төмендетеді. Батыс Африкадан Ауғанстанға дейінгі бүкіл аумақ қарулы қарсы тұрушылықтармен қамтылған.

Үшіншіден, халықаралық терроризм қатері «ислам мемлекеті» деп аталатын іс-қимылдар пішінін қабылдады. Өздеріне қаратып алудың жаһандық желісін пайдалану арқылы әлемнің түрлі елдеріндегі жастар оның қатарына тартылуда. Жалған діни үндеулермен бүркемелене отырып, содырлар өзге діндер өкілдерін, журналистер мен еріктілерді жаппай өлім құштырудың жан- түршігерлік актілерін жүзеге асыруда. Біз сіздермен бірігіп, мұндай көзқарасқа және діннің осындай қаскүнемдіктеріне қарсы ортақ пікірімізді білдіруіміз керек. Олар Ирак пен Сириядағы сан ғасырлық мәдени мұраларды қасақана қиратуда. Мұның бәрін ізгі ниеттілікке және адамгершілікке қарсы актілер демеске лаж жоқ.

Төртіншіден, қазіргі заманғы әлемде аш және жоқ-жітік адамдар азаймай отыр. Бүгінде, БҰҰ мәліметтері бойынша, 700 миллион бала мен жасөспірім кедейшілік жағдайында өмір сүруде. Тағы 150 миллионы – тастанды балалар. Мектептердің болмауынан 100 миллион баланың білім алуға мүмкіндіктері жоқ. 10 миллионы дәрі-дәрмек пен медикаменттер жетімсіздігінен зардап  шегуде. Әлеуметтік қолайсыздықтың, ал одан кейін қылмыстың, әлеуметтік дүрдараздықтың, терроризм мен экстремизмнің бастапқы ортасы да міне, осы.

Бесіншіден, рухани-өнегелілік құндылықтарды көмескілендірудің жаһандық проблемаларын көрмеу де мүмкін емес. БАҚ-тар мен Интернет-желілер арқылы балағат сөздер, адамдардың рухани бастауларын қорлау, қылмыстық көргенсіздік пен бетімен кетушілік, «жаппай мәдениет» деп аталатынның жексұрын үлгілері кеңінен таратылуда. Мұндай «жалған мәдениет» тасқыны, әсіресе, жастардың балғын жан-дүниелерін ауыр жаралауда, отбасылық дәстүрлерге нұқсан келтіруде, ұрпақтар арасындағы өзара байланысты күйретуде. Осылардың бәрі – қазіргі заманғы әлемдік тәртіпке, қауіпсіздікке, рухани салт-дәстүрлер мен өркениет құндылықтарына төнген ауыр сын-қатерлер. Мен съездің пікірсайыс алаңдарында осы және басқа да көптеген проблемаларды шешу жолдарының егжей-тегжейлі талқыланатынына сенімдімін.

Бүгінде қауіпсіздік пен дамудың жаңа парадигмасын қалыптастыру бойынша кең көлемді үнқатысуларды жолға қоюдың маңызы зор. Оның негізінде тең құқылық, өзара құрмет, бір-бірінің мүдделерін мойындау, ынтымақтастық, толеранттылық және өзара түсіністік қағидаттары болуы тиіс. ХХІ ғасырда барлық салалардағы – саяси, экономикалық, мәдени, рухани салалардағы үнқатысуға балама жоқ. Бүгінде адамзат үлкен материалдық, ғылыми-техникалық және интеллектуалдық мүмкіндіктерге ие. Егер адамдар бір-бірімен бейбітшілікте және рухани келісімде өмір сүріп үйренбесе, ешқандай прогресс болмайды. Адамзаттың болмысы сондай, этностық, тілдік, діни және мәдени айырмашылықтар болжаулы болашақта әркезде де бола бермек. Бірақ олар ажыратушы жіктер емес, біріктіруші бастаулар болуы тиіс.

Мен «Бізді біріктіретіндердің өзі ажырататындардан едәуір асып түседі», деген Рим Папасы Францисктің сөзін қолдаймын. Этносаралық және дінаралық жанжалдарды қате саясаттың туындататынын ашып айтқым келеді. Ол елдерді, адамдар мен қоғамды бүлдіреді. Біз бүгінде де оны әлемнің түрлі түкпірлерінен көріп отырмыз. Бірақ халықтардың өзара тартылысы, тілдерді, мәдениетті, рухани әлемді өзара тану, сауда мен тату көршілікті дамыту әркезде де мәңгілік болған, болып қала береді. Және халықтар достығының осынау үрдісі әсіресе, жаһандану ықпалымен ХХІ ғасырда күшейе түсуде. Рухани және саяси лидерлер бірлесе отырып, адамзат әлемін неғұрлым өнегелі және толерантты жасай алары анық.

Әлемдік және дәстүрлі діндердің V съезіне қорытынды декларация қабылдауға тура келеді. Оған бүкіл әлем бойынша миллиардтаған адамдардың мұң-мұқтаждары мен үміттерін бейнелейтін бірқатар үндеулер қосуды ұсынамын.

Бірінші. Барлық әскери жанжалдарды тоқтату және бітім жариялау. Барлық қарсы тұрушы тараптар келіссөздер үстеліне отырып, зорлық-зомбылықты тоқтату, бейбіт азаматтарды қорғау, бүкіл қарама-қайшылықтарды бейбіт жолмен шешу жөнінде келісімдер қалыптастыруы тиіс.

Екінші. Кез келген елде және мемлекетаралық қарым-қатынастарда кез келген саяси қарама-қайшылықтарды шешудің күш қолдану тәсілдері батыл түрде теріске шығарылуы керек.

Үшінші. Бүкіл жетекші державалардың саяси лидерлерін қазіргі заманғы әлемдегі сенімсіздік шыңырауының ұлғая түсуін тоқтатуға шақыру маңызды. Салдарынан «үшінші әлем» мен қарапайым адамдар ауырырақ зардап шегетін өзара санкцияларды тоқтату қажет. Әлемді ХХІ ғасырда «қырғи-қабақ соғыс» уақытының стереотиптерін, әсіресе, блоктық ойлауды қайта жаңғырту қаупінен сақтандырудың маңызы зор. Бүгінде қарама-қайшылықтарды реттеу, соғыстар мен дау-жанжалдарды тоқтату үшін БҰҰ мен қауіпсіздіктің өзге де халықаралық құрылымдарының мүмкін деген барлық тетіктерін пайдалану керек.

Төртінші. Барлық адамдарды саналылыққа және Интернетті қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарын адамдар арасындағы дінаралық араздықтарды тұтандыру үшін пайдалану тәжірибесін тоқтатуға шақыру қажет. Бұл тұрғыда БАҚ-тардың қожайындары мен баспагерлерінің, өздерін «төртінші билік» деп атайтындардың бәрінің моральдық жауапкершілігін арттыру керек.

Бесінші. Мемлекеттер мен қоғамдарға кедейшілік, аштық, эпидемия, жұмыссыздық, табиғи зұлматтар мен техногендік апаттар проблемаларын шешу үшін күш-жігерді біріктіру өмірлік тұрғыда қажет.

Осының бәрі қауіпсіз және үйлесімді әлемнің жаңа архитектурасының бөлігіне айналуы тиіс.

Жоғары мәртебелі дінбасылар!

Ханымдар мен мырзалар!

Қазіргі заманғы дәуірдің оқиғалары біздің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін жаһандық «рухани дипломатияның» маңызды элементіне айналдырады. Барлық делегациялар басшыларын конфессияаралық үнқатысуды ұлғайта түсуге деген үндеуді өз діндеріңіздің ұстанушылары мен барлық  прихожандарына жеткізуге шақырамын. Мен қатысып отырған бүкіл саясаткерлер мен қоғам қайраткерлеріне өз ықпалдары мен мүмкіндіктерін соғыстар мен дау-жанжалдарды тоқтату, жаһандық саясаттағы сенімді қалпына келтіру үшін пайдалану жөнінде үндеу тастаймын. Съезд жұмысының мәдениеттер мен діндер үнқатысуының тәжірибесін байыта түсетініне сенімім мол.

Баршаңызға жемісті жұмыстар мен табыстар тілеймін!

Назар аударғандарыңыз үшін рахмет. 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің