National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президентінің атына қасиетті Ораза айт мерекесіне орай құттықтау жеделхаттары келіп түсті

2023 жылғы 21 сәуір

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына барша мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Ораза айт мерекесіне орай шет мемлекеттердің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған құттықтау жеделхатында Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық және бақыт, ал достас әрі бауырлас Қазақстан халқына амандық пен бақ-береке тіледі.  

«Ынтымаққа және бауырластыққа негізделген осы қасиетті мереке Ислам әлемі мен барша адамзатқа саулық, бейбітшілік, тыныштық пен береке әкелсін», – деп жазылған жеделхатта. 

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Мемлекет басшысына ұзақ ғұмыр, зор денсаулық және оның аса жауапты қызметіне үлкен жетістік тілеп, достас Қазақстан халқына бейбітшілік және одан әрі дами беруіне ниеттестік білдірді.

– Сізді және бүкіл Қазақстан халқын мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Ораза айт мерекесімен құттықтап, шын жүректен ізгі тілектерімді жолдағаныма өте қуаныштымын. Біздің берік саяси ерік-жігеріміз бен бірлескен іс-әрекетіміздің арқасында елдеріміз арасындағы достық және тату көршілік байланыстар нығайып, тереңдей түсетінін ерекше ықыласпен атап өткім келеді, – деп жазылған Өзбекстан Президентінің жеделхатында.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өзінің құттықтау жеделхатында Ораза айт мерекесі бауырлас халықтарымызға татулық пен бақ-береке әкелетініне сенім білдірді.

– Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы ортақ рухани құндылықтар мен достыққа, сондай-ақ стратегиялық серіктестікке негізделген көпжақты қатынастар бірлескен күш-жігеріміздің арқасында дәйекті түрде дами беретініне сенімдімін, – деп жазылған Садыр Жапаровтың жеделхатында.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа мықты денсаулық, бақыт және табыс, ал Қазақстан халқына бейбітшілік, тұрақтылық тілеп, одан әрі орнықты дами беруіне ниеттестік білдірген.

– Осы берекелі мейрамның мызғымас дәстүрі мен тараптардың бірлескен күш-жігерінің негізінде екі ел арасындағы достық қарым-қатынас пен көпжақты өзара тиімді ынтымақтастық халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сәйкес нығайып, мүлде жаңа әрі жоғары деңгейге көтеріле беретініне сенімдімін, – деп атап өткен Тәжікстан Президенті.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев өзінің құттықтауында Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы мемлекетаралық байланыстар мен ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына жоғары баға берді.

– Біз бауырлас әрі сенімді серіктесіміз Қазақстанмен одақтастық қатынастарды тереңдету жолында бірлескен күш-жігерімізді одан әрі табысты жалғастыруға ниеттіміз. Мен сіздің керемет еліңізге жақында жасаған сапарымды зор ықыласпен еске аламын. Осы айтулы мерекеде Сізге зор денсаулық, бақыт, Сіздің аса жауапты қызметіңізге табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік пен бақ-береке тілеймін, – деп жазылған жеделхатта.

Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына өзінің құттықтауы мен ізгі тілектерін жолдады.

– Ислам дінінің іргелі рухани құндылықтарына сүйене отырып, жақсылық, ізгілік, мейірімділік салтанат құратын бұл жарқын мереке бүкіл мұсылман үмбеті арасында өзара түсіністікті, ынтымақ пен бейбітшілікті нығайтуға ықпал ететініне кәміл сенемін, – деп жазды Түрікменстан Президенті.

БАӘ Президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қасым-Жомарт Тоқаевқа денсаулық, бақыт, ал қазақстандықтарға – бақ-береке тілеп, жылы лебізін жолдаған.  

Сонымен қатар Қазақстан Президентіне Иордания Королі II Абдалла, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Кувейт Әмірі Шейх Наууаф әл-Ахмед әл-Джабер Ас-Сабах, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, Палестина Мемлекетінің Президенті Махмуд Аббас, Кувейттің Тақ мұрагері Мешаль әл-Ахмед әл-Джабер Ас-Сабах, Ливия Президенттік кеңесінің төрағасы Мұхаммед Юнис әл-Манфи, Татарстан Раисы Рустам Минниханов, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, ИСЕСКО-ның бас директоры Салим әл-Малик құттықтау жеделхаттарын жолдады. Құттықтау хаттары әлі де келіп түсіп жатыр. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің