National Emblem of Kazakhstan

Официальный сайт

Президента Республики Казахстан

Официальный сайт

Президента Республики Казахстан

Вице-Президент


Выступление Вице-Президента Республики Казахстан Ерлана Карина на международном симпозиуме «Философия. Этика. Будущее», посвящённому научному наследию Абу Насыра аль-Фараби

Армысыздар, қадірлі қауым!

Құрметті қонақтар!

 

Біз бүгін адамзаттың екінші ұстазы атанған ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің мол мұрасын зерттеп, зерделеуге арналған халықаралық симпозиумға жиналып отырмыз. Қазақстанға, әсем қала – Алматыға қош келдіңіздер!

Басқосуымызға бірқатар беделді халықаралық ұйымдардың басшылары қатысуда.

Атап айтқанда, ИСЕСКО ұйымының бас директоры, доктор Салим әл-Мәлік, Малайзиядағы Халықаралық Ислам университетінің ректоры Бакар Осман, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Түркияның белгілі саясаткері, Қазақстанның үлкен досы Күршад Зорлу, Ресей мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Мәскеу Ислам институтының ректоры Дамир Мухетдинов, Қытайдағы Чженьчжоу университетінің профессоры Вэй Чусюн және басқа да мәртебелі меймандар арнайы келді.

Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызды көргеніме қуаныштымын.

Бүгінгі іс-шараны Жансейіт Түймебаев бастаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы жоғары деңгейде ұйымдастыруда. Осы симпозиумның басы-қасында жүрген Жансейіт Қансейітұлына үлкен алғысымды айтамын.

 

Құрметті жиынға қатысушылар!

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» халықаралық симпозиумының қатысушыларына арнайы құттықтау хатын жолдады. Ең алдымен осы құттықтау хатты оқып беруге рұқсат етіңіздер.

 

Қадірлі қауым!

Сіздерді ұлы ойшыл, данышпан ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мұрасын зерделеуге арналған халықаралық симпозиумның ашылуымен құттықтаймын!

Әбу Насыр әл-Фараби – әлем өркениетінің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға. Әйгілі ғұлама Шығыс пен Батыс мәдениетін шеберлікпен үйлестіріп, аса құнды еңбектер жазды. Ғылым қоғам игілігіне қызмет етуге тиіс деген ұстанымды ілгерілетіп, математика, химия, астрономия және басқа да ілімдерді жан-жақты зерттеді. Адамзатқа ортақ мызғымас құндылықтарды кеңінен дәріптеп, соңына теңдессіз мұра қалдырды. Әл-Фарабидің парасатты адам және қайырымды қоғам туралы тұжырымдары ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Мұның бәрі ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналған «Таза Қазақстан», «Адал азамат» идеяларымен үндеседі.

Бүгінде біз бір ел болып Әділетті Қазақстанның тұғырын нығайту үшін түбегейлі реформаларды іске асырып, барлық салада ауқымды өзгерістер жасап жатырмыз. Ең бастысы, еліміздің келешектегі бейнесін айқындайтын, мемлекетіміздің бәсекеге қабілетін арттыратын қастерлі құжат – Конституциямызды қабылдадық. Конституцияда білім-ғылымды, инновацияны, адам капиталын дамытуға стратегиялық басымдық әрі міндет ретінде баса назар аударылды.

Мен Қазақстан халқына Жолдауымда өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ, қоғамда жаңа этика қалыптастыру ісіне айрықша мән бердім.

Бұл маңызды міндеттерді жүзеге асыру жолында әл-Фараби сынды ұлы тұлғаларымыздың өнегелі өсиеттері біз үшін мызғымас бағдар болатыны сөзсіз.

Елімізде ғұлама ғалым әл-Фарабидің еңбектерін терең зерделеу және ғылыми айналымға енгізу мәселесі әрқашан мемлекеттік саясатымыздан көрініс табуда. Бүгінгі басқосудың түпкі мақсаты да – осы. Биыл менің бастамаммен жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне «Al-Farabi» ордені енгізілді. Бұл марапат білім мен ғылым, мәдениет пен руханият саласында зор табысқа жеткен тұлғаларға беріледі. Мұндай бастамалар ұлы ойшылдың мол мұрасын кеңінен дәріптеуге ықпал ететіні анық.

Сондықтан, тұңғыш рет «Al-Farabi» орденімен Иордан Хашимит Королі Ұлы Мәртебелі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн марапатталды.  

Алқалы жиын халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және фарабитану ілімін кең ауқымда дамытуға жол ашады деп сенемін.

Симпозиум жұмысы табысты болсын!

 

Қазақстан Республикасының Президенті

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

 

 

Қадірлі әріптестер!

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі халықаралық симпозиумға осындай мәнді де мағыналы құттықтау хатын арнайы жолдауы жайдан-жай емес.

Президент бұл жиынға да, әл-Фараби мұрасын насихаттауға да айрықша мән береді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен бесінші отырысында әл-Фараби, Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптейтін ғылыми жиындарды тұрақты ұйымдастыруды тапсырған болатын.

Бүгінгі ауқымды іс-шара Президенттің сол бастамасының негізінде өтіп жатыр.

Өздеріңіз білетіндей, былтыр Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналған халықаралық ғылыми жиын ұйымдастырылды. Енді, міне, Алматыда – әл-Фараби симпозиумына жиналып отырмыз.

Жалпы, Президент Түркістанда – Ясауи, Алматыда әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық симпозиумдарды осыдан бастап тұрақты түрде ұйымдастыруды тапсырды.

Яғни, екі үлкен тұлғаға арналған мұндай жиындар кезекпен екі жылда бір рет өткізілетін болады.

Бұл рухани мұрамызды науқандық емес, институционалдық деңгейде жүйелі, кешенді зерттеуге көшкенімізді көрсетеді.

Осылайша, Қазақстан өзінің тарихын, рухани мұрасын зерттеуді, насихаттауды жүйелі түрде қолға алды. Бұл – тарихи ағартушылық бағыттағы үлкен бетбұрыстың белгісі. 

* * * * *

Шындығында, бүгінгі басқосу еліміз үшін тарихи кезеңде өтіп жатыр.

Биыл Қазақстан Жаңа Өрлеу дәуіріне қадам басып, ауқымды реформаларды жүзеге асырды.

Еліміздегі терең де түбегейлі өзгерістерге жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституциямыз негіз болды.

Мемлекетіміздің негізгі қағидаттары, бағдар етіп ұстанатын құндылықтары, бірегейлігіміз, дүниетанымымыз, жалпы идеологиямыздың бәрі осы Конституцияда қамтылған.

Соның ішінде адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде белгіленді.

Мемлекет басшысы айтқандай, «Ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады». Сол себепті Президент ғылым саласына айрықша көңіл бөліп келеді.

Мысалы, Президент бастамасымен соңғы 7 жылда ғылымды қаржыландыру көлемі 3,6 есе ұлғайды.

Сол секілді Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясында іргелі реформа басталды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында да келер ұрпаққа жоғары технологияға, білім мен ғылымға табан тіреген күшті Қазақстанды аманат ету қажет екенін ерекше атап өтті. Сол үшін де «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жариялады.

Соның аясында еліміздің барлық аймағында жүздеген ғылым, мәдениет, спорт және басқа да әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандар бой көтеретін болады.

Бұл нысандар халықтың мүддесі мен игілігіне қызмет етеді. Осының барлығы халықтың жағдайы үшін жасалуда. Сол үшін де «Халықтық құрылыс» деген кең ауқымды мазмұнға ие болды.

Президенттің Жолдауда айтқан «Құрылыс және тағы да құрылыс» деген үндеуі – белгілі бір дәрежеде идеологиялық формула. Себебі, бұл жасампаздыққа бағыттайды. Баршамыз жұмыла бірге еңбек етіп, саламыз, жасаймыз, құрамыз дегенді меңзейді. Сондықтан да, бұл – Қазақстанның экономикалық саясаты ғана емес, тіпті идеологиялық ұстыны да.

Мұның бәрі – Президенттің экономикасы қуатты, технологиясы дамыған, білімі мен ғылымы озық, жасампаз әрі өркениетті ел құру жолындағы табанды, жігерлі қадамдары.

Расында, тарихты уақыт емес, батыл және стратегиялық шешімдер жасайды. Президенттің 28 қазанда Қазақстан халқына жолдаған Жолдауы – соның айғағы. Онда экономиканың барлық саласы бойынша, әлеуметтік бағыт пен саяси-қоғамдық сала бойынша алдағы бағыт-бағдарымыз нақты айқындалған. Яғни, Мемлекет басшысының Жолдауында халықтың да қамы қамтылған, мемлекеттің де мүддесі ескерілген. Осылайша, Президент тағы бір тарихи кезеңге негіз болатын маңызды стратегиялық міндеттерді айқындап берді.

 

Құрметті әріптестер!

 

Жалпы, қазақ жерінде адамзаттың дамуына ықпал еткен тарихи оқиғалар, әлем өркениетін ілгерілетуге серпін берген үдерістер аз болған жоқ.

Мемлекет басшысы биыл мамыр айында Астанада өткен Алтын Ордаға арналған халықаралық симпозиумда біздің аймақтың тарихын тек қана шексіз шайқастар мен әскери жорықтар шежіресі ретінде бұрмалап көрсету дұрыс емес екеніне назар аударды. Керісінше, дала өркениетінің интеллектуалдық және рухани мұрасы көлеңкеде қалмауы керек екенін алға тартты. Ғалымдар мен зерттеушілерді осыған мән беруге шақырды.

Осылайша, Президент тарихи да өзгерістер жасауда және тарихқа деген көзқарасты да түбегейлі өзгертуде. Мемлекет басшысы тарихтан ең алдымен жасампаздықты көруге, болашаққа деген ұмтылысты аңғаруға шақыруда.

Шынында да, Қазақстан – көне мемлекеттер мен алып империялардың мекені ғана емес, бірегей дала өркениетінің де алтын бесігі саналады.

Ұлы Далада мемлекеттіліктің терең дәстүрі қалыптасты. Ірі мәдениеттер мен дүниетанымдар түйісті. Ғылым мен өнердің, руханият пен ой-пікірдің өзіндік мектебі пайда болды.

Сол зияткерлік әлеуеттің ең жарқын дәлелі – адамзат ойының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғаларымыз екені анық.

Осы орайда әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сияқты ғұламаларды ерекше атап өтеміз.

Бұл біздің «Қазақ елі, Ұлы Дала – ойшылдар мекені» деген тұжырымды ойымызды одан әрі қуаттай түседі.

Шынында да, орта ғасырлардағы Орталық Азия аймағы адамзаттың өркендеуіне айрықша үлес қосқан озық ойлардың ордасы болған. Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейінгі дархан далада талай ғұлама ғалымдар өмір сүрген.

Біз – солардың теңдессіз еңбектерінің және даналық дәстүрлерінің заңды мұрагеріміз.

* * * * *

Біз атап өткен ақыл-ой алыптары әртүрлі кезеңде, әртүрлі тарихи жағдайда өмір сүрді. Бірақ, олардың еңбектеріне ортақ өзек бар. Бұлар – әділдік пен қайырымдылық, мейірімділік пен адамгершілік, оқу-білімге құштарлық пен жауапкершілік.

Яғни, ойшылдардың ілімінде рухани және интеллектуалдық сабақтастық сақталған.

Мысалы, әл-Фараби өз еңбектерінде әділдік идеясын дәріптеп, қайырымды қоғам құру мәселесін көтерген.

Оның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында мемлекеттің басқару ісіне қатысты ерекше ұстанымдар айтылған.

Ұлы ғұлама кез келген мемлекеттің қуаты оның әскери немесе экономикалық үстемдігінде емес, адамгершілік құндылықтарда екенін жеткізеді.

Шынында да, бірнеше ғасыр бұрын айтылған бұл қағидаттар мен құндылықтар әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.

Сондықтан да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділдік, қайырымдылық, мейірімділік, адамгершілік, жауапкершілік қағидаттарын мемлекет ісінің мызғымас тірегі ретінде ұстанып келеді.

* * * * *

Әл-Фараби бабамыз армандаған қайырымды қоғамның тірегі – ақыл-парасатқа сүйенетін, ізгілікке ұмтылатын азамат. Яғни, ұлы ғұлама қоғамдық тәртіп пен адам мінезін бір-бірінен бөліп қарамайды.

Бұл ой Қазақстанның қазіргі күн тәртібіндегі талаптармен де толық үндеседі. Бүгінде елімізде Президенттің тікелей бастамасымен жаңа қоғамдық этика қалыптастыру ісі қолға алынды.

Бұл кездейсоқ көтерілген тақырып емес. Әлемде технологиялық өзгерістер бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүріп жатыр. Жасанды интеллект пен цифрлық коммуникация еңбек ету тәсілін ғана емес, адамның ойлау, ақпарат қабылдау, байланыс орнату үлгісін де өзгертуде.

Жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа сын-қатерлер де пайда болуда. Осындай жағдайда қоғамды тек технологиялық тұрғыдан жаңарту жеткіліксіз. Технологиялық өзгеріс құндылықтар жүйесін жаңарту ісімен қатар жүруге тиіс.

Ал, қоғамдық мінез-құлықты, қалыптасқан әдетті, адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениетін бір күнде өзгерту мүмкін емес. Және бұл істің игілігі бірден көрінбеуі де мүмкін. Бірақ бұл үздіксіз жүргізілуге тиіс жұмыс.

Сондықтан, әл-Фараби мұрасын зерделеу академиялық міндет болып қалмауға тиіс. Оның идеялары дәл осылай білім беру мазмұнына, гуманитарлық зерттеулерге, қоғамдық пікірталасқа, жастар тәрбиесіне кеңінен енгізілуі қажет.

Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да нақты ұстанымы.

* * * * *

Президентіміздің әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абай мұраларын дәріптеуге ерекше назар аударуында үлкен мән жатыр. Өйткені, үшеуі де – біз үшін темірқазық тұлғалар.

Сол себепті, олардың есімдерін ғана емес, еңбектерін де насихаттауға айрықша көңіл бөлінген.

Ұлы тұлғаларды мерейтой қарсаңында ғана еске алу немесе олардың еңбегін белгілі бір датаның аясында дәріптеу – дұрыс емес. Ондай «мерейтойлық» әдістен алыстау керек.

Ғылыми мұра үздіксіз зерттеліп, тың деректермен толығып, жаңа буынға кеңінен түсіндіріліп отыруға тиіс.

Осылайша, біз ұлы ойшылдардың еңбегін музейдегі жәдігер ретінде емес, қазіргі қоғамның мінез-құлқына, құндылықтарына, білім беру мен тәрбие ісіне әсер ететін нақты идеялар ретінде қарастыруға ұмтылып отырмыз.

Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградалар қатарына «Al-Farabi» және «Qoja Ahmet Yasaui» ордендерінің қосылуы да – осы саясаттың қисынды жалғасы.

Бұл шешім ұлы тұлғалардың атын ұлықтаумен қатар, білім мен ғылымға, мәдениет пен руханиятқа қызмет етуді қоғамдағы ең жоғары құндылық ретінде орнықтыруды көздейді.

Осы ретте, Қожа Ахмет Ясауи бабамыз жерленген Түркістан қаласына қатысты жуырда үлкен маңызды жаңалық жарияланғанын естеріңізге салғым келеді.

Өздеріңіз жақсы білетіндей, Түркістан шаһары ИСЕСКО шешіміне сәйкес, Ислам әлемінің 2027 жылғы мәдени астанасы болып жарияланды. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Қазір арнайы іс-шаралардың жоспары пысықталуда.

Осыған орай арамызда отырған қадірлі қонағымыз, доктор Салим әл-Мәлік мырзаға тағы да зор алғыс айтқым келеді.

* * * * *

Баршаңызға мәлім, Қазақстанда әл-Фараби есімі мен мұрасын дәріптеуге ерекше ден қойылған.

Бүгінгі іс-шарамыз әл-Фараби атындағы ұлттық университетте өтіп жатыр.

Қазақстанның ғылым мен техника саласындағы ең беделді мемлекеттік сыйлығы әл-Фараби атымен аталады.

Елімізде ұлы ғұламаның есімін иеленген мектептер мен мекемелер де жетерлік.

Әл-Фараби мұрасын дәріптеу мақсатында халықаралық ғылыми симпозиумдар, конференциялар жиі ұйымдастырылады. Монографиялар мен жинақтар үздіксіз жазылып жатады. Деректі фильмдер түсіріледі.

Әлбетте, мұның бәрі әл-Фарабидің еңбектерін терең түсінуге мүмкіндік береді. Оның мол мұрасын жан-жақты насихаттауға жол ашады.

Президентіміздің арқасында соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмысқа жаңа серпін берілгенін айта кетуіміз керек.

Мысалы, осыдан 5 жыл бұрын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған, жақын уақытта баспадан шығатын Қазақстан тарихының көптомдығында Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абай идеяларының сабақтастығы кеңінен көрініс тапты. Тіпті, оларға бөлек тараулар да арналды.

Сол секілді, Президент бастамашылық еткен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасында да аталған үш ғұлама – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, рухани бағдар болатын тұлғалар ретінде қамтылған.

Қазіргі таңда бекітілген бірыңғай дизайн кодқа сәйкес, мектеп қабырғаларына әл-Фараби бастаған ойшылдардың қанатты сөздері мен суреттері көрнекі жерге орналастырылуда.

Ондағы мақсат – ғұламалардың ағартушылық жолын насихаттау, ғылымға құштарлықты мектеп қабырғасынан орнықтыруға мән беру.

Мұның барлығы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім, ғылым культін дәріптеу бағытындағы бастамаларының заңды жалғасы.

Осы орайда, бүгінгі әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық симпозиумның деңгейін көтеріп, мазмұнын байыту да маңызды екенін жеткізгім келеді.

Сондықтан, Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Ұлттық Ғылым Академиясына, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келесі симпозиумды да осындай жоғары деңгейде, үлкен ауқымда тұрақты түрде өткізуді тапсырамын.

Бұл қатардағы іс-шара болмауы керек. Халықаралық симпозиум барлық тараптар үшін тиімді әрі пайдалы алаңға айналуға тиіс. Бірінші кезекте әлемнің әр түкпіріндегі фарабитанушылар арасындағы буын сабақтастығын сақтап, ғалымдар мен зерттеушілердің байланысын нығайту үшін қажет.

 

Қадірлі қауым!

 

Біздің міндетіміз – әл-Фараби мұрасын ғылыми тұрғыдан терең зерттеу, әлемдік деңгейде академиялық айналымға кеңінен енгізу және ең бастысы, оның өміршең идеяларын қоғамның игілігіне жарату.

Бүгінгі алқалы жиында фарабитану ілімін дамытуға қатысты салиқалы ой-пікірлер айтылады деп сенеміз.

Ғұламаның өсиеті халқымызды білімге, парасат пен жасампаздыққа бастай берсін!

Симпозиум жұмысы жемісті болсын!

Бір болайық, бірге болайық, биік болайық!

Назарларыңызға рақмет!


Вернуться назад Вернуться назад X Facebook Печать