National Emblem of Kazakhstan

Официальный сайт

Президента Республики Казахстан

Официальный сайт

Президента Республики Казахстан

Государственный советник


Выступление Государственного секретаря Крымбека Кушербаева на торжественном открытии памятников Абаю и Аль-Фараби

Құрметті зиялы қауым!

Ардақты ағайын!

Мағжан ақын «екі дүние есігіне, ер түріктің бесігіне» балаған киелі Түркістан жеріне арнайы қадам басып отырмыз. Мақсатымыз – Ұлы даланың ұлағатты тұлғалары мәңгілік мекенін тапқан қасиетті өңірге тағзым ету және биыл ел көлемінде және әлемдік деңгейде мерейтойлары өтіп жатқан ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы мен дала данышпаны Әбу Насыр әл-Фараби ескерткіштерін салтанатты жағдайда ашу болып табылады.

Түркістан бүгінде барша Орталық Азиядағы түленген, түрленген заманауи қала ретінде орнығуда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен Түркістан дербес облыс ретінде өркендеп, тарихи шаһар жасарып, жаңаруда, шын мәнінде бүкіл түркі әлемінің рухани астанасына айналды.

Ұлт тарихында Түркістан Ұлы Тұран өлкесіндегі рухани қайнарлардың бастауында тұрған Қожа Ахмет Яссауи жатқан қасиетті топырақ. Ғасырлар бойы Әзірет сұлтанның ілімі мен кесенесі киеге айналып, Арыстан бабтың өсиеті өлкеге ізгілік нұрын сепкен аймақ.Түркістан – бар қазақтың басын қосып, сырттан төнген жауға жұрт болып жұмылып, ел болып еңсеруге бәтуа жасалған тұғырлы тұрақ. Түркістан – дала заңының «ескі жолын» салып берген Есім хан мен алты алаштың ынтымағын бекіткен Абылай ханның және  алты алаштың басқа да ардақтары жатқан тарихи алқап.

Өздеріңізге белгілі, бұл өлкенің тұла бойы тұнған тарих. Түбі бір түркі халықтары қастер тұтатын Түркістан қаласы маңайындағы қасиетті Сырмен тамырласып, тоқайласып, рухани түйісіп жатыр.

Біз осы жерде өркен жайған өзіміздің ұлы тарихымыздың, ұлы мәдениетіміздің, ұлы өркениетіміздің мұрагері екенімізді ерекше сезінеміз. Өйткені, тек қана Сырдың бойында кезінде ондаған қалалардың, медреселер мен кітапханалардың, сауда орталықтарының болғанын білеміз. Сыр бойында түркі әлемінің абызы Қорқыт Ата жатыр. Осы өлкеде Оғыз бен Қыпшақ империяларының астаналары Жанкент пен Сығанақтың іздері сайрап жатыр. Асан Қайғы атап кеткен кіндігінде Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқан, кезінде Ұлы көштерге себеп болған Ұлы жібек жолының негізгі тармақтары осы өңірде орналасқан.

Мінеки, Сіздер жақсы білетін киелі Сырдария өзенінің жағасында жиде деген мәуелі ағаш өседі. Хош иісті, емдік қасиеттері мол. Жиде осы аймақта кезінде мейманасы асып, мерейі тасыған үлкен қағанаттардың салтанат құрғанының куәсі болған байырғы ағаш.  Жалпы, жиде жылына екі рет гүлдейді. Мұның символикалық мәні бар. Яғни, кезінде Отырарға, Яссауиге және басқа да рухани орталықтарға негіз болған бұл қасиетті де киелі өлкенің де біз бүгінде «екінші ренессансының», екінші рет қайта гүлденуінің куәсі болудамыз. Ғаламның Аристотельден кейінгі «екінші ұстазы» аталған әл-Фарабидің биыл Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастауымен, ЮНЕСКО-ның қолдауымен 1150 жылдығын атап өтудеміз. Сондай-ақ, ұлтымыздың ұстазы, хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қоғамда үлкен рухани ізденістерге, жаңалықтарға арқау болуда. Сондықтан Елбасы мен Президенттің ұйғарымдарына сәйкес осы екі рухани тұлғаларға арналған ескерткіштердің рухани астанамыз Түркістанда тұруы әрине заңдылық,  қажеттілік. Өйткені бұл ескерткіштер жаңа тәуелсіздік заманында біздің рухани, ұлттық жаңғыруымызға қолдаушы әрі куәгері болар деген үміттен шыққан ниет-шара.

Біз бабалардан жеткен дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды қастерлеп, барша рухани құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз. Осы сапарда біз дәстүр бойынша әуелі дала кемеңгері әл-Фараби дүниеге келген қасиетті Отырарға арнайы соқтық. Сонымен бірге, халқымыздың санасына сіңген «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген өсиеттің де орындалғанын қалап, бірінші сол киелі топыраққа қадам бастық.

Ендеше, тілек ниетімізді Жаратқан иеміз қабыл етсін, құрметті қауым! Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Халқымызды көкте Алла, жерде аруақтар қолдасын! Әумин!


Вернуться назад Вернуться назад Twitter Facebook Печать