National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2005 жылғы 16 ақпан.


ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ САЯСИ ЖЕДЕЛ

ЖАҢАРУ ЖОЛЫНДА

 

•  Біз неден бастадық

 

•  Біз жалпы ішкі өнімді екі есе ұлғайтып, бірлесіп тағы да бір Қазақстан орнататындай межеге жақындадық.   Біз ойдағыдай жұмыс істеп жатқан нарық экономикасын құрдық Біздің өміріміз жақсара бастады.

 

•  Біз тарихымызда тұңғыш рет Шығыс Азия мемлекеттерінің тәжірибесін және өзіміздің көпұлтты әрі көп дінді қоғамымыздың ерекшелігін ескеріп, Батыс демократиясының қағидаттарына сай келетін тәуелсіз мемлекетімізді орнаттық.

•  Біз Қазақстанды Орталық Азияның көшбасшысына, халықаралық құрметті әріптеске, халықаралық лаңкестікке, есірткінің жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы белсене күресетін мемлекетке айналдырдық.

•  Біз қайда бара жатырмыз?

3. Қазақстаннның жеделдетілген экономикалық және әлеуметтік прогресі

3.1 Инновациялық экономика құру және шикізаттық емес секторды дамыту

3.2 Шағын және орта бизнес туралы

3.3. Аграрлық мәселелер

3.4 Қаржылық сектор мәселелері

3.5 ХХІ ғасыр деңгейінде білім беру мен кәсіптік даярлау

3.6 Ана, бала, аға ұрпақ

3.7 Тұрғын үй мәселелері

3.8 Рухани даму мен конфессиялар аралық келісім

3.9 Жоғарыда айтылған сөздердің бүгінгі күні әрбір отбасы үшін, әрбір қазақстандық үшін мәнісі неде?

4.    Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңі

4.1 Саяси реформалардың жалпы ұлттық бағдарламасы

4.2 Қолданылып жүрген Конституциямыздың әлеуетін одан әрі пайдалану

4.3 Атқарушы билік реформасы

4.4 Биліктің заң шығарушы тармағының саяси беделін күшейту туралы

4.5 Сот жүйесі мен азаматтарды құқықтық қорғау реформасы

4.6 Сайлау туралы

4.7 Азаматтық қоғам институттарын дамыту туралы

4.8 Сыбайлас жемқорлық пен қылмысқа қарсы күрес туралы

5.   Қазақстан қазіргі әлемде

5.1 Біздің сыртқы саясаттағы басымдықтарымыз

5.2 Бізді бүгін не алаңдатып отыр?

5.3 Өңірдегі жағдай туралы

6.   Біздің туған Қазақстанымыз үшін жауапкершілігіміз

Құрметті қазақстандықтар! Ардақты ағайын!

 

1. Біз неден бастадық

 

 

Біздің өмірімізді түбегейлі өзгертіп, Қазақстан тәуелсіздікке ие болған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының тарихқа озғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Сана мен сезімнің шиеленісі мен ширығуы жағынан бұл ерекше жылдар болды. Бұл біздің мемлекетіміздің алдағы жүрер жолын айқындайтын аса маңызды шешімдер қабылданған жылдар болды, сол кезде қабылданған бір ғана бұрыс шешім еліміздің жүрер жолының бағыт-бағдарын елеулі өзгеріске ұшыратуы әбден ықтимал еді. Осы уақыттың ішінде халық менің елімізге басшылық етуіме өзінің шынайы сенімін білдірді. Мен болсам, Сіздердің сенімдеріңізді ақтауға тырысып. біздің стратегиялық бағытымыздың негізгі бағдарларын әр жыл сайын өздеріңізбен бірге саралап келемін.

 

Міне, бүгін, араға он бес жылдай уақыт салып, мен сіздерді біздің бірлесе атқарған жұмысымыздың қорытындысын шығаруға шақырып отырмын. Біздің мақтан тұтарлық істеріміз жеткілікті.

Біз неден бастадық, жол басында қолымызда не болды, сол кездегі біздің нақты мүмкіндіктеріміз қандай еді?

Әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуал шын мәнінде сын көтермес күйде еді. Қазақстанның экономикалық және саяси мүмкіндіктері сырттан осылай бағаланды: экономикасы әлжуаз, қазынасы бос, саяси жүйесі балаң, Кеңестер Одағы заманының Конституциясы бойынша өмір сүріп жатқан, одан бар болғаны белгілі бір әскери әлеует қана еншілеген ел саналдық.

Былайғы дүние бізді көзге де ілген жоқ, әлемдік қоғамдастықты біздің ядролық қару–жарағымыз ғана алаңдатты.

Енді 20 – 25 жылдан кейін мемлекеттік басқарушылардың жаңа ұрпағы «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясының» қорытындысын шығарып, біздің әуел бастағы әлеуетімізді және өзгерістердің нәтижесін елеп-екшер болса: «Шынымен, солай болды ма екен», деп таң-тамаша қалары анық.

Сонда олардың бізге қызыға қарарына көзім әбден жетеді. Біздің батылдығымызға, жігерімізге, қабілетімізге, сайып келгенде, еркіндігімізге қайран қалары анық. Өйткені бүгінгі күні біз жасаған дүниені рухы күшті жандар ғана жасай алатын еді.

Біз алдымызға анық та айқын мақсат қойдық: біз жақсы өмір сүргіміз келді, біз еркіндікке ұмтылдық, біз бәрінен де бұрын балаларымыз бен немерелеріміздің лайықты өмір сүруін қаладық. Бұған сіздер мен біздер өз ғұмырымыздың біраз жылдарын арнадық. Еңбегіміз еш кеткен жоқ, біз бүгінгідей биікке көтерілдік.

Өзіміздің төл теңгеміз айналысқа енген, экономикалық тәуелсіздігіміз аныққа шыққан 10 жыл кезеңді алайықшы. Бұл 10 жыл - елімізді тұрақты еткен, экономикамызды өркендеткен төл Конституциямыздың да мүшелді мерекесі.

 

2. Біз жалпы ішкі өнімді екі есе ұлғайтып, бірлесіп тағы да бір Қазақстан орнататындай межеге жақындадық

 

 

2. 1. Біз ойдағыдай жұмыс істеп жатқан нарық экономикасын құрдық.

 

 

Экономиканы түпкілікті реформалауға бағыт ұстап, біз қысқа мерзімнің ішінде нарықтық реформаларды жүргізе білдік, тиісті заңнамамызды жасауға қол жеткіздік. Бүгінгі таңда Қазақстанда нақтылы жұмыс істеп тұрған нарықтық экономика бар.

 

Егер осыдан он жыл бұрын жан басына шаққандағы жалпы ішкі өніміміз жеті жүз доллардан сәл ғана асса, 2004 жылдың соңында ол екі мың жеті жүз долларға жетті, ендеше биылғы жылы біздің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өніміміз енді үш мың доллардай болады деген болжамымыз бар.

Мен 2010 жылы жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімді 5800 АҚШ долларынан асатын мөлшерге, яғни Чехия, Венгрия, Польша, Малайзия сияқты елдердің бүгінгі деңгейіне, ал 2015 жылы шамамен 9000 АҚШ доллары мөлшеріне жеткізуге күшіміз жетеді деп санаймын. Жалпы сатып алу қабілетінің шамасы жағынан бұл цифрларға біз қазірдің өзінде жақынбыз.

Біз еліміздің жалпы ішкі өнімін 2000 жылмен салыстырғанда, 2010 жылы екі есе ұлғайтуды жоспарласақ та, бұл көрсеткішке 2008 жылы-ақ жететінімізге сеніміміз мол.

Бүгін экономикалық өсудің негізгі көзі елдің шикізат әлеуетін пайдалану болып отыр. Көмірсутегі шикізатын өндіру көлемін 1985 жылмен салыстырғанда, біз 225 пайыз ұлғайтуға қол жеткіздік, ал былайғы дүниеде ол небәрі 1,3 есе шамасында ғана өсті.

Экономикаға 30 миллиард АҚШ долларындай тікелей шетел инвестициясы тартылды . Бұл өте жоғары көрсеткіш. Бүгінгі Қазақстанның тұрақты, тиімді әрі сенімді әріптес екені барша инвесторларға әлдеқашан аян ақиқат.

Қазақстанның қаржы жүйесі де топжарғандар қатарында танылды, ал мұны жетекші халықаралық сарапшылардың өздері мойындап отыр.

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып, тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, сыртқы қолайсыз факторларға тәуелді болмау үшін Ұлттық қор құрды.

Бүгінгі күні Ұлттық қорда 5,3 миллиард доллар жинақталып отыр. Ұлттық қорды қоса есептегенде, еліміздің алтын-валюта резервтері, тұтас алғанда, 14 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. Осыдан 10 жыл бұрын бұл жайында армандаудың өзі қиын еді.

Біз ашық сыртқы сауда саясатын дәйекті жүргізіп келеміз. Айталық, 2004 жылы сыртқы сауда айналымы көлемінің оң сальдосы 7 миллиард доллардан асатын 33 млрд. АҚШ долларына жетті. Бұл 1994 жылмен салыстырғанда, 3 еседен астам өсті деген сөз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында негізінен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ауқымымен шектелген біздің сыртқы саудамыздың географиясы да біршама тарамдала түсті.

Қазақстан тауар айналымының құрылымында 2004 жылы Еуропалық одаққа мүше елдер, Ресей, Швейцария мен Қытай алғашқы орындарға шықты.

Осылайша біз өзіміздің әлемдік экономиканың бөлінбес бөлігіне айналып, жаһандық бәсекелестік арнасына еркін енгенімізге анық көз жеткіздік.

 

2.2. Біздің өміріміз жақсара бастады

 

 

Бүкіл дүниежүзілік банктің сыныптамасы бойынша қазіргі уақытта Қазақстан кірісі орта деңгейдегі елдердің тобына кіреді.

 

Егер өмір сапасының негізгі көрсеткіштерін салыстыратын болсақ, онда соңғы 10 жылда қазақстандықтардың орташа ақшалай кірісі 5 есе; ал орта айлық жалақысы 6 есеге жуық; ең төменгі табыс мөлшері 25 есе; зейнетақылардың орташа айлық мөлшері 4,6 есе; жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері мен бір кісінің жасайтын салымының көлемі тиісінше 35 және 37 есе өскенін көреміз. Биылғы жылы кепілді тегін медициналық көмек көлеміне жұмсалатын мемлекеттің шығысы 2003 жылмен салыстырғанда 1,7 есе өсті.

Экономикамыздың қарқынды өсуі мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік бағдарлануын едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді, мұның өзі экономикамыздың айтарлықтай бекемдік деңгейіне жеткенін айғақтайды.

Біз айрықша қысқа мерзімнің ішінде еліміздің дәл орталығында жаңа астанамызды тұрғыздық . Көрген жанның бәрі Астана көркіне тәнті болып жүр. Астана қазақстандықтардың мақтанышына айналды.

 

2.3. Біз тарихымызда тұңғыш рет Шығыс Азия мемлекеттерінің тәжірибесін және өзіміздің көпұлтты әрі көп дінді қоғамымыздың ерекшелігін ескеріп, Батыс демократиясының қағидаттарына сай келетін тәуелсіз мемлекетімізді орнаттық.

 

 

Біз демократия жол басы емес, ол алдағы мақсатымыз екенін ешқашан естен шығарғамыз жоқ. Біз демократияны декретпен енгізуге болмайтынын, оны жан-жүрегіңмен түйсіну керек екенін білдік.

 

Қазақстан мемлекеттілігі біржолата орнықты. Біздің еліміз өз саяси дамуының үлгісі жағынан батыс демократиясына және әлеуметтік ілгерішілдігі мен саяси саналуандығы бүкіл әлемге танылған «жаңа» азиялық демократия дегенге де жақын.

Біз саяси өмірімізді либералдандыру жөнінде де айтарлықтай табыстарға жеттік. Бұл тұста мыналарды айтсақ та жеткілікті:

- Қазақстанда демократиялық институттардың дамуы дәйекті жүргізіліп келеді; еркін демократиялық сайлаулар үнемі өкізіледі; тежемелік әрі тепе-теңдік негізінде билік тармақтарының ара-жігін ажырату қағидаты жүзеге асырылып жатыр;

- Қазақстанда саяси саналуандық және көппартиялылық орныққан; кез келген қазақстандық кез келген қоғамдық және саяси бірлестікке еркін кіре алады;

- 5 мыңнан аса үкіметтік емес ұйымдарды қоса алғанда, азаматтық қоғам институттары мен құрылымдары жасақталып, жұмыс істеуде;

- Қазақстанда тәуелсіз сот жүйесінің негіздері қаланып, заңның жоғарылығы дәйекті қамтамасыз етіліп келеді. Біздің қоғамда сот жүйесіне деген сенім барған сайын арта түсіп отыр;

- Қазақстанда сөз бостандығы қаматамасыз етілген, цензура жоқ; мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары құрылып, жұмыс істеуде. Осы орайда бұрынғы шақырылған Парламентте БАҚ еркіндігін шектеу әрекеті байқалғанын, сонда мен дүдәмал заң жобасына тоқтау салғанымды естеріңізге сала кеткім келеді, сөйтіп мемлекет өзінің баспасөз бостандығы жолындағы бағытының мызғымайтынын тағы да қуаттап берді;

- Қазақстанда адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету саласында маңызды қадамдар жасалып, елеулі нәтижелерге қол жетті; Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институты құрылды; Қазақстан адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенцияларға қосылды. Құрамы жөнінен көрнекті әрі беделді Демократия мен азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі Ұлттық комиссия жұмыс істейді;

- Қазақстанның кез келген азаматы елден шыға да және қайтып орала да алады;

- бүгін кез келген қазақстандықтың өзінің қалауына қарай қызметпен шұғылдануға құқығы бар;

- әркімнің өз балаларын тиімді деп тапқан жерлерде оқытуға құқығы бар;

- әрбір қазақстандықтың сайлауға және сайлануға құқығы бар;

- Қазақстан діни сенім-наным бостандығын қамтамасыз етіп, конфессиялар аралық келісім мен діни теңқұқылық саясатын дәйекті жүргізіп келеді. Бізде түрлі конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруі қамтамасыз етілген, әрі діни экстремизмге қарсы дәйекті күрес жүргізіледі. Астанада өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съезі еліміздің бітімгершілік әлеуетінің өсіп келе жатқанының айқын айғағына айналды;

- Қазақстанда өлім жазасына мораторий енгізілген;

- біз Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстың туындау тамырын құрттық;

- Қазақстан ТМД-да бірінші болып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде заң қабылдады, әрі бұл бағытта алдағы уақытта да жалғаса беретін дәйекті жұмыс жүргізіліп келеді.

Осыдан 10 жыл бұрын мұның бірі де болып көрмеген еді, ал бүгін өмір бойы осылай болып келе жатқан сияқты.Осының бәрі де қуатты президенттік билік институтының сақталуымен ұштасып, елімізге өткен дәуірдің сарқыншақтарын еңсеріп, Достастық мемлекеттерінің көпшілігіне қарағанда, неғұрлым жоғары қарқынмен даму үшін мүмкіндіктер туғызған шығар деп санаймын.

Сөйтіп, біз бүгін саяси жүйені жаңартудың белгілі бір белесіне көтерілдік. Өткен жылы бізге келіп қайтқан ЕҚЫҰ төрағасы Соломон Пассимен кездесуіміз кезінде ол: «соңғы жылдары Қазақстанда демократиялық реформалардың айрықша ілгері басқаны байқалып отыр»,- деп атап көрсеткен еді.

 

2.4. Біз Қазақстанды өңірдің көшбасшысына, халықаралық құрметті әріптеске, сондай-ақ халықаралық лаңкестікке, есірткінің жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы белсене күресетін мемлекетке айналдырдық.

 

 

Біз қаруланбау мен ядролық қарусыздану жолын таңдап алып, әлемдік қауымдастықтың алдында өңірлік қауіпсіздік факторына айналдық. Қазақстан Семей ядролық сынақ полигонын өз еркімен жапты. Әлемдегі төртінші ракеталық-ядролық әлеуетінен бас тартып, күллі дүниеге үлгі көрсетті.

 

Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестердің бастамашысы әрі белсенді қатысушысы болды.  
Біздің еліміздің әлемдік аренадағы есімі Азиядағы Өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы ұсынысымен тікелей астасып жатыр десек асыра айтқандық емес. Өзіндік төлтұма құжат – Сенім шараларының каталогын қабылдаған Сыртқы істер министрлерінің Алматыдағы соңғы кездесуі - мен 1992 жылдың өзінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жасаған бастаманың ойдағыдай іске асуының жақсы айғағы.

Егер 1991 жылы әлемдік қоғамдастықтың іс жүзінде Қазақстанға қандай да бір ықыласы аумай келсе, бүгінгі күні Қазақстанды әбден танып, құрметтеп отыр.

Таяуда белгілі Ресей ғалымы академик А. Аганбегян атап көрсеткендей, «Қазақстан мен Қытай сияқты екі ел бүгінгі таңда жоғары экономикалық даму қарқынына жетіп отыр».

 

2.5. Біз қайда бара жатырмыз?

 

 

Мен жүзеге асқан бастамаларымызды баяндап бердім. Біз бірлесе отырып, еркін экономика мен ерікті ұлт жасақтау жолында алға жылжуымызға қажетті берік негіз қаладық.

 

Қазақстан бүгін әлемнің ең серпінді дамып келе жатқан елдерінің бірінен саналады, бұл да барша жұрт таныған ақиқат.

Қымбатты отандастарым! Сіздер менің ұлттың бастаушысы болуыма сенім жүктеп қана қойған жоқсыздар, сіздер әрдайым менің жанымнан табылып, сөздеріңізбен де, істеріңізбен де, мені әрдайым қолдап отырдыңыздар, сол үшін де мен сіздерге шын көңіліммен ризамын.

Біздің болашағымызды мен өзіме қалай елестетемін?

Еліміздің экономикалық және саяси дамуындағы түбегейлі жаңа кезең, Қазақстанды одан әрі жаңарту мен демократияландыру – біздің күн тәртібіміздегі мәселе осындай.

Сондықтан да алдағы уақытта менің күш-жігерім:

- мемлекеттілікті нығайтуға, Қазақстанды осы заманғы демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде дамытуға;

- еліміздегі және өңірдегі бекем тұрақтылықты нығайтуға; өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға;

- жаһандану талаптарына сәйкес экономиканы серпінді дамытуға және шикізаттық емес секторларды ілерілетуге баса ден қоя отырып, жаңа технологияларды дамытуға;

- білім беруді, кәсіптік даярлық пен әлеуметтік саланы 21 ғасырдың деңгейіне көтеруге;

- азаматтық қоғамды дәйекті дамыта беруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге;

- қазақ халқының моральдық және рухани құндылықтарын одан әрі дамыта беруге;

- діни негіздегі жатсынбаушылық пен конфессиялар аралық келісімді қамтамасыз етуге;

- сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске;

- лаңкестікке, есірткі саудасына, кез келген түрдегі экстремизмге қарсы жаһандық күреске бағытталады.

Ендігі бір айтқым келетін жәйт: Қазақстан бүгін Еуропа мен Азия арасындағы коммуникациялар легінің түйіскен тұсында тұр. Біздің міндет - осынау бірегей геосаяси жағдайымызды өз еліміз бен халықаралық қоғамдастықтың мүддесі үшін ұтымды пайдалану.

Бүгін мен өзіміздің бұдан былайғы жаңғыруымызды жеделдетудің нақтылы жоспарын ұсынғым келеді. Соған сәйкес біз өзіміздің 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған іс-қимылымызды реттейтін боламыз.

 

3. Қазақстанның жеделдетілген экономикалық және әлеуметтік прогресі

 

 

Қазақстан өз азаматтары үшін өмір сүрудің жоғары стандарттарын жасай отырып, әлемнің тиімді дамып келе жатқан елдерінің қатарына қосылуға тиіс. Біз мұны ұлтымыз бен экономикамыз бәсекеге қабілетті болған жағдайда ғана істей аламыз.

 

 

3.1.Инновациялық экономика құру және шикізаттық емес секторды дамыту

 

 

Біз экономиканы диверсификациялауға бағытталған Индустриялық – инновациялық стратегияны іске асыра бастадық. Бұл болашақтың бағдарламасы.

 

Біз бәсекеге қабілетті экономиканың үлгісін таңдай отырып, бәсекелестікке қарымы мол басым салаларды дамытуға кірістік, сол арқылы қазақстандық кластерлер жүйесінің дамуына жол аштық.  
Биылғы жылдың ортасына қарай біздің қолымызда нарықтың туризм, мұнай-газ машиналарын жасау, тамақ және тоқыма өнеркәсібі, көлік-логистикалық қызмет көрсету, металлургия және құрылыс материалдары сияқты салаларда, кемінде 5 -7 кластерін жасау мен дамытудың жоспары болуы керек деп санаймын. Ел экономикасының шикізаттық емес салалардағы ұзақ мерзімдік мамандануын, міне, солар айқындайтын болады.  
Біз өзімізді жаңа технологиялар мен жаңа экономика әлеміне енгізетін экономикалық дамуды басқарудың түбегейлі жаңа жүйесі – Ұлттық инновациялық жүйе жасауды қолға алдық.  
Индустриялық-инновациялық дамудың инфрақұрылымы қазірдің өзінде қалыптасты. Мемлекеттік даму институттарын капиталдандыру жыл басында 730 млн. АҚШ долларын құраса, инвестициялық жобалар портфелі 1 млрд. 200 млн. АҚШ долларынан асып отыр.

2004 жылы 204 инвестициялық жоба іске асырылса, соның тең жартысы даму институттарының қолдауымен жүзеге асты.

Біздің стратегиялық міндетіміз – бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан лайықты орын алу. Сондықтан да мемлекет пен жеке меншік сектор өзара сенім мен тиімділікке негізделген әріптестік қатынастарын жолға қоюы керек.

 

3.2. Шағын және орта бизнес туралы

 

 

Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсіпорындары санының 90 пайыздан астамын құрайды, көптеген дамыған елдерде олар жалпы ішкі өнімнің 50 пайыздан астамын береді.

 

Сондықтан да біздің шағын және орта кәсәпкерлікті дамытудың түбірінен жаңа идеологиясын түзуіміз қажет. Біз кәсіпкерлік ортаның бастамашылығын іске асыру үшін қолайлы жағдай туғызуымыз керек.  
Әрбір іскер қазақстандық осы ортаға кірігіп, инновациялық экономикадағы өз орнын табуға тиіс.  
Қазақстандықтардың бастамашылығына кең өріс ашу үшін жағдай жасалды, кәсіпкерлер ендігі жерде осы мүмкіндіктерді пайдалана білсе игі!  
Мен өңірлерді экономикада өршіл болуға шақырамын.  
Ендігі жерде жаңа идеологияға сәйкес заңнаманы сапалық жағынан жақсарту міндет.  
Қысқасы, сөзден іске көшетін, мемлекеттік кәсіпорындар мен мегахолдигтердің, ең алдымен ірі мемлекеттік компаниялар мен монополиялардың өздеріне үйлеспейтін міндеттерін шағын және орта бизнеске беру жөніндегі жұмысты тындыратын сәт туды. Сол арқылы біз бизнеске тың тыныс ашамыз.  
Бұл ретте бірқатар стратегиялық маңызды мемлекеттік компаниялар акцияларының пакеттерін басқаруды арнайы құрылатын мемлекеттік холдинг компаниясына беру қажет. Әлбетте бұл шараларға қарсыласу да, сөз бұйдаға салу да болмай қоймайды. Бірақ Үкіметтің батылдық танытып, бұл іске мықтап кірісетін кезі келді.  
Келесі бір мәселе туралы. Даму банкі мен Инвестициялық қорға барлық кәсіпкерлердің қолы жете бермейді. Сондықтан «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» өзіндік бір «үлкен қаржылық маркетке» айналуға тиіс. Біз Қорға биылғы жылы респубикалық бюджеттен қосымша 10 млрд. теңге бөлеміз, сонда шағын бизнес субъектілерін кредиттеу мүмкіндігі 25 млрд. теңгеге дейін өседі. Биылдан бастап, банк кредиттеріне кепілдік беру мен сақтандыруды жүзеге асыруды қолға алу керек. Мұның өзі қомақты мемлекеттік қолдау болмақ.

 

3.3 Аграрлық мәселелер

 

 

Биыл үш жылдық аграрлық азық-түлік бағдарламасын іске асыру аяқталады. Біз еліміздегі аграрлық бизнесті мемлекеттік реттеу мен қолдау жүйесін негізінен қалыптастырдық. Үстіміздегі жылы ғана ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға республикалық бюджеттен 57,9 млрд. теңгеден аса қаржы бөлінеді. Бұл рекордтық сома.  
«Агроөнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заң қабылдау қажет.  
Алдағы уақытта Бүкіл дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіміз, біз бұл мәселені талай мәрте талқылаған болатынбыз, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігіне айрықша талаптар қоятын болады. Ендігі жерде ауыл шаруашылығы шикізатын өндіру мен өңдеу саласында кластерлік бастамашылықты іске асыру арқылы аграрлық өндірісті индустрияландыруға айрықша назар аудару қажет деп санаймын. Жеке меншік сектордың назарын нақ осыған аудару керек, сондай-ақ кредиттерді де, атап айтқанда, агроиндустриалдық саясат арнасында, осында тарту керек.

 

 

3.4. Қаржылық сектор мәселелері

 

 

Қаржы секторын одан әрі дамыту үшін қазір құнды қағаздар нарығын дамыту мен 2005 – 2007 жылдары жинақтау зейнетақы жүйесін дамыту бағдарламалары қабылданды. Енді тек жұмыс істеу керек.  
Банктердің қызметі ашықтықтың айтулы өнегесі болуға тиіс. Ең алдымен, мұның меншік құрылымы мен аффилирленген тұлғалар туралы мәліметтерге қатысы бар. Банк қабылдайтын шешімдерге елеулі ықпалы бар барлық тұлғалар уәкілетті органның келісімін ала отырып, өздерінің мәртебесін нақтылай түсулері керек. Банктердің инвестициялық қызметіне қойылатын талаптарды топтасу негізінде ретке келтіру қажет. Аффилирленген тұлғалармен жасалатын мәмілелер банктерді тәуекелге барғызбауы шарт. Қаржылық қадағалау агенттігінің бұл жұмысты батыл жүргізуі міндет.

 

 

3.5. ХХІ ғасыр деңгейінде білім беру мен кәсіптік даярлау

 

 

ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біздің болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін қадрлар қорын жасақтауымыз қажет. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз.

 

Демек барлық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шаралар қолдануымыз шарт.

Қазақстан жоғары оқу орындарының міндеті - әлемдік стандарттар деңгейінде білім беру. Ал жетекші оқу орындарының дипломдары күллі әлемде танылуға тиіс. Олар мұны істеуге міндетті.  
Біздің әрбір қазақстандықтың жоғары білім алуына нақтылы кепілдік беруіміз керек.  
Студенттердің оқуын бюджеттен қаржыландырудың бірыңғай жүйесін құру мақсатында Үкіметке білім беру кредиттерінің есебінен білім беруге арналған кредиттердің мөлшерін 50 пайызға арттыруды тапсырамын.  
Сонымен бір мезгілде осы аталған кредиттердің қайтарылуына мемлекеттің кепілдігін беруді қамтамасыз ете отырып, екінші деңгейдегі банктер арқылы студенттерге кредит бөлудің осы заманғы жүйесін жасау керек.  
Үкіметтің каникул кездерінде студенттерге тұрғын үйлер тұрғызатын құрылыс отрядтарында жұмыс беру, елімізді көгалдандырудың «Жасыл ел» бағдарламасын өрістетіп, бұл игілікті іске студенттерді қатыстыру мәселесін нақтылы қарауы міндет.

Енді оқытушылар жайында. Олардың проблемалары да бізге жақсы мәлім, бұл проблемалар шешіліп те жатыр, алайда бәрін бір сәтте шешіп тастау да мүмкін емес. Білім министрлігі Жоғары оқу орындарының ассоциациясымен бірлесіп, профессор-оқытушылар құрамына қолдау көрсету жүйесін ойластырғаны жөн. Айталық, қазірдің өзінде кез келген шетелде тәжірибеден өтуге баруды қарастыратын әрі бір жыл бойы ғылыми зерттеулер жүргізуге берілетін гранттың мәртебесіне ие «Үздік оқытушы» мемлекеттік стипендиясын тағайындауға болар еді.

Менің тапсырмам бойынша биылғы жылы Қазақ Ұлттық университеті мен Еуразия Ұлттық университетіне 20 шетелдік оқытушы кеңесшілер тарту үшін 2 млн. доллар бөлінді. Ендеше Батысқа танымал өзіміздің үздік мамандарымызды дәл осылайша неге марапаттамасқа!

Өзіміз зәру болып жүрген, әрі кадрларды сырттан шақыруға мәжбүр етіп отырған техникалық мамандықтарды бірінші кезекте дамыту керек деп санаймын.

Бәрі де мектеп қабырғасынан басталады. Сондықтан біздің 2008 жылдан бастап, 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшіп, педагогтардың кәсіптік деңгейін , оқулықтар мен білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруымыз керек.

Біз мұғалім мамандығының беделі мен абыройын қайтаруға міндеттіміз.

 

3.6. Ана, бала, аға ұрпақ

 

 

Біздің стратегиямыздың маңызды мәселесі – қоғамның ең бір әлсіз қорғалған мүшелерінің - балалардың, олардың аналарының және аға ұрпақтың өмірін лайықты қамтамасыз ету. Мемлекет бұл мәселелерді шешу үшін қаражат аямайтын болады. Біз балалар мен жүкті әйелдерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнінде нақтылы шаралар қабылдадық, енді оларды іске асыратын боламыз.  
2003 жылдан бастап, перзенттің дүниеге келуіне байланысты біржолғы жәрдемақы төленіп келеді.  
Биылғы жылдан бастап, біз әлеуметтік қамсыздандырудың идеологиясы барынша қарапайым үш деңгейлік жүйесін қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік реформаларды тереңдетудің үш жылдық бағдарламасын іске асыруды қолға аламыз. Біріншіден, бұл мемлекет кепілдік беретін негізгі әлеуметтік төлемдер. Екіншіден, бұл міндетті әлеуметтік сақтандыру. Ақыр аяғында, бұл кейіннен әлеуметтік төлемдерге айналатын азаматтардың ерікті жинақтаулары. Міне, осындай үш бастау азаматтарымыздың қарттық кезеңін лайығымен қамсыздандыруға тиісті жағдай туғызады.

 

 

3.7 Тұрғын үй мәселелері

 

 

Ендігі бір өзекті міндет – тұрғын үй проблемасын жеделдете шешу. Баспанаң болмайынша, түтін түтетіп, бала өсіру қиын.

 

Үкімет және барлық деңгейдегі әкімдер жауапкершілікті өздеріне алып, неге қабілетті екендіктерін қазақстандықтарға көрсетсін. Тұрғын үй құрылысы – біздің экономикамызды алға сүйреуші қуатты күш.

 

3.8 Рухани даму мен конфессиялар аралық келісім

 

 

«Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыруды жалғастыра беру, сөйтіп өткенді пайымдау арқылы қазіргі заман мәдениетін жан-жақты дамыту қажет.

 

Біз осы саланы мемлекеттік қолдаудың толымды бағдарламасын қалыптастыруымыз керек.  
Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігер жұмсауымыз керек.  
Қазақ топырағы арқылы барлық әлемдік діндер өткен, сондықтан да жатырқаушылық немесе діни фанатизм сезімі бізге жат. Осынау рухани дәстүр, Жаратушының қандай жолмен болса да түскен сөзіне жүрегіміздің ашықтығы – Қазақстандағы конфессиялар аралық татулықтың аса маңызды тұғырларының бірі. Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этностар аралық, конфессиялар аралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз. Еліміздің өсіп келе жатқан бітімгершілік әлеуеті алдағы уақытта да мұқият сақталып, дамытыла береді.

 

3.9. Жоғарыда айтылған сөздердің бүгінгі күні әрбір отбасы үшін, әрбір қазақстандық үшін мәнісі неде?

 

 

1. Биылғы жылдан бастап, біз іс жүзінде әрбір отбасының мүддесіне игі ықпалын тигізетін 2005 – 2007 жылдарға арналған әлеуметтік реформаларды одан әрі тереңдету бағдарламасын іске асыра бастадық.  
2. Үстіміздегі жылдан бастап, біз жекелеген сырқаттар бойынша бес жасқа дейінгі балаларды дәрі-дәрмекпен, ал жүкті әйелдерді – құрамында темір мен иоды бар препараттармен амбулаториялық деңгейде тегін қамтамасыз ететін боламыз.

 

3. 2006 жылдан бастап, диспансерлік есепте тұратын және амбулаториялық деңгейде жеңілдік шарттары қолданылатын балалар мен жасөспірімдерді дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етуге көшуіміз керек.

4. 2006 жылдан бастап, аз қамтылған отбасыларына 18 жасқа дейінгі балаларына ай сайынғы жәрдемақылар төленуге, 4 және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы аналарға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» белгілерімен марапатталған аналарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 4000 теңгеге дейін көбейтілуге тиіс.

5. Біз нәрестенің тууына байланысты бір жолғы жәрдемақыларды қазір де төлеп келеміз. Енді соларға қосымша бұрын жоспарланғандай 2007 жылдан емес, 2006 жылғы 1 шілдеден бастап, бір жасқа дейінгі сәбиді күту жөнінде мемлекеттік жәрдемақылар енгізу қажет деп санаймын.

6. Биылғы 1 шілдеден бастап, біз барлық зейнеткерлерге, еңбек өтіліне, жалақысы мен тағайындалған зейнетақысының мөлшеріне қарамастан, 3000 теңге мөлшерінде қосымша негізгі зейнетақылық төлем жасайтын боламыз. Осылайша ең төменгі зейнетақының мөлшері негізгі зейнетақылық төлеммен бірге 9200 теңгені құрайтын, ал зейнетақының орташа мөлшері 12 мың теңгеден асатын болады.

7. Биылғы 1 шілдеден бастап, біз жоғары оқу орындары студенттері, сондай-ақ орта кәсіптік білім беру ұйымдары оқушылары стипендияларының мөлшерін 2 еседен астам өсіретін боламыз.

8. Біз ең лайықты деген жастардың шетелдерде білім алуларына жәрдем жасаймыз. Жыл сайын үш мың үздік студентке «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде әлемнің ілгері жоғары оқу орындарында білім алулары үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінетін болады.

9. Бізде инженерлер мен технологтар бола алатын және болуды қалайтын дарынды жастар көп. Білім беру гранттары мен кредиттері – мемлекеттің оларға көрсететін нақты көмегі осындай. Жеке меншік секторын мен осы іске белсене қатысуға шақырамын.

10. Коммерциялық банктердің студенттерге таяудағы 5 жылда бөлетін кредиттеріне мемлекеттік кепілдік беру жүйесін іске асыру үшін қосымша 2 млрд. теңге, оның ішінде биылдың өзінде 600 млн. теңге бөлу қажет.

11. 2006 жылдан бастап, мүгедектердің барлық топтарына және жасына байланысты жәрдемақы алушыларға, сондай-ақ мемлекеттік арнаулы жәрдемақы алушыларға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды қосымша 1000 теңгеге арттыру қажет деп санаймын. Биылдан бастап, бұл жәрдемақылардың елеулі арттырылғаны мәлім.

12. 2006 жылдан бастап, асыраушысынан айрылған 247 мың отбасына 300-ден 1000 теңгеге дейінгі сомада қосымша қолдау жасау қажет.

13. Биылғы 1 шілдеден бастап, бюджет саласының қызметкерлері – мұғалімдердің, дәрігерлердің, мәдениет пен әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлерінің жалақысын орта есеппен 32 пайыз көтеру қажет деп санаймын. Ал 2007 жылдан бастап орта есеппен 30 пайыз көтеру қажет.

14. Негізінен алғанда жалақы мемлекеттік қана емес, жеке меншік секторда да өсуге тиіс. Осыған орай биылғы 1 шілдеден бастап, ең төменгі жалақы мөлшерін 9200 теңгеге дейін өсіру қажет.

15. Мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ бюджет саласының басқа да қызметкерлерінің жалақысын биылғы 1 шілдеден ота есеппен 32 пайызға, ал 2007 жылдан бастап, тағы да 30 пайызға көтеру, сөйтіп біріндеп оның мөлшерін жеке меншік секторына жақындата беру керек деп санаймын.

16. Ағымдағы жылы тұрғын үй құрылысы бағдарламасының шеңберінде бюджеттен бөлінген қаражаттың есебінен ғана халықтың әлеуметтік қорғалатын топтары үшін 1600 пәтер салу және ипотекалық бағдарлама бойынша халықтың қолы жететін арзан 11 700 пәтер салу қажет.

17. Тұтас алғанда қаржыландырудың барлық көздері арқылы үш жыл ішінде біздің 12 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 195 мың пәтер салуымыз керек. Бұл тұрғын үй құрылысы екі есе өседі деген сөз.  
Осы айтылғандардың бәрін де біз іске асырамыз, өйткені экономикамыздың жағдайы осындай мүмкіндіктер беріп отыр.

Экономикамызды жолға қойғаннан кейін, азаматтарымыздың жағдайын жақсартатын күннің туатыны жайында мен әрдайым айтып келген едім. Мен өзімнің уәдемді орындап келемін.

Экономикалық және әлеуметтік жедел жаңару бағыты Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамудағы өзінің көшбасшылығын одан әрі сақтап, сол арқылы капиталды, инвестициялар, технологиялар мен білімді, білікті кадрларды тарту орталығына айналуына мүмкіндік туғызуға тиіс.

Кәсіпкерлер біздің оларға қалыпты жағдай туғызып, артықшылықтар беретінімізді, бізде бизнестің қауіпсіз әрі келешегі мол екенін білгендері жөн. Ғалымдар мен жоғары білікті мамандар өз еңбектеріне бізде тиісінше сый-сияпат көрсетілетініне сенімді болу керек. Өнер адамдары өз қызметі лайықты бағаланатындықтарын сезінуі тиіс. Біз бұл үшін бәрін де жасаймыз.

Бұл біздің жетістіктеріміздің бағасы болмақ.

 

4. Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңі

 

 

Құрметті қазақстандықтар!

 

 

Осы жылдары біз еліміздің «әуелі экономика содан кейін саясат» деген айқын қағидатын ескере отырып, демократияландыру бағытында алға жылжыдық. Бұл өзін өзі ақтады. Байсалдылықтан жамандық көргеніміз жоқ. М. Тэтчердің «... мен мүмкіндігі әрі тәжірибесі жоқ кез келген елде, мейлі ол азиялық немесе азиялық емес ел болсын ешбір проблемаларға ұшыраспай бір деммен демократияны енгізу мүмкін дегенге сенбеймін» деген сөздерін еске түсірген орынды.

 

Басқа елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, демократия дегеніміз қоғамның барлық топтары үйренуге тиіс- барынша ұзақ процесс. Көптеген елдердің ғасырлар бойы қалыптасқан либералдық дәстүрлері бар, алайда олар шырқау биігіне әлі де жете қойған жоқ. Біз бәрін жоқтан бастаған едік қой және демократияның өзі – адамның ой-санасы мен мінез-құлық мәдениеті екенін ұмытпағанымыз жөн.

Осы пікірлер құрметтеуге лайық деп санаймын. Біздің шығыс даналығы, сабырлылығы мен сақтығы дәстүрлеріне адал болғанымыз абзал.

 

4.1. Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы

 

 

Біздің ортақ жетістіктеріміз саяси жүйені одан әрі жаңарту және демократияны дамыту жөніндегі жүйелі және көп бағытты жұмысқа көшуімізге мүмкіндік беріліп отыр.

 

Мен бүгін бастамалар дестесін – Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын ұсынып отырмын.  
Бұл бағдарлама мемлекеттік, саяси және қоғамдық институттарды реформалауға бірыңғай әрі біртұтас тұрғыдан келуді көздейді. Мұндай қадамның мәні- Қазақстанды батыс демократиясының дәстүрлері мен қағидаттарына және Оңтүстік Шығыс Азияның іргелі мемлекеттерінің тәжірибесіне, біздің көпұлтты және көпдінді халқымыздың дәстүрлеріне сәйкес одан әрі демократияландыру.

Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы бүкіл қоғамның үндесуі негізінде ғана жүзеге асырылуға тиіс екені анық.

2005 жыл тарихқа саяси реформаларды белсенді түрде алға бастыру мен оларды бүкілхалықтық талқылау жылы ретінде енуі керек.

Бұл жұмысқа Қазақстанның барлық азаматтары, көрнекті тұлғалар, қоғамдық пікірдің көшбасшылары, ел дегдарлары тартылуы тиіс деп санаймын, мұның өзі оған барынша ашық әрі бұқаралық сипат бере еді.  
Мен батыстық демократия елдері мен серпінді дамып келе жатқан Азия (Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Түркия және басқалары) мемлекеттерінен сыртқы сарапшы мамандар, сондай-ақ беделді саяси қайраткерлерді ынтымақтастық үшін шақыру мүмкіндіктерін жоққа шығара алмаймын.

Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасының талқылануын үйлестіруді Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияға жүктеймін.  
Бұл комиссия осы Жолдауда өзім баяндаған саяси бастамалар негізінде:

-жалпыхалықтық пікірсайыстың нәтижелерін талдау және қорытындылауға;

-пікірсайыс нәтижелері бойынша Жалпыұлттық бағдарламаның алғашқы заңнамалық жобасын әзірлеуге;

-Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде Президентке және Парламентке ұсыныстар әзірлеуге;

-сондай-ақ саяси реформалар пакетінің түпкілікті қабылдау және күшіне енгізу жөніндегі жұмысты үйлестіруге тиіс.

 

4.2 Қолданылып жүрген Конституциямыздың әлеуетін одан әрі пайдалану

 

 

Ең әуелі қолданылып жүрген Конституциямыздың әлеуетін барынша пайдалануымыз қажет.

 

Біздің Конституциямыздың әлемде демократиялық қоғамның негізгі міндеттеріне сәйкес келетіні танылып отыр.

Егер атына сын айтылып жүрсе, оның ережелерінің орындалуына қатысты болып жүр. Бүкіл әлемде демократия мен заңды сақтау ажырағысыз болып танылады.

Халқымыз қабылдаған ел Конституциясы бізге не берді?

Тиімді жұмыс істеп жатқан қос палаталы Парламент - еліміздің заң шығарушы билігі. Конституция оған ел бюджетін бекіту мен оның орындалуын бақылау құқығын берді.

Парламент көпшілік дауыспен Премьер-Министрдің, Ұлттық банк төрағасының тағайындалуына келісімін береді, Үкіметке сенімсіздік білдіруге, оны орнынан түсіру қажеттілігін мойындатуға құқылы, сондай-ақ кез келген министрді қызметінен босатуды талап ете алады.

Парламентте саяси партиялардың фракциялары өкілдік етеді.

Парламент ел Конституциясына өзгерістер енгізу құқығына ие.

Үкімет мүшелері Парламент палаталары алдында тұрақты есеп беріп отырады.

Сенат Жоғары сот судьяларын сайлайды, Бас прокурор мен ҰҚК төрағасын тағайындауға келісімін береді.

Біздің елімізде Президент, Парламент депутаттары мен мәслихат депутаттары баламалы негізде еркін және жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Конституциялық Кеңес, Есеп Комитеті сияқты маңызды мемлекеттік органдар тең негізде Президент, Мәжіліс және Сенат құрады. Орталық сайлау комиссиясын өз кезегінде Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша Мәжіліс сайлайды. Бұл тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің айқын белгісі.

Мұндай жағдайда әңгіме Конституцияда берілген құқықтарды анық пайдалану жайында болуға тиіс. Сондай-ақ заңдардың бұзылмауы нақтылы сақталуы жайында болуға тиіс.

 

4.3 Атқарушы билік реформасы

 

 

Қолымыз жеткен жағдайды және дамудың алдағы келешегін ескере келе,

 

- билікті одан әрі орталықсыздандыру;

- мемлекеттік басқару жүйесін реттеу мен оның тиімділігін арттыруға бағытталған атқарушы билікті реформалауды одан әрі жүргізу қажет деп санаймын.

Біз атқарушы билік жүйесін орталықсыздандыру бағытында белгілі қадамдар жасадық, әкімдердің сайланбалылығын енгізуге қажетті жағдай туғыздық. Біз биылғы тамыз айында облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аудандар әкімдерінің тәжірибелік сайлауларын өткіземіз және кезең-кезеңімен ауылдық округтер, ауыл, елдімекен әкімдерін сайлауды қолға алып, 2007 жылы оны аяқтаймыз.  
Сонымен бір мезгілде Үкіметтің Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін айқындайтын, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді шектеу процесін аяқтайтын заң жобаларын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізуі керек. Сонымен қатар Үкімет Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуын қолдау жөнінде Мемлекеттік бағдарлама әзірлеуге тиіс.  
Содан кейін ғана елімізде жергілікті өзін-өзі басқаруды түпкілікті енгізуге болады. Атқарушы билік қызметінің ашықтығы ережеге айналуы керек.

Қазір жергілікті атқарушы билік халықпен кездесіп, есеп беруде. Бұл дұрыс.  
Олар халықтың елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардан хабардар болуына, пікір алмасулар мен ұсыныстар жасауға мүмкіндік туғызады. Бұл – атқарушы органдардың халықтың алдындағы жауапкершілігі мен есептілігін арттыруға қол жеткізудің, халықты мемлекеттік басқару процесіне кеңінен тартудың бірден-бір жолы. Мұндай кездесулер қоғамдық-саяси өмірдің бұлжымас ережесіне айналуы керек.

Әкімшілік реформаларды одан әрі тереңдете беру қажет . Бұрынғы көнерген және ырыққа көнбейтін мемлекеттік тетікті үздік әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, азаматтарымыз мүддесі үшін осы заманғы қоғамдық-саяси процестерді серпінді басқаруға қабілетті тетікке айналдыру ісін аяқтауымыз керек.  
Алқалы орган ретінде Үкіметтің өзінің жұмысының тиімділігін және әрбір Үкімет мүшесі-министрдің дербес жауапкершілігін арттыру қажет.

Үкімет жеке өзі үшін және барлық атқарушы билік тармақтары үшін жауап береді. Оның еліміз Конституциясы өзіне берген құқықтар мен өкілеттіктерді толығымен пайдалануы керек.  
Жергілікті органдарға өкілеттіліктің бір бөлігін беру арқылы биліктің орталық деңгейінің қолындағы басы артық мемлекеттік функциялардың санын қысқарту қажет.

Осы заманғы басқарушылардан тұратын пәрменді әрі ең бастысы құрамы жағынан «аз да болса саз» болсын дегендей, оңтайлы мемлекеттік аппарат жасақталуға тиіс.  
Мемлекеттік органдар тарапынан азаматтар мен ұйымдарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мен мерзімін қысқарту үшін «Электронды Үкімет» қалыптастыруды жеделдету қажет.

Мемлекеттік қызметті жетілдіру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру – атқарушы билікті реформалаудың кілті болмақ.

Бұл үшін:

- мемлекеттің әкімшілік қызметтер көрсетуін жетілдіру;

- басқарудың бюрократтануын төмендету;

- мемлекеттік аппараттың кәсіби деңгейін оңтайландыру қажет.

Оған негіз бар. Қазақстанда қазірдің өзінде «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданған. Мемлекеттік қызметке қабылдау конкурстық негізде компьютерлік тестілеу арқылы жүзеге асырылады. Жылына мың жарымнан астам адам білім алатын Мемлекеттік қызмет академиясы құрылған.  
Үкімет өзінің күш-жігерін жалпы реттеушілік функциялар мен ереже туындатушылық жұмыстарға шоғырландыруы керек.

Оның құрылымы мемлекеттік саясат басымдықтарына сәйкес түзілуге тиіс болса, министрліктер – мемлекеттік қызметтің түрлеріне қарай нақты функционалдық бөлініс негізінде жасақталуға тиіс.  
Үкіметке мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен сапасын бағалаудың бірыңғай жүйесін әзірлеуді тапсырамын. Әрбір мемлекеттік ведомствоның тұтастай және жекелей алғандағы шенеуніктің қызметін бағалаудың стандарты атқарылған жұмысының тиімділігі болуға тиіс.

- Тұрғындарға қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға, «Жалғыз терезе» қағидаты бойынша тұрғындарға қызмет көрсету орталықтарын құру, мемлекеттік қызметшілер үшін (ИСО) сапа менеджменті жүйесін енгізу; сыйақыны қазіргідей жалақыға қосылып кететін үстемақыға айналдырмай, таңдаулыларға ғана беру; мемлекеттік қызметтің тәртібі мен этикасын сақтауды қамтамасыз ету керек.

 

4.4 Биліктің заңшығарушы тармағының саяси беделін күшейту туралы

 

 

Жоғарыда айтқанымдай, саяси жаңару процесі, ең әуелі, биліктің заңшығарушы тармағының саяси беделін күшейтуді талап етеді. Мұны қолданылып жүрген Конституцияның шеңберінде атқарған жөн және солай істеу қажет. Конституцияның әлеуеті әлі де толық пайдаланылып жүрген жоқ.

 

Орталық сайлау комиссиясын, Конституциялық кеңесті және Есеп комитетін құрудағы Парламенттің қос палатасының рөлін арттырудың қажеттігін де талқылау керек.

Парламенттік көпшілік негізінде Үкімет құрамын жасақтаудың тетіктері мен әлеуметтік-экономикалық сала министрлерінің кандидатураларын тиісті комитеттерде талқылау мәселелері де егжей-тегжейлі пысықтауды қажетсінеді.

Мұндай мәселелерді шешу халық өкілдерінің атқарушы билік органдарына деген ықпалы мен бақылауын жаңа деңгейге көтереді.

Сондай-ақ мәслихаттардың бақылау өкілеттіктерін кеңейтуді де қарастыру қажет. Бұл мемлекеттік билік жүйесін орталықсыздандыру, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің рөлін арттыру жолындағы маңызды қадам болады.

 

4.5 Сот жүйесі мен азаматтарды құқықтық қорғау реформасы

 

 

Біз демократиялық қоғамдастықтағы жалпыға ортақ стандарттарға сәйкес келетін кең ауқымды сот жүйесі реформасының қарсаңында тұрмыз. Сот жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу үшін және қоғамның қажеттіліктеріне сай келетін тиімді сот төрелегін жүргізу үшін Комиссия құрылып отыр.

 

Біздің алдағы уақытта мынадай мәселелермен:

- сот өндірісін оңайлату, оның объективтілігін, сондай-ақ сот актілерінің тұрақтылығы мен уақтылы орындалуын қамтамасыз ету;

- сот жүргізу шеңберінде және сот шешімдерін атқару кезеңінде азаматтар құқығына берілетін кепілдіктерді күшейту;

-сот корпусының тәуелсіздігін қамтамасыз ету заң шеңберіндегі әділетті шешімнің кепіліне айналуға тиіс;-судьялардың біліктілігін арттыру – мұның өзі Қазақстанның сот жүйесін 21 ғасырдағы шаруашылық, инвестициялық және сауда проблемаларына сәйкес келтіруге мүмкіндік береді;  
- қылмыстық сот жүргізу мен сот шешімдері шеңберінде адвокаттардың рөлін арттыруды қамтамасыз ету;  
- қылмыстық сот жүргізу тәжірибесіне алқа билер соты институтын енгізу қажет. Осы мақсатта 2005 жылы «Алқа билер туралы» заң қабылданып, «Сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы» Конституциялық заңға және алқа билер сотын енгізу мәселелері жөнінде басқа да заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізуге тиіс;

- сот рәсімдерінің ашықтығы мен анықтығын барынша қамтамасыз ету мәселелерімен шұғылдануымыз қажет.  
Соттардың тәуелсіздігі және әділеттілігі жөніндегі мәселеге арнайы назар аударғым келеді. Біз соттардың жалақысын көтердік, сөйтіп олар бүгінде табысы ең жоғары мемлекеттік қызметшілерге айналды. Біз судьялардың зейнетақымен қамтамасыз етілуін қоса есептегенде, оларға берілетін барлық әлеуметтік кепілдіктер пакеті жайында да ойланғанымыз жөн. Судьяларды лайығымен материалдық және әлеуметтік қамтамасыз етуді қажырлы да адал еңбектерінің өтеуі деп қана емес, жемқорлықтан сақтандыратын өтімді шараның бірі ретінде қарастырған жөн. Судьялар арасындағы парақорлықты адамгершілік тұрғыдан алғанда абыройсыздық деп бағалап қоймай, мұны экономикалық жағынан да тиімсіз етуіміз керек. Судья өз қызмет орнын қадірлеуге тиіс және заңды немесе кәсіби этиканы бұзған жағдайда өзінің мемлекеттік қызметте болу құқығынан ғана емес, барлық әлеуметтік кепілдіктерден де айырылатынын білуі керек.  
Мұның бәрі де қосымша бюджеттік шығындар жасауға мәжбүр етеді, бірақ ол өзін ақтайды. «Арзан сот төрелігі тым қымбатқа түседі» дейтін ежелгі мәтел осыдан шықса керек.

 

4.6 Сайлау туралы

 

 

Сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіру қажеттігін де талқылау міндет.

 

Орталық сайлау комиссиясына сайлау процесіндегі құқықтық қамтамасыз етудегі кемшіліктерге байыпты талдау жасауды тапсырамын. 2005 жыл ішінде Орталық сайлау комиссиясы халықаралық стандарттар мен қоғамымыздың даму деңгейіне толық сай келетін, сайлау тетіктерін сапалық жағынан жақсарту жөнінде тиісті ұсыныстар әзірлеп, енгізуге тиіс.

Мен тек осындай тұрғыда ғана барлық азаматтардың еркін әрі кепілді ерік-ниетін білдіруін қамтамасыз ететін дәйекті бағытты жүзеге асыруға болады деп білемін.

 

4.7. Азаматтық қоғам институттарын дамыту туралы

 

 

Ең бастысы – Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының, сөз бостандығының, бірлестіктер мен саяси ерік-жігердің білдірудің кепілдіктерін одан әрі дамыта беру.

 

Бізде қазірдің өзінде тиісті нормативтік база бар.

«Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтары жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Жарлыққа сәйкес омбудсменнің құқық қорғау мүмкіндіктері кеңейтілді, ендігі жерде нақтылы іс-қимыл қажет.

Сөз бостандығы – Қазақстанның аршынды демократиялық дамуының негізгі шарттарының бірі. Тәуелсіз Қазақстанда саяси себептер бойынша сотталған адамдар жоқ.

Сөз бостандығын, ақпарат алу мен таратуды қамтамасыз ететін барлық қажетті құқықтық және басқа да шарттар алдағы уақытта да дәйекті түрде жасалады әрі қорғалатын болады.

Сонымен қатар сөз бостандығын пайдаланудағы шектен шығушылыққа қатаң тосқауыл қойылуы шарт.

 

4.8. Сыбайлас жемқорлық пен қылмысқа қарсы күрес туралы

 

 

Қазақстан кеңестен кейінгі кеңістікте алғашқылардың бірі болып жемқорлыққа қарсы заңнама қабылдап, халықаралық конвенцияларға қосылды . Жазаланған шенеуніктер де аз емес. Көп іс тындырылды. Соған қарамастан, біз осы проблемамен шұғылданатын әрі өзіміз берген ақпараттарға сүйеніп біздің жұмысымызға баға беретін халықаралық ұйымдармен тиісінше жұмыс істей алмай жүрміз. Қазақстан біздің өңірде ғана емес, басқа да жерлерде кейінгі кезекке ығысып кетпегенін толық сеніммен айта аламын . Алайда өтпелі экономика сырқатының өзіне тән шығасысы да болмай қалмайды.

 

Уақыт өтті, ахуал өзгерді, ендігі жерде заңнама ізерлей талдау мен жетілдіруді талап етіп отыр. Шенеуніктердің сыбайластық іс-әрекетіне ерікті немесе еріктен тыс тиісті жағдай туғызатын заңға тәуелді барлық актілер қайта қаралуға тиіс.

Бизнесті мемлекеттік қызметтен түбегейлі бөліп тастау керек.

Акционерлік қоғамдардың, олардың қожайындары мен соларға іш тартатын тұлғалардың көмескілігін, банк жүйесінің көмескілігін, рұқсат беруші органдардың көптігін, заңды айналып өту үшін пара беретіндердің жазасыздығын және тағы басқа келеңсіздіктерді түбірімен отап тастайтын уақыт келді.

 

Бұл үшін не істеу керек?

 

 

1. Бір жерде ғана төлқұжат тіркеп, салық төлеушінің есептік нөмірі, жүргізуші куәлігі және т.б. құжаттар ала алатын, «жалғыз терезе» қағидасы бойынша тұрғындарға қызмет көрсететін орталықтар құру. Тәжірибе ретінде биыл Астана мен Алматыға осыны жасап көру керек.

 

2. Лицензиялар мен рұқсаттамалар санын күрт қысқарту.

3. «Қазақстан Республикасындағы акционерлік қоғамдар туралы» заңға тиісті өзгертулерді қабылдау.  
4. Мемлекеттік қызметші өз бизнесін сатқанын немесе басқаруға бергенін міндетті түрде жария етуге тиіс.  
5. Мемлекеттік қызметшінің жеке бизнеспен айналысуына және компаниялардың мүдделерін жақтауына тыйым салатын Ар-ұждан кодексін әзірлеу керек.

6. Тәртіптік кеңестерді Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке түпкілікті беру, орталық бюджетке ауыстыру және оларды заңгер мамандармен нығайту керек. Оған ал зейнет жасына жақындаған шенеуніктерді орналастырумен шұғылдану әсте қажеті жоқ. Кеңес мемлекеттік қызметшілердің этиканы және Ар-ұждан Кодексін орындауын қадағалауға тиіс.

7. Пара алушыларды ғана емес, пара берушілерді де жазалау керек.  
8.Бизнестегі жалақы деңгейіне жақындата отырып, мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру керек.  
Мен тиісті мемлекеттік құрылымдар мен лауазымды тұлғалардың іс-қимылын реттеу туралы жиі айтып келемін. Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттік дербес әрі тәуелсіз болуға тиіс. Оны Президенттің тікелей бағынысына көшірген дұрыс.

Үкіметке осы мәселелер бойынша нақты ұсыныстар енгізу мен оның орындалуын бақылауға алуды тапсырамын.  
Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілерді жемқор етіп көрсетіп, жөн-жосықсыз айыптауларды тыйып тастайтын кез де жетті . Егер бұл көпе-көрінеу жала болса, онда мұны мемлекеттік қызметші сот арқылы дәлелдеуі керек. Егер олай болмаған жағдайда, дабыл тексерілуі тиіс.

 

***

 

 

Мен сіздерге өзімнің саяси реформаларға көзқарасымды баяндап бердім. Аталған барлық мәселелерді қолданылып жүрген Конституцияның шеңберінде жүзеге асыруға әбден болады.  
Менің бастаған реформалардың талқылануы, және оны оппозицияның да талқылауы барысында, еліміздің бұдан былайғы саяси құрылымының түрлі нұсқаларының да қарастырылып жатқанын біз білеміз. Егер олар ел мен халықтың мүддесін көздейтін болса, онда оппозицияның пікірін де құрметтеу керек.  
Мен 2005-2007 жылдары алға қойған жұмысты аяқтауды ұсынамын. Сол кезде әрі қарай қалай жылжуымыздың керектігі айқындалады.

 

Мен Конституцияның тұрақтылығы – қоғамның тұрақтылығы екеніне кәміл сенемін. Ойланбай жасалған өзгерістер ел ішінде берекетсіздік туғызады. Конституцияның қандай да бір ережелеріне түзетулер енгізуді ұсынбас бұрын, қолымыздағы нұсқасын зейін қоя зерделегеніміз жөн.

Өзара бас қосып, осы мәселені егжей-тегжейлі талқылаған танымал заңгерлеріміздің үлкен тобына мен зор ризашылығымды білдіремін. Олар маған Конституцияны қорғау, оның тұрақтылығын қамтамасыз ету жайында өтініш жасады.

Ата заңға өзгертулер енгізуге болады. Бұл өзгертулердің басты мәселесі – халқымыз президенттік басқарудың қазіргі жүйесін бұдан былай да қолдай ма әлде елдегі толып жатқан саяси партиялардың билік жүргізуін қалай ма? Нақ сол себепті мен төл Конституциямыздың мүмкіндіктері жайында мен тағы да қайталап айтып тұрмын.

Ең демократиялық шешім халықтың өзінің еркі деп ойлаймын. Уақыты жеткенде, біз азаматтарымызға бұл жөнінде сауал салатын боламыз. Сөйтіп, біз халқымыз бен еліміздің қажетіне қарай шешім шығаратын боламыз.

 

5. Қазақстан қазіргі әлемде

 

 

5.1 Біздің сыртқы саясаттағы басымдықтарымыз

 

 

Біздің басымдықтарымыз өзгеріссіз күйінде қалады. Бұл– ХХІ ғасырдың ығытына қарсы тұруға қабілетті әрі ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге бағытталған, белсенді, жан-жақты және үйлесімді сыртқы саясат.  
Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамыту басым бағыттар болып қала береді. Азия мен Таяу Шығыстың негізгі елдерімен өзара іс-қимылға зор маңыз беріледі.  
Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ел ішіндегі реформаларға қолайлы жағдай туғызу мақсатында Үкіметтің алдында осы мемлекеттермен арадағы негізгі шарттар және келісімдерді бұлжытпай жүзеге асыру міндеті тұр.

 

Осыдан бір ай бұрын Мәскеуде қол қойылған Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараларды делимитациялау туралы шарттың тарихи маңызы зор. Тарихымызда тұңғыш рет біз өзіміздің стратегиялық әріптесіміз Ресеймен заң жүзінде ресімделген мемлекеттік шекараға ие болдық.

Осылайша біз соңғы жылдары ұзына бойы 14 мың километрден асатын шекараны толығымен межелеуге қол жеткіздік. Бұл біздің мемлекеттік құрылыстағы жоспарларымызды жүзеге асыруға қолайлы жағдай туғызатын ұлттық қауіпсіздігіміздің маңызды кепілі.

Біз стратегиялық тұрғыдан Қазақстанның мүдделері толығымен ескерілген жағдайда Бүкілдүниежүзілік Сауда Ұйымына тезірек кіруге ықыластымыз.

Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына , ТМД, ЕурАзЭқ- ті реформалауға, БЭК -ті құру жөніндегі жұмыстарға да ерекше мән береді.

Біздің еліміз үшін барлық бағыттар бойынша ЕҚЫҰ -мен бұрынғысынша іс-қимыл жасау маңызды болып қала береді. 2009 жылы осы ұйымға төрағалық етуге біздің кандидатурамыздың ұсынылуына барынша жауапкершілікпен қараймыз . Бүгінгі бастамалар сонымен қатар осы мақсаттарға қол жеткізуді көздейді.Қазақстанның әлемде қуатты экономикасы бар әрі халықаралық қоғамдастықтағы тұғыры берік өңірлік держава ретінде қабылданатынын да естен шығармағанымыз абзал. Бұл мәртебені қастерлеуіміз және еліміздің қазіргі әлемдегі беделін нығайту үшін қосымша күш-жігер жұмсауымыз керек.

 

5. 2 Бізді бүгін не алаңдатып отыр?

 

 

 Мен бұдан әрі экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңаруымыздың жолында елеулі кедергі болуы ықтимал ХХІ - ғасырдың қазір кезде көрініп жүрген объективті қатерлеріне сіздердің назарларыңызды арнайы аударғым келеді. Бұл қатерлер қыр астында жатқан жоқ. Біздің еліміздің бейбіт еңбегі мен прогресі баршамызға және әлемдік қоғамдастықтың ұстанымына байланысты.

 

Әңгіме не туралы болып отыр?

Біріншіден, осы өңірде тұрақсыздық пен діни экстремизм етек жая бастады.

Екіншіден, географиялық орналасуы жағынан алғанда Қазақстан белортасында тұрған өңірде есірткі таратудың тыйылмай отыруы.

Сондықтан да біз осы проблемаларды шешу үшін барлық мүдделі мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен бұрынғысынша белсене ынтымақтасатын боламыз.

ХХІ ғасыр қатерлерінің ішінде халықаралық лаңкестік ерекше орын алып отыр. Қаңтар айының аяғында Алматыда 40 халықаралық ұйымдар басшыларының қатысуымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Лаңкестікке қарсы комитетінің көшпелі отырысы өтті. Осы халықаралық зұлматқа қарсы күрес жүргізу үшін әлемдік қоғамдастықтың үлкен күш-жігер жұмсауы керек.

Біз өзіміз лаңкестікке қарсы коалицияға және Ирактағы жағдайды тұрақтандыруға саперлік отрядымыздың қатысуын нақ осындай ұстанымдар тұрғысынан пайымдаймыз.

Осы тұрғыда еліміздің өз ішінде де белсенді іс-қимыл жасалып жатыр. Жоғарғы Сот төрт лаңкестік ұйымды заңсыз деп жариялады. «Экстремистік қызметке қарсы қимыл жасау туралы» Заң қабылданды.  
Лаңкестіктің ушығуы жағдайында біз өңірдегі барлық мемлекеттер мен мүдделі елдердің іс-қимылы мен белсенділігін үйлестіруді сапалық жаңа деңгейге көтеру жолында қадамдар жасауға әзірміз.

 

5.3 Өңірдегі жағдай туралы

 

 

15 ғасырдың соңына дейін Орталық Азия әлемдік экономиканың маңызды өңірі болып келді. Біздің өңіріміз Шығыс пен Батысты жалғастырып келді. Халықтар аумақтар мен ұлттарға бөлінген жоқ. Жібек жолының саябыр тартуы Орталық Азияны мешеу шет аймаққа айналдырды. Тәуелсіздік алғанымыздан кейін соңғы 500 жылда алғаш рет біздің өңіріміз әлемдік экономика үшін қайтадан экономикалық маңызына ие болды. Біз өзіміздің транзиттік мүмкіндіктерімізді нығайтып келеміз, әлемдік нарыққа бағалы тауарлар – мұнай, газ, кен, ауыл шарушылығы шикізатын шығаратын өңірге айнала бастадық. Қазірдің өзінде көне Жібек жолының бойымен өтетін ХХІ ғасырдың жаңа мұнай-газ құбырлары, авто және теміржолдарының сорабтары айқындала бастады.  
Біз Азия «жолбарыстары» мен Еуропалық Одақ табыстарының сырына қаныға бастадық. Келесі бір жағынан Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тәуелсіздік алған елдер арасындағы халықаралық жауығу мен қақтығыстар да тоқтаған емес. Жаһандық экономикада ірі нарықтардың маңызы да үлкен. Біз, сонымен қатар, ұлы державалардың осы өңірде экономикалық басымдыққа ие болу жолындағы бәсекелестігін де байқап отырмыз. Осы жаһандық геоэкономикалық проблемаларға қатысты дұрыс тұғыр ұстанудың маңызы үлкен.  
Біздің алдымызда таңдау тұр: бірі – әлемдік экономиканың мәңгілік шикізаттық қоржыны болып қалу, екіншісі тағы бір империяның келуін күту немесе Орталық Азияның барынша интеграциялануына қарай қадам жасау.

 

Мен осының соңғысын ұсынамын.

Бұдан былайғы интеграциялануымыз - біздің өңіріміздің тұрақтылығына, прогреске, экономикалық және әскери-саяси тәуелсіздікке апаратын жол. Тек осындай жағдайда ғана біздің өңірді әлем құрметтейтін болады. Тек сонда ғана біз қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, лаңкестік пен экстремизмге қарсы пәрменді күрес жүргізетін боламыз. Мұндай бірлестік, сайып келгенде, біздің өңірде өмір сүріп жатқан қарапайым адамдардың мүдделеріне толық сай келеді.

Мен Орталық Азия елдері Одағын құруды ұсынамын. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан арасында жасалған мәңгілік достық туралы шарт осындай бірлесу үшін берік негіз бола алады. Мен өңіріміздегі басқа да елдерді де естен шығарып отырғанымыз жоқ.

Біздің экономикалық мүдделеріміз де, мәдени-тарихи тамырымыз да, тіліміз, дініміз де, экологиялық проблемаларымыз да, керек десеңіз сыртқы қатерлеріміз де ортақ. Еуропалық Одақтың сәулетшілерінің өздері де осындай алғышарттарды армандаған да болар. Біз тығыз экономикалық интеграцияға көшуіміз және ортақ нарық пен ортақ валютаға қарай ілгерлеуіміз керек.

Біз осылай жасағанда ғана өзіміздің әрқашан бірге болуымызды аңсаған арғы ұлы бабаларымызға лайық бола аламыз. Алайда алдымен патшалық империя, кейіннен сталиндік ұлттық саясат осы бірліктен қорқып, өңірді әкімшілік-ұлттық аумақтарға бөлшектеп тастаған еді. Ол кезде «Бөліп ал да, билей бер» деген саясат үстемдік етті. Қазір бізге келесі ұрпақтарымыз үшін өңіріміздегі теңқұқылы халықтар жүруге тиіс жаңа жолды нұсқайтын сәт туды.

 

6. Біздің туған Қазақстанымыз үшін жауапкершілігім

 

Қымбатты қазақстандықтар, отандастар!

 
Түйіндеп айтқанда, таяу жылдардағы экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңару жөніндегі менің пайымым мен көзқарасым осындай.

Көріп отырсыздар, алда әлі талай алынбаған асулар бар.

Жүрер жолымыздың жеңіл боларына мен бұрынғы жылдардағы сияқты бұл жолы да уәде бере алмаймын.Реформаларды жүргізу тактикасы, оларды жүзеге асырудың мерзімдері мен тетіктері жөнінде біздің көзқарастарымыздың әртүрлі болуы мүмкін.

Бірақ мен барша қазақстандықтарды, барлық саяси бірлестіктерді ортақ прогресс пен еліміздің болашағы жолында бірлесуге шақырамын.

Біз баршаға барынша мүмкіндіктер беретін қоғам : әрбір адамның жеке басы мен бостандығын құрметтейтін, өзіне өзі қызмет етуге жағдайы жоқ жандарды қамқорлыққа бөлейтін, қандай еңбекті болса да қадірлейтін, ана мен баланы қорғайтын, зейнеткерлерге қамқор болатын, ардагерлер мен отан қорғаушыларды ардақ тұтатын қоғам құруды аяқтауға тиіспіз.

Біз ұлтына және діни наным-сеніміне қарамастан, әрбір қазақстандыққа салт-дәстүр, мәдениет пен дінді таңдауға ерік беретін еркін әрі ерікті қоғамның негіздерін нығайтуға тиіспіз.

Біздің құқық қорғау органдары тыныштық пен тәртіпті қамтамасыз ететін, ал іскер адамдарға өз мақсатын іске асыруға мүмкіндік беретін қоғам құруымыз керек.

Біз әркімнің ар-ұжданы, абыройы мен беделі қадірленетін, мәртебелі мораль , этикалық негіздер мен рухани құндылықтар ірге тепкен қоғам құруға тиіспіз.

Біз жолымызды дұрыс таңдай білдік. Бұған бүгінгі қолымыз жеткен нәтижелеріміз айқын дәлел бола алады. Осы негізде өзіміздің ілгері басқан жүрісімізді одан әрі жеделдете түсуге тамаша мүмкіндігіміз бар.

Қазақстанды әлемнің дамыған әрі көркейген елдерінің қатарына қосатын жол осы.

Мен Қазақстан халқының өзімнің осы бастамаларымды қолдайтынына, оған ықылас қойып, өзіміздің осы жоспарларымыздың іске асырылуына лайықты үлес қосатынына кәміл сенемін.

Мемлекеттігіміздің бастауында тұрған, әрі өзіне халықтың алдында ел тағдыры үшін жеке дара жауапкершілік алған менің жалғыз мұратым: осындай күннің келуін жақындата түсу. Осы ұлы мақсаттар мен мұраттардың орындалуы жолында баршаларыңызға мол табыс тілеймін.

 
 

Құжаттар

Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау туралы

Ғарыштық саладағы ынтымақтастық туралы Қазақстан-Ресей мәлімдемесі.07.06.2012ж.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекет басшыларының ұзақ мерзімді бейбітшілік және бірлесіп өркендеген өңір құру туралы ДЕКЛАРАЦИЯСЫ.07.06.2012ж.

«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі №364 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органы қызметкері антының мәтінін және оны қабылдау қағидаларын бекіту туралы

Жоғары әскери және арнаулы атақтар беру туралы

"Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы туралы".

Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту туралы» 2008 жылғы 11 наурыздағы № 552 және «Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу ережесін бекіту туралы» 2010 жылғы 27 сәуірдегі № 976 жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Америка Құрама Штаттарының Президенттерінің бұрынғы Семей сынақ полигонына қатысты үшжақты ынтымақтастыққа байланысты бірлескен мәлімдемесі

Елбасының сөйлеген сөздері

Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы нысандарды аралап шығып, оның қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына арнап брифинг өткізді.29.06.2012ж.

Кездесу аяқталғаннан кейін екі елдің Президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.07.06.2012ж.

ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР ЛИДЕРЛЕРІНІҢ IV СЪЕЗІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ҮНДЕУІ. Астана, 2012 жылғы 30-31 мамыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш" монументінің ашылуында сөйлеген сөзі.31.05.2012ж.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІV съезінің ашылуында сөйлеген сөзі.30.05.2012ж.

Келіссөздердің қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Президенті мен Түркия Республикасының Премьер-Министрі отандық және шетелдік журналистер қатысуымен брифинг өткізді.23.05.2012ж.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың V Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзі.23.05.2012ж.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Шетел инвесторлары кеңесінің 25-отырысында сөйлеген қорытынды сөзі.22.05.2012ж.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Николай Бордюжа баспасөз мәслихатын өткізді.15.05.2012ж.

 


Заңдар

2024 жылғы 22 қараша

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

2024 жылғы 28 қараша

Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

Жарлық

2024 жылғы 15 қараша

Мемлекет басшысының жарлықтарымен: