National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Шет елдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті

2013 жылғы 27 тамыз

 

Комиссия шешіміне сәйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясына 427 адам ие болды, оның ішінде магистратура бағдарламасы бойынша – 224, докторантура бағдарламасы бойынша – 8, тағылымдамадан өтетіндер – 195 адам.

Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы еліміздің жалпымемлекеттік және өңірлік аспект бойынша нақты сұранысын толық есепке ала отырып, кадрлар даярлау үдерісіндегі практикалық бағытты қамтамасыз ету керек екенін атап өтті.

Стипендияларды тағайындау басымдық берілген мамандықтардың бекітілген тізбесіне сәйкес жүзеге асырылды. Бұл ретте, стипендиялардың едәуір бөлігі мемлекеттік органдардың мақсатты өтінімдерін ескере отырып бөлінді. Бұл мамандарды нысаналы бағытта даярлау жұмысы күшейтілгенін білдіреді.

Мысалы, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мақсатты өтініміне сәйкес, Индустрияландыру картасына енген Қазақстан кәсіпорындарының 66 инженер-техникалық қызметкері Германияның жетекші өнеркәсіп орталықтары мен зауыттары базасында тағылымдамадан өтеді.

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 20 медицина қызметкері АҚШ, Австрия, Франция, Израиль  және Ресейдің мамандандырылған орталықтарында тағылымдамадан өтпек.

Алғаш рет ауыл шаруашылығының 18 ғылыми қызметкері тағылымдамадан өту үшін Ұлыбритания, Қытай, Ресейге аттанады.

Мемлекет басшысының көптілді оқытуды дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Назарбаев зияткерлік мектебінің 15 оқытушысы Финляндияда, ал еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждері, орта мектептерінің ағылшынтілді 37 оқытушысынан құралған топ Ұлыбритания, Швейцария, АҚШ және т.б. елдердің университеттерінде даярлықтан өтеді.

22 маман, соның ішінде «Хабар» АҚ, «Қазақстан» ТРК және ҚазМедиаОрталығының бейнеоператорлары мен бейнеинженерлері Ұлыбританияда Би-Би-Си (ВВС) корпорациясы базасында, Ресейде (Бонч-Бруевич атындағы Санкт Петербург телекоммуникация  университеті) және Оңтүстік Кореяда мамандандырылған тағылымдамадан өту үшін стипендия иегерлері атанды.

5 тарихшы мен археологтан құралған топ Ұлыбританияның Кембридж, Букингем және Брюнель университеттеріне тағылымдамадан өтуге жіберіледі.

ҚР Спорт және дене шынықтыру ісі агенттігінің мақсатты өтінімі бойынша 12 бапкер мен спорт менеджерінен тұратын топ Ұлыбританияда және Ресейдің Сочидегі Халықаралық олимпиада университеті базасында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Олардың қатарында Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Лондондағы Брюнель университетінде спорттық менеджмент бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Отырыста шет елдерде кадрлар даярлау бағдарламасын іске асыруға және жетілдіруге байланысты басқа мәселелер де қаралды. Отырыс қорытындысында Мемлекеттік хатшы уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің