Концертте тыңдаушыларды әртүрлі жанрдағы музыкалық шығармалар тәнті етті. Атап айтқанда, эстрадалық-симфониялық оркестрдің орындауында әлемдік классикалық үздік туындылардан аспапты поппури, Президенттік оркестрдің жас таланттарының орындауында спектакль түрінде әлемдік опералық, вокальдық, классикалық, музыкалық шығармалардан үзінділер орындалды. Бұған қоса, Президенттік оркестр қазақтың халық әндерінен тұратын «Ән шашуды» тарту етті. Сондай-ақ, би ансамблінің орындауында домбырашылардың сүйемелдеуімен «Мереке думан» деген атпен қазақ биінің жаңа қойылымы көрсетілді. Президенттік оркестр – репертуарында әлемдік музыка мәдениетінің барлық жанры қамтылған шығармашылық ұжым. Ол республиканың мәдени және музыкалық өміріне белсене қатысады, Қазақстанды халықаралық музыкалық аренада танытады. Оркестрдің әртістері ТМД елдерінің, Еуропа, Азия және әлемнің басқа да елдерінің сахналарында өнер көрсетіп жүр.