National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Елбасы жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты

2016 жылғы 06 мамыр

 

Мемлекет басшысы өз сөзінде жиналғандарды алдағы Отан қорғаушы күнімен және  Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығымен құттықтады.

– Мереке қарсаңында біз дәстүр бойынша өз өмірін әскери қызметке арнаған ең үздіктерге жоғары атақтар тапсырамыз. Сіздер күн-түн демей, тәулік бойы қызмет ететін ерекше мамандықты таңдадыңыздар. Сіздер Отанымыздың қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосып келесіздер, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде республикамызда тиімді армия қалыптасқанына, қару-жарақпен жабдықтау бағдарламасы табысты жүзеге асырылып, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайына қамқорлық көрсетіліп жатқанына назар аударды.

– Елдің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетіне жауапты барлық құрылымның кәсіби деңгейі күннен күнге өсіп келеді. Бұл ретте генералдар мен офицерлерге айрықша маңыз беріледі. Жауынгерлік машық пен шеберлікті арттыру, әскерлердің өмірі мен құқық қорғау органдарының жұмысында сапалы өзгеріс жасау сіздердің көшбасшылықтарыңызға байланысты. Сіздер бүкіл жеке құрамға және жас әскери қызметшілерге үлгі бола отырып, жауынгерлік абырой мен батылдық дәстүрінің сақтаушысы болуға тиіссіздер.  Халық сіздердің қызметтеріңіз бен іс-әрекеттеріңізге қарап бүкіл Қарулы Күштерге баға береді. Сіздерге ең қымбат нәрсе – азаматтардың бейбіт өмірін сақтау және Тәуелсіздік табыстарын қорғау сеніп тапсырылған, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті елдің қауіпсіз әрі бейбіт дамуы ғана оның әрі қарай өркендеуінің кепілі болатынын айтты.

– «Армия – өз орнын ешқашан тастап кетпейтін мәңгілік қарауыл» деген сөз бар. Мен сіздерге жоғары атақ бере отырып, бұдан ары да әскери борыштарыңызды лайықты атқаратындарыңызға, Отанымызға мінсіз қызмет ететіндеріңізге сенемін. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртібі мен конституциялық құрылымын қорғау үшін бар күш-жігерлеріңізді, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді жұмсайтындарыңызға сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Рәсім барысында авиация генерал-лейтенанты әскери атағы Н.Орманбетовке; вице-адмирал әскери атағы Ж.Жанзақовқа; Мемлекеттік күзет қызметінің генерал-лейтенанты арнаулы атағы – А.Күреңбековке; 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені – Ж.Асановқа; генерал-майор әскери атағы – Л.Әлшекеновке, Д.Ділмановқа, Н.Қашағановқа, С.Нұрахметовке, Ж.Омарқұловқа, М.Сатовқа, авиация генерал-майоры әскери атағы – А.Айымбетовке, Н.Кәрбеновке; ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағы – А.Дүйсебаевқа; сыртқы барлау генерал-майоры арнаулы атағы – К.Әденовке,  Мемлекеттік күзет қызметінің генерал-майоры арнаулы атағы – А.Әшімбекұлына; полиция генерал-майоры арнаулы атағы – И.Лепехаға; 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені М.Қайыбжановқа, С.Нұрпейісовке, Ұ.Патсаевқа берілді. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің