National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» №34 Жарлығына түсініктеме

2019 жылғы 26 маусым

Президенттік науқан кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастық негізінде Елбасының Стратегиясын жүзеге асыру ісін жалғастыруға, соның ішінде аса өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге уәде берді.   

Президенттің атына кепілсіз тұтыну кредиттерін төлеуге қатысты азаматтардан көптеген өтініштер келіп түсуде. 

Бүгінде еліміздегі әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтар (көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар) түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз атына алған кредиттік міндеттемелерін орындай алмай отыр.

Көптеген азаматтардың борыш жүктемесі өсуде, таза табыс көлемі төмендеуде. Адамдар өз кредиттерін өтеудің жолын таба алмай отыр. Бұл мәселе 500 мыңға жуық адамның тұрмысына тікелей әсер етуде.

Кредиттердің 86%-ынан астамының мөлшері 1 млн. теңгеден аспайды. Берешектің орташа мөлшері – шамамен 300 мың теңге.

Мемлекет басшысы қарызға батқан азаматтарымыздың жағдайына бей-жай қарай алмайтынын айтты.   

Сондықтан, Президент бұрын-соңды болмаған теңдессіз әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Тиісті Жарлыққа қол қойылды.

Басты мақсат – қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өз отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру. 

Жарлықта Үкіметке және Ұлттық Банкке біржолғы акция ретінде келесі шараларды қабылдау тапсырылған.

Жоғарыда аталған санаттағы азаматтардың қатарынан әрбір қарыз алушы үшін мемлекет тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі қарызын және оған есептелген сыйақыны өтейді.

Бұл ретте олардың биылғы 1 маусымға дейінгі берешегінің жалпы көлемі 3 млн. теңгеден аспауы тиіс. 

Қарыз алғандардың 55%-ы, яғни 250 мың адам үшін бұл негізгі қарызы мен сыйақыны қоса алғанда жалпы қарыз көлемін тұтастай төлеу дегенді білдіреді.

Қалған кредит алған азаматтардың  қарыздары 300 мың теңге мөлшерінде өтеледі. Бұл олардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және борыш жүктемесін азайтуға айтарлықтай септігін тигізеді.

2019 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтыну қарыздары бар барлық азаматтар үшін есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдар есептен шығарылады.

Қарыз алушылардың аталған төлемдерін есептен шығару, ең алдымен, екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарының есебінен жүргізіледі.

Сонымен қатар, кредит беруге, оған қатысты қызмет көрсетуге және жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегі 90 күннен асқан барлық кепілсіз қарыздарына байланысты тұрақсыздық айыбы, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салынады. 

Тұтыну кредиттеріне қатысты қалыптасып отырған жағдай қайталанбауы тиіс. Бұл – Президенттің ұстанымы.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұндай ахуалдың алдын алу мақсатында Ұлттық Банк реттеу сипатындағы қатаң шаралар қабылдап, шектен тыс тәуекелге барғаны үшін қаржы ұйымдарына жүктелетін жауапкершілікті күшейтуі тиіс. 

Қаржылық ахуалын одан әрі нашарлатпау үшін табысы  күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыздар беруге тыйым салынатын болады.

Ұлттық  Банк кепілсіз тұтынушылық қарыздарын беру кезінде қосымша реттеу шараларын қабылдайды. Олардың ішінде – қарыз алушының борыш жүктемесінің жалпы коэффициенті, банктердің жеке капиталына деген қосымша талаптар және басқалар.

Мемлекет басшысы жоғарыда аталған шұғыл шаралар әлеуметтік мәселелерді шешуге және Елбасы Стратегиясында айқындалған мақсаттарға қол жеткізуге айтарлықтай ықпал ететініне сенім білдірді. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің