Мемлекет басшысы бүкіл халқымыз үшін құжаттың мәні зор болуына байланысты заңға қол қою тұңғыш рет жария түрде өткізіліп отырғанына назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ осы рәсімге БАҚ өкілдерінің қатысуы жаңа Кодекстің мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіруге мүмкіндік беретінін айтты.
Қазақстан Президенті Бес институционалдық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін 59 жаңа заңнамалық акті қабылдау қажеттігін атап өтті.
Келесі жылдың 1 қаңтарынан реформаларды бастау үшін ел Парламенті белсене жұмыс жасауда. Қазірдің өзінде 16 заңға қол қойдым, жаңа Кодекс – соның он жетіншісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы жаңа Азаматтық процестік кодекс құқық саласын түбегейлі жақсартатынын атап айтты.
Жаңа Кодексті қабылдау заң үстемдігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосады. Заңнама аясында барлық заманауи негізгі құқықтық институттар қамтылған. Сонымен қатар біздің құқықтық жұмысымызды әлемдік озық стандарттар деңгейіне жеткізетін елеулі өзгерістер енгізілген, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан келесі жылдан бастап бес буынды сот жүйесінен үш буынды сот жүйесіне көшетінін, мұның істерді қарау процесін жеңілдетіп, тиімділігін арттыратынын және қарапайым азаматтарға түсінікті ете түсетінін айтты.
Сондай-ақ еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсартуға бағытталған инвестициялық дауларды қараудың, жеке меншік институтын нығайтудың жаңа тәртібі енгізіледі, бұл алдағы экономикалық өсім үшін маңызды.
Сонымен қатар азаматтық сот жүргізу ісінде ақпараттық технологияларды қолдану мүмкіндігі кеңейеді. Осы бағыт аясында сот отырыстарын тіркеп-көрсету міндетті болады, барлық тарап оның жазба көшірмесін ала алады. Бұл жағдай сот жұмысының анықтығын айтарлықтай арттырады.
Қазақстан Президенті татуластыру және дауды сотқа дейін реттеу шарасын қолдану аясы кеңейетінін айтты.
Татуластырумен медиаторлар ғана емес, бірінші және апелляциялық инстанция судьялары мен адвокаттар да айналысатын болады. Татуластыру шарасын кеңінен қолдану сот жүйесіне жүктемені азайтады, ал ең бастысы, дауды шешу мерзімін қысқартады. Медиацияны дамыту азаматтардың қатысу деңгейін арттырады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы маңызды жаңа өзгерістер қатарында азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі сотқа прокурордың қатысуын азайту, іс жүргізудің жеңілдетілген түрін кеңінен қолдану, соттардың қарауындағы істерді оңтайландыру, жаңа жағдаяттарға байланысты істі қайта қарау тәсілін енгізу мәселелері қарастырылғанына тоқталып өтті.
Бұл жаңа кодекс нормаларының барлығы соттың қорғауының тиімділігін арттыруға бағытталған. Жалпы, азаматтық процестік заңнаманы жаңғырту жөнінде ауқымды жұмыс атқарылды. Барлық норманы ортақ бір жүйеге келтіру үшін өзге де заңнамалық актілер бойынша көптеген өзгерістер қабылданатын болады, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қатысушылардың бәрін жаңа Кодекске қол қойылуымен құттықтап, оның іс жүзіне асуы халыққа пайдасын тигізетініне сенім білдірді.