Кездесу барысында Гүлшара Әбдіқалықова еліміздегі дипломатиялық миссиясын аяқтағалы отырған Италияның Төтенше және өкілетті елшісі С.Раваньянға Қазақстандағы жемісті қызметі үшін алғыс айтып, тілектестік білдірді.
Г.Әбдіқалықова С.Раваньянның дипломатиялық миссиясы кезінде Қазақстан Президентінің Италияға сапары Миландағы «ЭКСПО-2015» көрмесіне қатысу үшін ұйымдастырылғанын атап өтті.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен Италия арасындағы өзара сенімді қарым-қатынастың 25 жыл ішінде стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне тоқталды.
– Біз Италиядағы парламент сайлауының барысын зор қызығушылықпен қадағалап отырдық. Сайлау нәтижесінде елдеріңізде Парламент пен Үкіметтің жаңа құрамы жасақталатын болады, – деді Мемлекеттік хатшы.
Гүлшара Әбдіқалықова Италияны Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы қазіргі төрағалығымен және 2017 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігінің табысты болуымен құттықтады.
Мемлекеттік хатшы Италия басшылығына «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысқаны үшін ризашылық білдіріп, осы елдің павильонында «жасыл технология» саласындағы үздік әзірлемелер ұсынылғанын айтты.
Сондай-ақ, кездесу барысында тараптар Қазақстан-Италия қарым-қатынасының қазіргі жағдайын, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
***
Италия Қазақстан Республикасының әлемдегі сауда серіктесі саналатын елдердің ішінде үшінші орында тұр. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 9,6 миллиард АҚШ долларын құрады. 2005-2017 жылдар аралығында Италияның Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициясының көлемі 5,8 миллиард долларға жетті. Бүгінде елімізде италиялықтардың қатысумен 228 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.