Гүлшара Әбдіқалықова басқосуда сөйлеген сөзінде Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа биылғы жолдауында адами капиталды дамыту маңызды міндеттердің бірі ретінде аталғанына тоқталды. – Қазақстанның одан әрі дамуы мүлде өзгеше ойлау жүйесін қалыптастыруды және тез үйреніп, бейімделе білу қабілетін талап ететін цифрлық дәуірдің жаңа жаһандық трендтеріне сәйкес жүргізілетін болады. Ол үшін біз, ең алдымен, білім саласын жаңа инновациялық индустрияландыру талаптарына бейімдеуіміз қажет, – деді Мемлекеттік хатшы. Комиссия отырысы аясында Білім және ғылым министрлігінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының іске асырылуы жөніндегі ақпараты тыңдалды, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселелер қаралды. Комиссия шешімімен стипендия әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша оқуға және тағылымдамадан өтуге жіберілетін 76 үміткерге тағайындалды. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова жиын қорытындысы бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыруды одан әрі жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.