Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Елбасының жастар жөніндегі: «Болашаққа деген біздің үкілі үмітіміз – сіздер. Біздің бүгінгі жасап жатқанымыздың барлығы – сіздер үшін» деген сөзіне тоқталды.
– Егемендік алған соң біз 1997 жылы бүкіл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасынан бірінші болып, 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеп, оны 15 жылдың ішінде іске асырдық. Қазір біз «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асырып жатырмыз. Оның басты мақсаты – әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылу. Осыған қол жеткізу мақсатымен елде Институционалды бес реформа, Ұлт жоспары, Үшінші жаңғыру жөніндегі бағдарламалар қабылданды, – деді Г.Әбдіқалықова.
Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы ұлттық құндылықтарды сақтау мақсатымен шет елдердегі қандастарға қолдау көрсету, ана тілі мен төл тарихын, мәдениеті мен руханиятын дамыту, тығыз әлеуметтік-экономикалық байланыс орнату мәселелеріне Қазақстан Президенті ерекше назар аударатынын айтты. Қазақстан – этникалық қазақтарды тарихи Отанына қайтару жөнінде тиімді көші-қон саясатын жүзеге асырып отырған Германия мен Израиль сияқты санаулы үш елдің бірі. Соның нәтижесінде тәуелсіздік жылдары 1 миллионнан астам қандасымыз елге оралды. Қазіргі кезде Қазақстаннан тыс жерлерде 5 миллионнан астам қазақ диаспорасының өкілдері тұрады.
Кездесу соңында Гүлшара Әбдіқалықова қазақ диаспорасы жастарына жақсы білім алып, өмірде табысқа жете берулеріне тілектестік білдірді.
***
Бүгінде Түркияда шамамен 10 мың қазақ тұрады. Диаспора өкілдерінің өзекті мәселелерін шешуге көмектесу мақсатымен «Қазақ-түрік қоры», «Түркiлердiң әлеуметтік және мәдени дамуын қолдау қоры», «Ахмет Яссауи қоры», «Қазақ-түрік білім, ғылым және зерттеу қоры» тиімді жұмыс істеуде.
Іс-шара Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында қазақ диаспорасы жастарының атажұртына келуі үшін ұйымдастырылды.