Отырысқа комиссия мүшелері – республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының, шығармашылық бірлестіктердің, журналистердің қоғамдық ұйымдарының және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Басқосуда Мемлекеттік хатшы Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтудағы бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөлін атап өтті.
- Биылғы кездесуіміз қоғам өмірінің барлық саласын жаңғыртуға бағытталған институционалдық реформалардың тереңдей түскен жауапты кезеңінде өтіп отыр. Мемлекет басшысы белгілеген Қазақстанның озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі стратегиялық міндеттер отандық БАҚ-қа деген зор сұраныс тудырып, ерекше рөл атқаруды талап етеді.
Мемлекеттік хатшы, сондай-ақ, ақпараттық қолдау мемлекеттік саясатты және ел ішіндегі реформалар бағытын тиімді іске асырудың маңызды талаптарының бірі болып табылатынына тоқталды.
Қоғамдық комиссияның отырысында журналистік материалдар деңгейінің жоғары екені, сондай-ақ Қазақстан дамуының маңызды қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық аспектілерін жария етудегі медиа қоғамдастығы өкілдерінің үлесі атап өтілді.
Талқылау қорытындысы бойынша Қоғамдық комиссия ашық дауыс беру арқылы, БАҚ саласындағы президенттік сыйлықтарды тапсыру ережесіне сәйкес, БАҚ өкілдеріне екі сыйлық және екі грант бөлу, төрт шығармашылық ұжымға Президент Алғысын жариялау жөнінде Мемлекет басшысына ұсыным жасауға бірауыздан қаулы етті.