Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі (ҰЖМБМ) алғашқы түлектерінің 20 жылдығына арналған форумды ұйымдастыруға ҰЖМБМ түлектері қауымдастығы, Мемлекеттік қызметтің өңірлік хабы, Францияның Қазақстан Республикасындағы елшілігі, Астана қаласы әкімдігі және өзге де ұйымдар атсалысты.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстан қоғамының бірлігін қамтамасыз ету және тәуелсіз мемлекеттің дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін елдің саяси мемлекеттік қызметін жетілдірудің жаһандық трендтері мен жолдарын талқылау.
Форум жұмысына мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың басшылары, ҰЖМБМ түлектері, сондай-ақ Назарбаев университетінің және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушылары мен магистранттары қатысты.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысы ұсынған Бес институционалдық реформаның бірінші бағыты кәсіби мемлекеттік аппарат құру болып саналатынын атап өтті. Қазақстанның өз тәуелсіздігінің 25 жылында қол жеткізген жетістіктерінің бірі – мемлекеттік қызметшілерді даярлау жүйесін қалыптастыруы. Саяси кадрларды даярлаудың ұлттық моделін қалыптастыру ісіне жаңа формацияның 82 басқарушысын даярлаған ҰЖМБМ маңызды үлес қосты.
Сондай-ақ, форумда Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Ә.Байменов, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ф.Этьен, «Жасыл академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Б.Есекина сөз сөйледі.
Форум қорытындысы бойынша Қазақстанда саяси мемлекеттік қызметті жетілдіру және жаңа формация басқарушыларын даярлау жөніндегі тәжірибелік ұсынымдар әзірленді.