Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған мерейтойлық іс-шаралар аясындағы конференция «Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар» деген тақырыппен өтті.
Г.Әбдіқалықова конференцияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ хандығы – Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет» деген тұжырымына тоқталып өтті.
Мемлекеттік хатшы Қазақ хандығының тарихын зерделеу ісі «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын, Ұлт жоспары – 100 нақты қадамды жүзеге асыру аясында айрықша мәнге ие болып отырғанын, өйткені болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыруға негіз болар жайттың бірі отандық тарихты білу екенін айтты.
Г.Әбдіқалықова қазақ арулары ежелден өзінің ізет-ілтипатымен, жаратылысынан алғыр ақыл-парасатымен, баршамен тілін табыса білетін дипломаттық қасиетімен ерекшеленгеніне тоқталды. Бұл ретте Қазақ хандығының қалыптасуы мен дамуына қосқан олардың үлесін зерттеу ісі төл тарихымызды терең зерделеп, ондағы ақтаңдақтар тұстарды толықтыруға мүмкіндік береді.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияға сондай-ақ Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, магистранттары мен студенттері қатысты.
Іс-шара барысында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы С.Қасқабасов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Б.Кәрібаев, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Х.Әбжанов және тағы басқа ғалымдар баяндама жасады. Олар халқымыздың мақтанышы болып саналатын, Отанға қалтқысыз қызмет етудің үлгісіне айналған, алайда ұмыт қалған немесе әдейі ұмыттырылған көптеген есімдерді қайта жаңғырту бағытындағы ғылыми зерттеулердің маңыздылығына тоқталып өтті. Осы орайда, Қарашаш пен Айғаным ханшалардың, Бопай ханым мен Бай Ананың, Тойқара ханымның, қазақ әйелдері арасынан шыққан өзге де көрнекті тұлғалардың есімдері аталды.
Конференция қорытындысы бойынша қарар қабылданды.