Кездесуге сондай-ақ Ішкі істер министрінің орынбасары Е.Тұрғымбаев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Нұрымбетов қатысты.
Г.Әбдіқалықова Б.Дойлды және БҰҰ босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының (БЖКБ) ұжымын Қазақстандағы қызметінің 20 жылдығымен құттықтады. Мемлекеттік хатшы БҰҰ БЖКБ қызметін босқындардың құқықтарын қорғау мен сақтау саласындағы БҰҰ құндылықтары мен мақсаттарын ғаламдық, өңірлік және ұлттық деңгейде қорғайтын жетекші xалықаралық агенттік ретінде жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен БҰҰ БЖКБ арасындағы босқындардың құқықтарын қорғау жөніндегі өзара іс-қимыл көптеген аспектілер бойынша жоғары деңгейде екені айтылды.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан қоныс аударған адамдар үшін тұрақтайтын әрі транзиттік ел болып табылатынын атап өтті. Осыған орай, БЖКБ-мен арадағы ынтымақтастық біздің сыртқы саясатымыздағы басымдықтардың бірі болып отыр. Халықаралық және өңірлік ахуалдар шиеленіскен қазіргідей жағдайда Орталық Азиядағы ықтимал қауіп-қатерлерге қарсы ілкімді шаралар іздестіру бағытында бірлесіп жұмыс істеу қажет. Сонымен бірге, заңды еңбек көші-қонымен қатар, заңсыз көші-қонға және босқын мәртебесін теріс пайдалануға қарсы күрес те өзекті сипат алып келеді.
Кездесу барысында Алматыда БҰҰ Хабын ашу мәселесі де талқыланды. Оның қызметі өңірдегі босқындар құқығын қорғау жөніндегі күш-жігерді шоғырландыруға, сондай-ақ көші-қон саласындағы қазақстандық мамандарды даярлау және біліктілігін арттыру ісіне ықпал ететін болады.
Қазақстан мен БҰҰ агенттіктерінің өзара ықпалдастығын күшейту аясында Орталық Азия мен Ауғанстанның көптеген әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық және басқа да мәселелерін шешу ісіне қоныс аударушылар мен көші-қон ағынын азайтуға ықпал ете отырып септігін тигізетін KazAid агенттігін құру мәселесі қозғалды.