National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистё келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен брифинг өткізді

2013 жылғы 17 сәуір

 

Мемлекет басшысы өз сөзінде С.Ниинистёге Қазақстанға сапары үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы өзара ықпалдастықтың орныққан деңгейіне оң баға берді.

– Қазақстан мен Финляндияны дәстүрлі достық қарым-қатынастар байланыстырады. Бүгінде екіжақты саяси диалог белсенді және сенімді сипатқа ие. Финляндия Президентімен біздің бұл кездесуіміз - соңғы бір жарым жыл ішіндегі үшіншісі. 2010 жылдан бері Финляндияның Қазақстандағы Елшілігі қызмет етеді. Былтыр Хельсинкиде біз Қазақстанның Елшілігін аштық. Бұл біздің елдеріміздің серіктестік қарым-қатынастарды тереңдете түсуге ұмтылысының тағы бір айғағы болып саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті сауда-экономикалық ынтымақтастық жаһандық қаржы дағдарысының жағымсыз салдарларына қарамастан қарқын алып келе жатқанына тоқталды.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі шамамен 800 миллион АҚШ долларына жетті. Бұл Қазақстанның Солтүстік Еуропаның өзге елдерімен жалпы тауар айналымынан 70%-ға артық. Бүгін біз фин бизнесінің Қазақстан экономикасын әртараптандыру жөніндегі жобаларға қатысуының ауқымын кеңейту мүмкіндіктерін талқыладық. Бұл жобаларға фин кәсіпкерлерінің кеңінен атсалысуы мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастардың нығаюына септігін тигізетін болады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жоспарланып отырған Қазақстан-Финляндия экономикалық форумы мен «Жасыл» экономика және жаңғырту саласындағы серіктестік туралы декларация қабылдаудың үлкен маңызы бар екенін атап өтті.

- Бұл болашақтың энергиясы мен энергетиканың жаңа түрлерін дамыту тақырыбы бойынша Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өткізілуіне байланысты ерекше өзекті. Біз көлік, құрылыс және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың жақсы мүмкіндіктері барын атап өттік. Бүгін Астана мен Оулу қалалары арасында бауырластық қатынастарды орнату туралы меморандумға қол қойылды. Біз аграрлық кешендегі өзара іс-қимылдың келешегі бар деп санаймыз. Мен келіссөздер барысында Финляндия бизнесмендерін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жөнінде бірлескен тауарлы өндіріс ашуға шақырдым. Бүгін екі елдің білім министрліктері арасындағы Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы біздің осы саладағы өзара іс-қимыл аясын кеңейтетінімізді білдіреді, - деді Қазақстан Президенті.    

Мемлекет басшысы тараптар халықаралық қауіпсіздік пен өңірлік тұрақтылық мәселелерін, Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы жағдайды талқылағанын хабарлады.

- Біз Кеден одағы аясында посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістерді дамытуға айрықша назар аудардық. Қазақстанның Еуропа Одағымен ынтымақтастығының перспективасын талқыладық. Біз Финляндияның Қазақстан Республикасы - Еуропа Одағы серіктестігі мен ынтымақтастығын кеңейту туралы жаңа келісімге қол қою жөніндегі келіссөздерге қолдау көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бұл келісім қазақстандық-еуропалық өзара іс-қимылды даму мен ынтымақтастықтың жаңа белесіне шығаруға бағытталған. Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығына дауыс беру кезінде біздің елімізді қолдағаны үшін ризамыз, - деді Мемлекет басшысы. 

Нұрсұлтан Назарбаев өзара сенім ахуалында өткен келіссөздер нәтижесі екі мемлекеттің саяси, сауда-экономикалық және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға деген айқын ұмтылысын, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастардың сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін көрсеткенін атап өтті.

Өз кезегінде С.Ниинистё кездесу үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдіріп, жауап сапармен Қазақстанға келудің ол үшін үлкен мәртебе екенін айтты.  

– Қазақстан әлемнің экономикасы мейлінше қарышты дамып, бүгінде экономикалық өсім қарқыны жөніндегі рейтинг бойынша үшінші орын алатын ел болып саналады. Бұл ел тұрғындарының әл-ауқатының өсіп, денсаулық сақтау, білім беру салаларының да жақсарып келе жатқанын білдіреді. Бұл – маңызды жайт, – деді С.Ниинистё.

Финляндия Президенті тараптар Қазақстанның халықаралық саясаттағы, әсіресе оның өңірдегі тұрақтылықты сақтаудағы рөлін талқылағанын хабарлады. Ол мұның әлемнің барлық еліне пайда әкелетін өте бағалы жұмыс екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, С.Ниинистё әңгімелесу барысында «жасыл» экономика және жаңғырту мәселелерінің талқыланғанын жеткізді.

– Бұл салаларда қазірдің өзінде елдеріміз арасында ынтымақтастық бар, бірақ өзара ықпалдастықты одан әрі дамытудың үлкен әлеуеті сақталып отыр. Астанада «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесі өтеді, оның тақырыбы болашақтың энергиясы болмақ. Қазақстан «жасыл экономикаға» өту үшін аса өршіл стратегия әзірлеу үстінде. Аталған барлық салалар Финляндия үшін де қызығушылық тудырып отыр. Сонымен қатар, жоғары технологиялардың бізге бақуаттылық пен әл-ауқатты экологияға нұқсан келтірмей-ақ арттыруға мүмкіндік беретінін айттық. Менімен бірге Қазақстанға құрамында энергия тиімділігі, зиянды шығарылымдарды азайту, су ресурстарын тиімді басқару, ағаш құрылысы салаларында жұмыс істейтін фин компанияларының он өкілі бар делегация келді. Бұлар – біз үшін ортақ мүддені білдіретін бағыттар, –  деді С.Ниинистё. 

Брифинг барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру перспективалары және үміткер елдер ұсынған міндетті шарттарды орындау туралы сұраққа жауап берді. Олардың қатарында адам құқықтарын қорғау саласындағы прогресс жетістіктері, құқық қорғау жүйесін дамыту мәселелері бар.

- Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселесі көбіне экономикалық сипатқа ие, бірақ Қазақстанда болып жатқан үдерістерге қатысты осындай сауал қойылғаннан кейін, еліміз әлемнің өркениетті мемлекеттері қатарына болуға ұмтылатынын атап өткім келеді. Финляндия 100 жылдан бері демократияны дамыту жолымен жүріп келеді, ал Қазақстанның тәуелсіздігін алғанына бар болғаны 20 жыл. Біз бұл бағытта Финляндиядан гөрі әлдеқайда шапшаң қарқынмен алға қадам басып келеміз деп есептейміз. Кеңес Одағы тарағаннан кейін біз көп жыл күн көру проблемасымен айналыстық және өзге ештеңені ойламадық. Алайда қазір біз әлемде Қазақстан 130-дан астам этностың өкілі болып табылатынын барлық азаматтардың тең құқылығы мен бостандығының үлгісі екенін көріп отырмыз. Бізде 46 діни конфессия бар және дін еркіндігі толық қамтамасыз етілген. Бұл ретте біз еліміздегі құқық қорғау жүйесін жетілдіруді жүзеге асырудамыз. Біз Батыс пен Финляндияда бар демократия мен бостандық біз үшін түпкі мақсат болып саналады деп білеміз. Біз сол жолмен келеміз, - деді Н.Назарбаев.             

Өз кезегінде С.Ниинистё Финляндия Парламентінде ұлттық идеологиялық партия бар екені және елдің сыртқы саясатындағы этносаралық қатынастарға ықпалы туралы  сауалға жауап берді.

С.Ниинистё Қазақстаннан өзгешелігі сол, Финляндияда көп ұлт өкілдері жоқ екенін айтты.

- Шын мәнінде, Еуропадағы қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарлары радикалдық, соның ішінде тым оңшылдық көңіл-күйдің әсерінен орын алуда. Бізде Финляндияда, шынында, «нағыз финдер» деп аталатын партия өте тез танымалдыққа ие болды. Бізде ұлттық, мысалы, эмиграция мәселесіне теңестіруге болатын кейбір мәселелер талқыланады. Сонымен қатар, елімізде мигранттар санының артуына орай мұндай антиэмигранттық көріністер жиі орын алуда. Мұндай көріністер Еуропада бар және олар бізді бұл қаржы дағдарысы қоғамдық, сондай-ақ демократия дағдарысына ұласып кетпей ме деп ойлап, алаңдауға мәжбүр етеді, - деді Финляндия Президенті.    

Қорытындыда «жасыл» экономиканы, білім мен ғылым саласын дамыту мақсатындағы ынтымақтастық жөнінде екіжақты үкіметаралық құжаттарға, Астана (ҚР) мен Оулу (ФР) қалалары арасында бауырластық қатынастар орнату туралы меморандумға қол қойылды.                    


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің