Биылғы сессияның негізгі тақырыбы – «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт».
Іс-шараға 1500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Ассамблеяның елдің барлық өңірінен келген ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттер дипломатиялық миссиялары, ғылыми-шығармашыл зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.
Жиналғандар алдында сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің Тәуелсіздігіміздің ұлы құндылықтарының бірі екенін атап өтті.
Біз достықты қазақстандықтардың барлық буынының басты игілігі ретінде сақтай білдік. Біздің бірегей жолымыз – тең құқықтылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімі халықтың тілек-қалауымен таңдалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жемісі. Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде әрдайым биіктен табылды. Оның тарихында біздің ұлттың өрлеу дәуірінің кезеңдері мен нақты нәтижелері көрініс тапқан, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Ұлт жоспарын жүзеге асырудың алғашқы қорытындылары туралы айтты.
Бірнеше айда 59 заң әзірленіп, қабылданды және күшіне енді. 400 нормативтік құқықтық акт бекітілді. Біздегі өзгерістерге қатысты тағы бір тәуелсіз баға жөнінде айта кетейін. Бүкіл әлем мемлекеттеріндегі реформаларға мониторинг жүргізетін Дүниежүзілік банк Қазақстанды 2015 жылы өзге елдермен салыстырғанда мейлінше көп реформа жасады деп есептейді. Олардың әдістемесіне сәйкес, бұл – 7 бағыт бойынша 19 реформа. Басқаша айтқанда, біз бес емес, жиырмаға жуық маңызды өзгеріс жасадық, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мемлекеттік қызметшілер корпусында Қазақстанның 45 этносының өкілдері бар екенін айтты.
Біз мемлекеттік аппаратта әрдайым этникалық әралуандық болуы үшін бұл жұмысты жалғастыра беретін боламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін тілдер туралы заңның толық сақталуы маңызды екенін атап өтті.
Мемлекеттік органдарға арызданушының хат жолдаған тілінде ақпарат алу мәселесіне қатысты бұған дейін ескерту жасаған болатынмын. Менің тапсырмам бойынша Бас прокуратура барлық орталық және жергілікті органдарға тексеру жүргізді. «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» жаңа заң күшіне енген алғашқы үш айда мемлекеттік органдардың азаматтар сауалына олар таңдаған тілді ескере отырып жауап беру тұрғысында 79 рет заң бұзылған. Соның ішінде 29 факт түрлі деңгейдегі әкімдіктерде, 50-і министрліктер мен ведомстволардың аумақтық бөлімшелерінде болған. Бас прокуратура барлық анықталған деректер бойынша заң бұзуды әшкерелеу және кінәлі мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыным енгізді. Бұл мәселені барлық мемлекеттік орган басшылары ұдайы жеке бақылауында ұстауға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу мәселесін ескере отырып, елорданың, Алматы мен облыстардың әкімдеріне көрнекті ақпараттың жариялануын үш тілде – мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде қамтамасыз етуді тапсырды.
Азаматтардың теңдігі мен этносаралық қатынастар тұрақтылығы мәселесіне қатысты ұсақ-түйек деген болмайды, болуы да мүмкін емес. Бұл жерде науқаншылдыққа орын жоқ, күнделікті қажырлы жұмыс қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру жұмысын жүргізу және экономикалық өсімді қамтамасыз ету тіпті әлемдік дағдарыстың күшті ықпалына қарамастан бизнестің дамуына кеңінен жол ашатынына назар аударды.
Мұны әлемнің мейлінше перспективалы 60 елінде жүргізілетін Жаһандық бизнес мониторингі мәліметтері көрсетіп отыр. Оған сәйкес, Қазақстан азаматтардың кәсіпкерлік белсенділік деңгейі жөнінен 29-орынды иеленді. Жұмыс орындарын ашу перспективасы бойынша – 6-орында. Жалпы, еңбек нарығының тиімділігі рейтингінде біздің республика 140 елдің ішінде 18-орынға жайғасқан. Бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасаудың жаһандық рейтингінде біз 189 елдің ішінде 41-орынды иелендік. 2016 жылға арналған экономикалық еркіндік индексінде Қазақстан 178 мемлекеттің ішінде 68-орында тұр. Біз «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын, бизнесті дамыту және жұмыспен қамту жол картасын жүзеге асырып, фермерлерге көмектесіп келеміз. Бұның бәрі азаматтарымыздың болашағына, лайықты жұмыс және жоғары өмір сапасы тұрғысынан сенімді болуы үшін жасалуда, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Бес институционалдық реформаның тағы бір бағыты – есеп беруші мемлекет пен ашық үкімет қалыптастыру аясында қазақстандықтар үшін мемлекеттік органдардың шешімдерін талқылау, қабылдау және орындау барысына қатысу мүмкіндіктері кеңейе түсетінін айтты.
Олардың жанында үкіметтік емес ұйымдармен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері белсене қатысатын қоғамдық кеңестер құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сыбайлас жемқорлық пен шенеуніктердің ысырапшылдығына қарсы ең сенімді тосқауыл – азаматтық бақылау. Біз бұл бағыттан таймаймыз. Бірақ бұл да азаматтық қоғам үшін маңызды сәт. Оның қоғамдық кеңестер жұмысына қатысуы бастамашылдық, кемелдік және азаматтар алдындағы жауапкершілік қағидаттарына негізделуі тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті халыққа мемлекет жүргізіп жатқан түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігін айтты.
Мектептегі білім беру саласында, соның ішінде бескүндікке, үштілділікке өту бастамалары үлкен талқылауларға түрткі болды. Егер біз балаларымыз бен бүкіл еліміздің болашағын ойлайтын болсақ, мұндай өзгерістер білім беру сапасын арттыру үшін қажет. Бірақ бәрі де тиянақты қарастырылғаннан кейін қабылдануға тиіс. Мектеп мәселесі әр отбасыға қатысты, сондықтан барлық пікір ескерілуі тиіс, мұнда жөнсіз сынақ жасауға болмайды. Жалпы, бұл ақпараттық жұмыстағы олқылықты көрсетеді. Халыққа реформаның мәні жете түсіндірілмеген, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев соңғы кездері Қазақстанның жерін шетелдіктерге сату туралы жалған ақпараттың ұдайы таратылуы салдарынан жер мәселесіне қатысты алаңдаушылық көбейгенін айтты.
Мұның шындыққа жанаспайтыны бірнеше рет түсіндірілді. Тағы да айтқым келеді – ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және компанияларына сату туралы мәселе жоқ, талқыланбайды да. Бұл тақырыптың төңірегіндегі алып-қашты әңгіменің бәрі негізсіз. Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жеке меншігіне жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-баптап, қадірлейтін болады. Жер – ата бабамыздан мұраға қалған біздің басты байлығымыз. Қазақстанның 14 мың шақырымнан астам мемлекеттік шекарасын рәсімдеу үшін мен көрші елдердің басшыларымен 8 жыл бойы келіссөз жүргіздім. Осының бәрі жеріміздің тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныштымын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа функционалдық бағыттарды өз мойнына алғанына тоқталды.
Қайырымдылық қызмет туралы жаңа заңда ҚХА-ға меценаттар қоғамдастығының басты үйлестірушісі қызметін атқару бекітіліп берілді. Тарихта бірінші рет қайырымдылық ұйымдарының, меценаттар мен донорлардың республикалық съезі өткізілді. «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жобасы мен Ассамблея жылы аясында 400 мыңнан астам қазақстандыққа қайтарымсыз көмек көрсетілді. Балалар үйлерінің 7800 тәрбиеленушісі мен жетім балалар үшін жалпы құны 5 миллиард теңге болатын білім беруге арналған есепшоттар ашылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті бүкіл ел бойынша 1993 қоғамдық келісім кеңесі және 820 аналар кеңесі құрылғанын атап өтті. Олар халықтың нақты мәселелерін шешумен, жергілікті деңгейде және ұжымдарда қақтығыстардың алдын алумен айналысады.
Ассамблея қызметінің тағы бір бағыты – даулы мәселелерді сотқа дейінгі тәртіппен шешетін медиаторлар желісін дамыту.
Медиация туралы заң қабылдаған 2011 жылға дейін оған қалай кірісу керектігін ешкім білген жоқ. Ассамблея бастамашылық танытқан соң сең қозғалды. Медиаторлар желісін дамыту соттардың жүктемесін азайтты, құқықтық мәдениет пен қоғамдағы құқықтық сананы күшейтті, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея жұмысындағы қоғамның барлық әлеуметтік қырын қамтитын өзге де негізгі бағыттарға тоқталды.
Мемлекеттік рәміздер туралы заң күшейтілді, бұл олардың қазақстандық патриотизм атрибуттары ретінде азаматтардың қолдануы аясын кеңейтті. Отбасылық қарым-қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани құндылықтарды нығайту жөніндегі жалпы ұлттық жоспар жаңғыртылды. Жалпыға Ортаға Еңбек Қоғамы идеясын ілгерілету жөніндегі жалпыұлттық жоспар жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпқойлар лигасы жобасының мәні зор. Оның аясында Дүниежүзілік банктің атсалысуымен өңірлерде жұмысшы мамандықтары бойынша мамандарды алдын ала даярлаудың 15 ресурстық орталығы құрылды. Білім мен ғылымды дамытудың 2019 жылға дейінші жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданды, үш тілде білім берудің Жол картасы жүзеге асырылуда. «Ұрпақ плюс» жобасын, жастар саясаты тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру жалғасуда. Туризм мен спортты дамыту тұжырымдамасы бекітілді. БАҚ-ты жаңғырту үдерісі басталды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы қомақты қаражат жұмсауды талап етпейтін ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.
Оның инновациялылығы, энтузиазмы, жүйелілігі және нақты нәтижеге бағытталғандығы – бұл, сөз жоқ, еліктеуге тұрарлық үлгі. Мен біртектілік пен бірлік жөніндегі жұмыстың алғашқы қорытындыларын бекітемін. Сонымен бірге босаңсуға және біз қоғамда бірлік пен келісімнің биік деңгейіне жеттік деп санауға да болмайды, ал бұл үдеріс енді өз-өзінен жалғасатын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сессия қорытындысы бойынша қабылдануы жоспарланып отырған Мәңгілік Ел Патриоттық актісінің жалпыұлттық идеяның құжаттамалық формасы екеніне назар аударды.
Бұл – қазақстандықтардың біртектілігі мен бірлігінің ауқымды да бірегей генетикалық бағдарламасы. Акт біздің рухани құндылықтарымыз бен ұмтылыстарымыздың негізгі форматын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге тиіс. Онда экономика мен саясаттың, мораль мен діннің мәселелері, Қазақстанның жаһандық әлемдегі орны жөніндегі көзқарастарымыз бір арнаға тоғыстырылған. Бұл құжатқа қатысты екі жыл бойы қызу қоғамдық жұмыс жүргізілді. Ол халық Ассамблеясының барлық буынында, ғылыми ортада, саясаткерлер, кәсіпкерлер, мәдениет қайраткерлері арасында жан-жақты талқыланды. Былтыр Республикалық патриоттар форумында оны жобасы мақұлданды, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Мәңгілік Ел Патриоттық актісінде халқымыз қалыптастырған және өз жан-жүйесінен өткерген басты жалпыұлттық құндылықтар, мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың Қазақстанның тағдыры мен оны дамыту, өркендету жолындағы өзара жауапкершілігі нақтыланғанын айтты.
Патриоттық акт қабылдай отырып, біз бүгінгі өмірімізде орны бар және бәріміз үшін қастерлі нәрселер мен болашақ Қазақстанның барлық дәуірінде өмірлік маңызы зор және бағалы болатын дүниелер арасында берік көпір саламыз. Біз жаңа белестерге қарай ілгері басқан қадамымыздың дұрыстығын компаспен тексергендей, Патриоттық акт арқылы анықтайтын боламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Патриоттық актінің жасампаз идеяларын қоғамда орнықтыру жөніндегі бірқатар шараларды іске асыру қажеттігін атап өтті.
Үкімет Ассамблеямен бірлесіп, әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол табатын кең ауқымды түсіндіру жұмысын жолға қойғаны жөн. ҚХА хатшылығы Мәдениет және спорт министрлігімен, Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, Патриоттық акт жөніндегі әдістемелік құралдар дайындауы қажет. Олардың негізінде ұлттық компаниялар, кәсіпорындар, мекемелер мен оқу орындары ұжымдарындағы жұмысты жолға қою керек. Ассамблеяға мониторинг жүргізіп, Қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту тұжырымдамасын жүзеге асыру туралы баяндамалар дайындау міндеті жүктеледі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті тәуелсіздік, келісім, Болашағы біртұтас ұлт ұғымдарының қазақстандық арманды жүзеге асыратын бір-бірімен өзара байланысты ұғымдар екеніне назар аударды.
Өмірден арман туындатып, арманнан шынайы болмысты сомдау керек. Жалпыұлттық арманымызды біз осылай жүзеге асырамыз. Қуатты, лайықты және мәңгілік мемлекет туралы арманымызды. Кең-байтақ, сүйікті және киелі жерімізді көркейту туралы арманымызды. Ұлы Дала Елі кеңістігіндегі зәулім аспанмен астасқан шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүретін бақытты және бейбіт халқымыз туралы арманымызды. Мен бүгін Ассамблея сапына оны бұдан жиырма жыл бұрын менімен бірге құрысқан және бастапқы тарихи сессиялары мен шешімдерін әзірлескендердің есейген балалары қосылып жатқанын көріп тұрмын. Бұл – қазақстандықтардың ұрпақ сабақтастығының айқын айғағы, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев баршаны алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бақыт пен игілік және табыс тіледі.
Сондай-ақ сессияда қазақстандық ғарышкер, шетелдік қонақтар, өңірлерден келген делегаттар, спортшылар, жұмысшы мамандықтарының, сондай-ақ бюджеттік және жастар ұйымдарының, азаматтық қоғамның өкілдері сөз сөйледі.
Сессия барысында Мемлекет басшысы ҚХА мүшесі, «Беларусь мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Л.Питаленконы және ҚХА мүшесі, Қазақстан өзбектері қоғамдық бірлестіктерінің «Дустлиқ» қауымдастығының құрметті төрағасы Р.Халмурадовты Ассамблея Төрағасының этномәдени бірлестіктер атынан өкілдік ететін орынбасарлары етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды.
Ассамблеяның XXIV сессиясы қорытындылары бойынша «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі жарияланды.