Қымбатты отандастар!
Сіздерді Пасха мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ол адамдардың жүрегіне сенім мен үмітті, игілік пен бейбітшілікке ұмтылысты ұялататын терең адамгершілік мағынасы бар мейрам. Пасха игі істерге, қайырымды амалдарға, мейірімділік, өзара құрмет, отбасы мен өз халқына деген сүйіспеншілік сияқты шынайы рухани құндылықтарға бет бұратын мезет.
Елімізде мақсатты мемлекеттік саясаттың арқасында татулық пен тыныштық орнаған, діни сенім бостандығына кепілдік беріліп, Қазақстан атты үлкен отбасында өмір сүріп жатқан этностардың тілдері мен дәстүрлерін дамытуға барлық жағдайлар жасалған.
Елордамыз Астана жаһандық дінаралық және мәдениетаралық диалог орталықтарының біріне айналды. Астанада 2015 жылғы маусымда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өтеді.
Бейбітшілік пен тыныштықты қолдауға, тұрақтылықты сақтауға Қазақстандағы Орыс Православие Шіркеуінің Митрополиттік аймағы, сондай-ақ басқа христиандық қауымдар салмақты үлес қосуда.
Біздің халқымыз біртұтас, біз бәріміз қуатты да тұрақты Отанымызды бірге құрамыз.
Осы жарқын мерекеде барша қазақстандықтарға өркендеу, жан тыныштығын, амандық және бүгіні мен ертеңіне деген сенімділік тілеймін!