National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына ресми кірісу рәсімі

2015 жылғы 29 сәуір

 

Іс-шара Мемлекеттік Ту мен Президент Байрағының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына салтанатты жағдайда әкелінуінен басталды.

Мемлекет басшысының кортежі «Ақорда» резиденциясынан Тәуелсіздік сарайының басқы есігінің алдына келді. Осы жерде жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентіне Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы А.Күреңбеков рапорт берді.

Нұрсұлтан Назарбаев артиллериялық от-шашу болып жатқан кезде Тәуелсіздік сарайына кірді.

Тәуелсіздік сарайының Үлкен залында Конституциялық Кеңес төрағасы И.Рогов Конституцияның 42-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті халыққа ант берген сәттен бастап лауазымына кірісетінін мәлімдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев оң қолын Конституцияға қойып:

– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін! – деп, мемлекеттік тілде ант берді.

Содан кейін Елбасы Мемлекеттік туды сүйді. Мемлекеттік әнұранды орындау барысында 21 рет зеңбіректерден оқ атылды. 

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Тұрғанқұлов Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды.

Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Президент сайлауы қоғам бірлігінің қуатын паш еткеніне тоқталды.

– Қазақстандықтар маған ұлы сенім көрсетіп, Отанға тағы қызмет етуге шақырды. Біз күрделі жолды бірге жүріп өттік: өзімізге сеніп, Тәуелсіздігімізді алдық, мемлекет құрып, әлемге жаңа Қазақстанның есігін аштық, өзімізді біртұтас ұлы ұлт ретінде таныттық. Сіздердің сенімдеріңіз мені әрдайым шабыттандырды, сенімділік пен күш-қуат берді. Қазір барлық жауапкершілікпен айтқым келеді:  бұған дейінгі жылдардағы сияқты халыққа адал қызмет етіп, елдің және барлық азаматтарымыздың амандығын сақтап, жалпыұлттық биік мүдделерімізді қорғайтын боламын, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев елдің әрі қарай дамуына қатер төндіретін бірқатар сыртқы ықпалдарға назар аударды.

– Бұл – әлем қалпының дағдарысы мен жалпы белгісіздіктің өршуі. Әлемдік экономиканың турбуленттілігі жалғасуда. Санкциялық, «валюталық» және сауда соғыстары барлық елдерде жағдайды ушықтыруда. Климаттың өзгеру үдерісі бүгінде болжап болмайтын салдарларға, түрлі апаттарға бастауда. Орталық Азияға әлемдік бөліністің жаңа өзгерістері әсерін тигізуі мүмкін, бұл да – бүкіл өңір үшін қатер. Жаһандық қалыптың дағдарысы мен әлемдік экономикадағы тұрақсыздық осы сын-қатерлермен күрестегі халықаралық үйлестіру мәселесін дәрменсіз ете түседі, – деді Мемлекет басшысы.

Қаақстан Президенті реформаларды орындау үшін күш-жігер жұмылдыру қажеттігін айтты.

– Таяу арада ел Президентінің жанынан Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылатын болады. Оның мақсаты – бес реформаның кезең-кезеңімен жүзеге асырылуын басқару және мемлекеттік органдардың, бизнес секторы мен азаматтық қоғамның іс-қимылын үйлестіру. Ұлттық комиссия жанында құрамына беделді шетелдік және қазақстандық сарапшылар кірген Халықаралық консультативтік кеңес әрекет ететін болады. Бұл ең озық халықаралық тәжірибені пайдалануға септігін тигізеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы комиссияның бірінші отырысында «мемлекет құру ісіндегі ендігі 100 нақты қадам» Ұлт жоспары таныстырылатынын айтты. 

– «100 қадам» – біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге қарсы жауабымыз, сонымен бірге дамыған отыз мемлекеттің қатарына жаңа тарихи жағдайларда қосылу жөніндегі жоспар, – деді Қазақстан Президенті.

 Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мемлекеттің күш-қуаты мен халықтың даналығына сүйене отырып, барлық міндеттерді жүзеге асыра алатынын айтты.

– Мен ұлтқа өзім жариялаған реформаларға кеңінен атсалысу жөнінде сөз арнаймын. «Республика» сөзі латын тілінен тікелей «ортақ іс» деп аударылады. Қазақстанның жаңғыртылуы – біздің ортақ ісіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Сөзін аяқтағаннан кейін ел Президенті – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы Тәуелсіздік сарайы алдындағы алаңда Қорғаныс министрі И.Тасмағамбетовтің рапортын қабылдады. Мемлекет басшысының алдынан Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің өкілдері салтанатты түрде шеру тартып өтті.

Ұлықтау рәсіміне Жоғарғы сот судьялары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, мемлекеттік басқарудың орталық органдары басшылары, Үкімет мүшелері, жауапты хатшылар, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, діни конфессиялар өкілдері, Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшелері, Орталық Сайлау комиссиясының мүшелері, Конституциялық Кеңес мүшелері, президенттікке кандидаттар, республикалық және өңірлік қоғамдық штаб, сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия мүшелері, «Нұр Отан» партиясының басшылығы, Тұңғыш Президент мекемелері мен ұйымдарының жетекшілері, демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлтық коалициясы мүшелері, «Халық қаһарманы» және «Еңбек ері» атағы иегерлері, ел генералитеті, сенімді өкілдер, қоғамдық-саяси бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, көрнекті ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері, республиканың іскер топтар өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Іс-шараға барлығы 3 000-ға жуық адам шақырылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы 2015 жылғы 26 сәуірде өтті. Қазақстан Республикасы Орталық Сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, дауыс беруге 9 090 920 адам немесе сайлаушылардың 95,21 пайызы қатысқан. Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 8 833 250 даусына ие болды, бұл – дауыс беру рәсіміне қатысқан сайлаушылар даусының  97,75 пайызы. 

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің