Мемлекет басшысы С.Лавровтың Қазақстанға сапарына ықылас білдіріп, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. – Қазақстан мен Ресей жоғары деңгейде қарым-қатынас жасап келеді. Бұған елдеріміздің сыртқы істер министрліктері мен елшіліктерінің қосқан үлесі зор. Біздің екіжақты ынтымақтастығымыз өзге елдер үшін үлгі бола алады деп ойлаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Ресей Сыртқы істер министрін G20 саммитінің сәтті өтуімен құттықтап, осынау ауқымды іс-шараның сапалы ұйымдастырылғанын атап өтті. С.Лавров Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысовпен жүргізілген келіссөздер, онда екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері қаралғаны, соның ішінде мемлекеттер басшылары кездесуіне дайындығы жөнінде нақты қадамдар белгіленгені туралы хабардар етті. Бұған қоса, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің аспектілері мен халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.