Кездесуге Еуропалық аэроғарыш және қорғаныс концернінің (EADS) басшылары - президенті Томас Эндерс, халықаралық даму жөніндегі бас атқарушы директоры Жан-Пьер Таламони, сондай-ақ, «Эйрбас» компаниясының бас атқарушы директоры Джон Лихи және «EADS Қазақстан» бас директоры Сильвер Дэлонэ қатысты.
Кездесу барысында аэроғарыш саласындағы өзара іс-қимылды дамыту перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның аталған компаниялармен ынтымақтастығы жақсы қарқынмен дамуда екенін атап өтті.
- Сіздердің делегация құрамында келулеріңіз бұл жұмыс жалғасын табатынын білдіреді. Біз бұған дейін де менің Парижге сапарым барысында кездестік. Жасалған келісімдер ынтымақтастығымыздың аясы дәйектілікпен ұлғая түсетінін көрсетеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде компаниялар өкілдері Қазақстан Президентіне қабылдауы үшін алғыс айтып, қазақстандық серіктестерімен ықпалдастықтың табысты екендігі туралы хабардар етті.
EADS – аэроғарыш өнеркәсібіндегі ірі корпорация және жолаушылар, жүк және әскери-транспорт ұшақтары өндірісімен айналысатын «Эйрбас» компаниясының бірден-бір акционері болып саналады.