Кездесу барысында В.Христенко Мемлекет басшысын биылғы желтоқсан айында өтетін Кеден одағына мүше үш мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Кеңестің отырысына дайындық барысы туралы хабардар етті. Сонымен қатар, кездесуде Кеден одағы жұмысының алдын ала қорытындысы мен алдағы кезеңдегі негізгі міндеттер қарастырылды. В.Христенко Кеден одағына мүше елдердің макроэкономикалық дамуының сенімді динамикасын атап өтті. Мысалы, өзара сауда көлемінің өсу қарқыны сыртқы сауда көлемінің өсімінен екі есе артық. 2012 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Кеден одағына мүше елдердегі жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,5 пайыз болды. Нұрсұлтан Назарбаев кездесудің қорытындысы бойынша Кеден одағына мүше елдер арасындағы сауданы одан әрі жеделдету және экономикалық интеграцияны тереңдету жөніндегі шараларды әзірлеу туралы нақты ұсыныстарын айтты.