Ақордадағы салтанатты рәсімнен кейін шағын құрамда келіссөздер өтті. Кеңейтілген форматтағы келіссөздер Қазақстан Президентінің атынан Македония Президентінің құрметіне ресми таңғы аста жалғасты.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Георге Иванов екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселесін, халықаралық күн тәртібін талқылады және одан арғы іс-қимылдың негізгі бағыттарын анықтады. Еуропадағы, Таяу Шығыстағы және Ауғанстандағы жағдай жөнінде пікір алмасты. Энергетикалық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ әлемдік қаржы дағдарысының мүмкін боларлық салдарлары қаралды.
Тараптар энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, туризм, фармацевтика салаларындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады. Қазақстан Президенті мен Македония Президенті сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған кешенді шараларды белгіледі. Нұрсұлтан Назарбаев осы саладағы екіжақты қарым-қатынастардың деңгейі әзірше төмен екенін және екі елдің экономикалық әлеуетіне сәйкес келмейтінін атап өтті.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Македония Республикасының Президенті Георге Иванов Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Бұл құжат саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған.
Сонымен қатар, ҚР Үкіметі мен МР Үкіметі арасындағы қосалқы салық салуды болдырмау және кіріске салынатын салыққа қатысты жалтарудың алдын алу туралы Келісімге, ҚР Үкіметі мен МР Үкіметі арасындағы инвестицияны ынталандыру және өзара қорғау туралы Келісімге қол қойылды. Тараптар сондай-ақ ҚР Үкіметі мен МР Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойды.
Кездесу аяқталғаннан кейін екі елдің Президенттері БАҚ-қа арнап брифинг өткізді. Нұрсұлтан Назарбаев біздің елдеріміздің тарихында ұқсастық бар екенін атап өтті. Қазақстан КСРО құрамында, ал Македония Югославия құрамында болған.
- Македония басшысының сапары екі мемлекет арасындағы қатынастарды дамыту үшін үлкен мәнге ие. Біздің республикамыз Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыруда. Мен македониялық серіктестерімізді бірлескен экономикалық жобаларды іске асыруға шақырдым. Біз фармацевтика, машина жасау, ауыл шаруашылығы тәрізді салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту ниетіндеміз. Македония Шығыс Еуропаның орталығында орналасса, Қазақстан Батыс пен Шығыс арасын байланыстыратын буын болып табылады. Көліктік коммуникацияның құрылуы біздің мемлекеттеріміз үшін пайдалы болатынына сенемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде Георге Иванов Қазақстан мен Македонияны достық қатынастар байланыстыратынын атап өтті.
- Өкінішке орай, біздің елдеріміз арасында әлі күнге дейін тығыз өзара қарым-қатынастар орныққан жоқ. Мен бүгін құжаттарға қол қойылуы біздің ынтымақтастығымызды серпінді дамытуға себеп болатынына сенемін. Біз бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық танытып отырмыз. Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамуда елеулі табыстарға жетті. Республика түрлі этностар мен конфессияның бейбіт қатар өмір сүруінің үлгісін көрсетті, - деді Македония Президенті.
Жаппы, Георге Ивановтың Қазақстанға сапары екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың перспективалық формасын анықтауға арналған.