National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековті қабылдады.

2012 жылғы 23 шілде

 

Министр Қазақстан Президентіне ауыл шаруашылығындағы қазіргі ахуал және егін жинау науқанына дайындық барысы туралы баяндап берді.

– Ауыл шаруашылығы биылғы жылы құрғақшылыққа тап келіп тұр. Бұл тек бізде ғана емес, Ресейде де, Америка мен Еуропада да солай. Өткен жылы рекордтық астық алғанбыз, ал бірақ биылғы жыл ауыл шаруашылығы үшін оңай болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті егін жинау науқанына дайындықты күшейту қажеттігіне, атап айтқанда, жанар-жағармай, ауылшаруашылық техникасын, құрал-жабдықтар жеткізу, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді келесі жылға тұқымдық дәнмен  қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.

– Ішкі нарықтағы бидай бағасының деңгейін бақылауда ұстау аса маңызды. Үкімет ауыл шаруашылығына жан-жақты көмек көрсететін болады. Бұл орайдағы жұмысты барынша тиімді және ұйымшылдықпен жүргізу керек, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Климаттың құбылу жағдайы жөнінен биылғы жылды 2010 жылмен салыстыруға болады, сол жылы күннің ыстықтығынан кейбір облыстарда егін өнімінің мөлшері төмен болған-ды.

– Жалпы, құрғақшылыққа қарамастан, елдегі алынған астық деңгейі орташа көпжылдық деңгейге тең. Жақсы өнім Солтүстік Қазақстан облысында және Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарының кейбір аудандарында алынады деп күтіп отырмыз,  – деді А.Мамытбеков.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы егін жинау науқанына уақтылы дайындық жөнінде және ауа райы қолайсыздығынан зардап шеккен  отандық ауылшаруашылық өнімін өндірушілерге тиісті көмек көрсету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Биыл Қазақстанның жекелеген өңірлерінде ауылшаруашылық өнімдерінің өсуіне және пісіп-жетілуіне қолайсыз құрғақшылық байқалуда. Құрғақшылық негізінен Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Ақтөбе облыстарының аудандарын қамтыды. Алдын ала жасалған болжам бойынша, биыл гектарынан орташа 8,1 центнер өнімділік жағдайында шамамен 12,8 млн. тонна астық өнімі жиналады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің