National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Елбасы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты қабылдады

2016 жылғы 21 қаңтар

 

Б.Сапарбаев Мемлекет басшысына өңірдің 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен таяу кезеңдегі даму перспективалары туралы баяндады.

Қазақстан Президенті Ақтөбе облысының өндірісі дамыған, өсім қарқыны жоғары, экономикасы әртараптандырылған аймақ екенін атап өтті.

Облыс аумағы арқылы автомобиль жолдары, соның ішінде «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі, теміржол желілері, газ құбырлары өтеді. Олардың маңайында сервистік орындарды дамытып, жұмыс орындарын ашуға болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізуге байланысты халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне назар аударды.

Жаһандық дағдарыс әлемнің көптеген елдерін қамтыды. Сондықтан бұл орайда әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, халықты жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті қаржылық жағынан қолдау, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруды қамтамасыз ету маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Ақтөбе облысының әкімі Қазақстан Президенті тапсырмасының және өңірде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың арқасында азаматтардың жағдайы жақсарып келе жатқанын айтты.

Экономикалық дағдарысқа қарамастан, облыс экономикасының өсіміне қол жеткізілді. Маңызды бағыттың бірі халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып саналады. Жұмыссыздық деңгейі 4,8% болды. Өңірдегі бірқатар ірі кәсіпорындармен арада жұмысшыларды қысқартуға жол бермеу, еңбекақыны уақтылы төлеу және ұжымдық шарттарды орындау жөнінде дағдарысқа қарсы меморандумдар жасалды. Сонымен қатар, Сіз берген тапсырмалар аясында «Қазхром», «Русская медная компания» және «Восход-Oriel»  сияқты компаниялар өз жұмысшыларының еңбекақысын 1 қаңтардан бастап 10-15 пайызға көтерді. Бұл бағыттағы жұмыстар өзге кәсіпорындарда да жүргізіліп жатыр, – деді Б.Сапарбаев.

Ол бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру үшін қосымша резервтер іздеу мақсатымен мемлекет пен жекеменшік серіктестігін дамыту, халықаралық қаржы институттары мен инвесторлардың қаражатын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Мәселен, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында 29 жоба қарастырылып жатыр, солардың қатарында жедел медициналық жәрдем қызметі ғимараты, қалалық балалар стоматологиялық емханасы, мұз сарайы, жекпе-жек сарайы, футбол манежі, 7 балабақша, 3 емхана, 1 аурухана және 1 мектеп құрылысы бар.

Сонымен қатар, облыста ішкі өсім резервтерін іздеп табуға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. 2015 жылы бюджет 9,2 миллиард теңгеге оңтайландырылса, биыл қосымша тағы 2,3 миллиард теңгеге оңтайландыру жоспарланып отыр. Бюджет қаражатын үнемдеу мақсатымен әлеуметтік нысандарды, мемлекеттік мекемелердің автокөліктерін газ отынына көшіру қарастырылған, бұл жыл сайын шамамен 500 миллион теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу үдерісі аясында жергілікті өнімдер көлемі мен олардың әлеуметтік жауапкершілік деңгейі арттырылады. Мысалы, Ақтөбе кәсіпорындары 2016 жылы әлеуметтік жобаларға 6,6 миллион доллар бөледі.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша Б.Сапарбаевқа жұмыспен қамтуға, өңір халқының әл-ауқатын арттыруға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді, сондай-ақ облысты әлеуметтік-экономикалық дамытуға байланысты қойылған барлық мақсаттар мен міндеттерді сапалы жүзеге асыру қажеттігін айтты. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің