Рәсім барысында Қазақстан Президентіне БҰҰДБ тұрақты өкілі Норимаса Шимомура және Израиль Мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бродский, Өзбекстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Икром Назаров, Әзербайжан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов, Таиланд корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Нат Пиниоваттаначип сенім граматоларын тапсырды.
Мемлекет басшысы бұл рәсім олардың жеке дипломатиялық тарихтарындағы жаңа белеске айналатынына назар аударды.
Бәріңіз де дипломатиялық миссияға алғаш рет басшылық еткелі отырсыздар, қызметтеріңіздегі жаңа кезең Қазақстаннан басталғалы тұр. Сіздерді құттықтай отырып, Қазақстандағы жауапты да мәртебелі миссияларыңыз елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға септігін тигізеді деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті дипломаттар өз қызметтеріндегі жаңа кезеңді Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында бастап отырғанын атап өтті.
Бұл тарихи тұрғыдан қысқа кезең біздің еліміз үшін ауқымды өзгерістердің дәуіріне айналды. Мемлекеттілікті нығайту, заманауи нарықтық экономика құру, қоғамды жаңғырту жөнінде орасан зор жұмыс атқарылды. Бүгінде біздің елдің басты сипаттары – саяси тұрақтылық, этносаралық және конфессияаралық келісім, халықаралық істердегі сенімділік пен жауаптылық, тиімді әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы 2016-2020 жылдарға арналған негіздемелік серіктестік бағдарламасы ынтымақтастықтың жаңа сапалы деңгейіне шыққанын көрсететініне назар аударды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасымен өзара іс-қимыл негізгі үш векторды қамтиды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Семей облысын аймақтық дамыту жөніндегі бірлескен бағдарламасын оң бағалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Израильмен ынтымақтастықтың аясын кеңейте түсуге айрықша мән беретінін айтты.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық біздің қарым-қатынасымыздың маңызды бөлігі болып саналады. Бүгінде Қазақстанда Израиль капиталының қатысуымен жұмыс жүргізетін 270-тен астам кәсіпорын тіркелген. Қазіргі дағдарыс жағдайында барлық бағыттар бойынша қауымдасуды кеңейте түсу үшін күш жұмылдырудың маңызы зор. Ақпараттық технологиялар, инновация, медицина және ауыл шаруашылығы перспективалы салаларға айналып отыр. Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу тұрғысынан біз Израильдің озық технологияларына және баламалы энергетика саласындағы жаңалықтарға мүдделіміз. Израильдің Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда аймағы жөніндегі келісімге қол қоюға ұмтылысын біз қолдаймыз. Израильдің Премьер-Министрі Б.Нетаньяхудің Астанаға жоспарланып отырған ресми сапары екжақты байланыстарды тереңдетуге серпін береді деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті елімізді Өзбекстанмен және Әзербайжанмен туысқандық қатынастар мен ғасырлар тарихынан тамыр тартатын достыққа, өзара құрметке негізделген берік дәстүрлер байланыстыратынын атап өтті.
Елдеріміз арасындағы ортақ шекара екіжақты қарым-қатынастардың жан-жақты дамуын алдын ала айқындап тұрады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Өзбекстанды Орталық Азия өңіріндегі стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынына назар аударды.
Өткен аптада екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен үкіметаралық комиссияның 15-ші отырысы өтті. Қол жеткен уағдаластықтарды жүзеге асыру Қазақстан-өзбек қатынастарын жаңа сапалы деңгейге шығарады деп сенемін. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша біздің тиімді ықпалдасуға мүмкіндігіміз бар. Өзбекстан Президенті И.Кәрімовтің біздің елге сапары кезінде жасалған уағдаластыққа сәйкес, мен маусым айында Ташкентке барып, сонда өтетін Шанхай Ынтымақтастық ұйымының кезекті отырысына қатысуды жоспарлап отырмын, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Әзербайжан Қазақстан үшін Кавказ өңіріндегі стратегиялық серіктес екенін атап айтты.
Біздің елдеріміз энергетика және транзит-көлік, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру салаларында және басқа да бағыттар бойынша белсене ынтымақтасып келеді. Жақында ғана маған Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтен Әзербайжанға ресми сапармен бару жөнінде шақыру келді. Мен бұл шақыруды ықыласпен қабыл аламын. Дипломатиялық арналар арқылы нақты мерзімін келісерсіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Таиланд Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Азиядағы маңызды серіктесі болып саналатынына тоқталды.
Астана мен Бангкок арасындағы өзара іс-қимыл өзара түсіністік және сенім ыңғайында дәстүрлі түрде дамып келеді. Таиланд басшылығына Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі үдерісін, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі аясында дінаралық диалогты нығайтуға қосқан үлесі үшін зор ризашылығымызды білдіреміз. Біз Таиландпен туризм, ауыл шаруашылығы, энергетика және көлік логистикасы салалары бойынша жемісті ынтымақтастықты артыра түсуге әзірміз. Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы тығыз қауымдасу сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін керемет мүмкіндікке жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысушыларды Астанадағы дипломатиялық жұмыстарының басталуымен және алдағы Наурыз мерекесімен құттықтап, қонақжай Қазақстан жерінде өткізетін күндерінің жайлы болуына тілектестігін білдірді.
Сіздердің қызметтеріңіз сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға, екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін барынша арттыра түсуге бағытталады деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Н.Шимомура орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін Қазақстан мен БҰҰ арасындағы сындарлы серіктестіктің жалғаса беретініне сенім білдірді.
М.Бродский Қазақстан мен Израиль халықтарын ортақ мүдде мен өзара ілтипатқа негізделген дәстүрлі достық қарым-қатынастар байланыстыратынын айтты.
Таяуда Қазақстан алғаш рет Алғыс күнін атап өтті. Біз үшін бұл мереке Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанға қоныс аударған еврейлерге көрсетілген қонақжайлылық үшін сіздің халқыңызға тағы да алғыс білдірудің бір мүмкіндігіне айналды. Біз оны ешқашан ұмытпаймыз, – деді Израиль елшісі.
И.Назаров Қазақстан және өзбек халықтарының руханияты, тарихы және мәдениетінің ортақ сипатын атап өтіп, екіжақты ынтымақтастық аясын өзара тиімді негізде одан әрі кеңейте түсуге септігін тигізуге ниеттестігін жеткізді.
Қазақстан – Өзбекстанның маңызды сауда серіктесінің бірі. 2015 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының көлемі 3 миллиард доллардан асты. Бұл салада зор әлеует бар, – деді Өзбекстан Республикасының елшісі.
Р.Маммадов Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы саяси, экономикалық байланыстарды нығайту, білім беру, ғылым және мәдениет саласындағы тығыз қарым-қатынастарды жолға қою үшін өзінің бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты. Бұдан бөлек, елші барша Қазақстан халқын келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтады.
Н.Пиниоваттаначип Қазақстан мен Таиланд арасындағы серіктестік қарым-қатынас түрлі сала бойынша қарқынды өрістей береді деп үміттенетін айта келіп, еліміздің халқына игілік пен бақ-береке тіледі.