National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Елбасы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

2017 жылғы 30 мамыр

Қазақстан Президентіне рәсім барысында Корея Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ-Сик, Сербия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Владан Матич, Индонезия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Рахмат Прамоно, сондай-ақ Румынияның Төтенше және өкілетті елшісі Чезар-Маноле Армяну сенім грамотасын тапсырды.

Мемлекет басшысы елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық қызметінің басталуымен құттықтап, олардың жұмысы мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталатынына сенім білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев елшілердің Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы мемлекетіміз үшін жаңа тарихи кезеңде басталғалы тұрғанын айтты.

– Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткен Қазақстан өз өркендеуінің үшінші кезеңіне қадам басты. Сонымен қатар, елімізде индустрияландыру бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда. Біз бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеу мақсатымен рухани жаңғыруды қолға алдық. Осы аталған бастамаларымыздың түпкі мақсаты – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміздің өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға қатысты бастамаларына, сондай-ақ одан әрі даму мен өзара ынтымақтастықты қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырған шараларына тоқталып, Қазақстанның сыртқы саясаттағы қызметінің нәтижелеріне назар аударды.

– Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз міндеттерін толық орындауда. Еліміз дүние жүзіндегі түйткілдер мен шиеленістерді шешуге белсене атсалысып келеді. Солардың бірі – Сириядағы қақтығыс. Астанада Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдері алғаш рет бір үстел басында кездесті. Санаулы күндерден соң Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу рәсімі өтеді. Оған әлемнің 100-ден астам өкілі қатысады. Сіздер «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге белсене атсалысады деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету, еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді пайдалану жұмысының нәтижесіне тоқталып, шетелдік бизнес өкілдерінің Қазақстандағы жобаларды іске асыруға қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан Президенті еліміз өз егемендігінің алғашқы кезеңінен бастап мемлекетаралық деңгейде сындарлы диалог пен ынтымақтастыққа негізделген саясат жүргізіп келе жатқанын айтты.

– Корея Республикасы – Қазақстанның Азиядағы негізгі серіктесінің бірі. Мен Сеулге былтырғы қарашадағы мемлекеттік сапарымның нәтижесін жоғары бағалаймын. Қазақстан экономикасы үшін Оңтүстік Корея өңірдегі ірі инвестордың бірі болып саналады. Қазақстан дипломатиясының күш-жігері Солтүстік Кореяға қатысты мәселені тек бейбіт келіссөздер арқылы шешуге бағытталған. Мен осы өңірде бейбітшілік орнайтынына сенемін. Екіжақты ынтымақтастықты барлық салада одан әрі дамыту жолдарын талқылау үшін Президент Мун Чже Иннің Қазақстанға сапармен келуін күтеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Индонезия арасындағы қарым-қатынастың дамуында ілгерілеушілік бар екенін атап өтіп, саяси және халықаралық мәселелерге қатысты Астана мен Жакартаның көзқарастары ұқсас екеніне назар аударды.

Қазақстан Президенті елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытудың әлеуеті жоғары екеніне тоқталып, бұл бағыттағы үкіметаралық жұмысты жолға қою қажеттігін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Сербия Республикасымен қарым-қатынасымыз жүйелі әрі дәйекті түрде дамып келе жатқанын атап өтті. 

– Елдеріміздің байланысын нығайтуға соңғы екі жылдағы жоғары деңгейде өткен сапарлар тың серпін берді. Екіжақты саяси диалог пен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың әлеуеті зор. Сондай-ақ, «Астана-ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылу салтанатына Сербияның жаңа Президенті А.Вучичтің қатысатынын атап өткім келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Румыниямен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға баса мән беретінін айтты.

Қазақстан Президенті Румын экономикасының энергетика саласына еліміз салған инвестиция мемлекеттеріміз арасындағы кооперацияның айшықты айғағы екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Астана мен Бухарест арасындағы ынтымақтастықты серіктестіктің жоғары деңгейіне көтеруге мүдделі екенімізді жеткізді.

Соңында Мемлекет басшысы дипломаттарды Қазақстандағы миссиясының басталуымен тағы да құттықтап, ынтымақтастықты нығайту жолындағы істеріне сәттілік,  жұмыстарына табыс тіледі. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің