Мемлекет басшысы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Ж.Баррозуға алғыс айтты. – Еуропалық комиссияға Сіз төрағалық еткен кезде Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы тауар айналымы он есе артты. Сіздің пәрменді ықпалыңыз, достық көмегіңіз арқылы біз ҚР мен ЕО-ның кеңейтілген серіктестігі және ынтымақтастығы туралы келісім жобасына қатысты келіссөздер аяқталғаны жөніндегі құжатқа қол қойдық. Еуропалық одақ біздің негізгі сауда серіктесіміз болып қала бермек, – деді Қазақстан Президенті. Ж.Баррозу өз қызметіне жоғары баға бергені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылық білдіріп, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы серіктестік бұдан әрі өрістеп, оның аясы кеңейе береді деп үміттенетінін жеткізді. – Еуропалық комиссияның төрағасы ретінде мен Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы тығыз серіктестікті қолдау үшін қажет болған бар күш-жігерімді салдым және өзімнің оған қосқан үлесімді зор мақтаныш тұтам. Сондай қарым-қатынас орнату үшін Сіздің тікелей атсалысуыңыз да өте маңызды болды, – деді Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы. Кездесу барысында Мемлекет басшысы халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Ж.Баррозуды I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.