Мемлекет басшысы А.Асылмұратованы жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, табыс тіледі. Нұрсұлтан Назарбаев академияның Орталық Азиядағы көп деңгейлі кәсіби және хореографиялық білім беретін толық циклды алғашқы жоғары оқу орны екендігіне тоқталды. – Бұл нысан барлық талапқа сай келетін жоба бойынша салынды. Атап айтқанда, оқу корпустары, оқытушылар мен оқушылар үшін тұрғын үй кешендері салынды, демалыс үшін жағдайлар жасалды, медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылуда. Академия ЭКСПО көрмесінің Халықаралық қаржы орталығы орналасатын аймағына таяу жерден орын тепкен, – деді Қазақстан Президенті. Елбасы балалар мен жастарды шығармашылыққа және өнерге сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу қоғамның басты міндетінің бірі болып саналатынын атап өтті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі көптеген хореографиялық, музыкалық мектептер мен шығармашылық ұжымдар біліктілігі жоғары мамандарға мұқтаж болып отырғанына назар аударды.