Кездесу барысында К.Мәсімов Қазақстан Президентіне негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, маңызды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, сондай-ақ Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның қазіргі қызметі туралы баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев комиссияның белсенді әрі тиімді жұмыс істегені маңызды екенін атап өтті. – Комиссия өзіне тапсырылған міндеттерді тезірек орындауға кіріскені жөн. Заңнамалық өзгерістер жобасының бір бөлігін Парламенттің қыркүйектегі сессиясына дейін әзірлеу керек, бұл алға қойылған міндеттерді уақытында жүзеге асыруға оң ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті көктемгі егіс жұмыстарын сапалы атқару ісіне атсалысу, елдің әрі қарай индустриялық-инновациялық дамуын, сондай-ақ оның негізгі экономикалық көрсеткіштерінің орнықтылығын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.