Кездесу барысында ұйымның қазіргі қызметінің мәселелері, алдағы кезеңге арналған жоспарлар, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістердің іске асырылу жайы талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттердің интеграциялық құрылымдар аясындағы көптарапты өзара ықпалдастығының негізін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті елдердің технологиялар мен бизнес саласындағы тиімді ынтымақтастығына септігін тигізетін интеграциялық институттар қызметінің жемісті нәтижелеріне назар аударды. Т.Мансұров ұйымның алдына қойылған міндеттердің іске асырылуы және ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер халықтарының мүдделері үшін экономикалық интеграцияға қол жеткізуге бағытталған жұмыс туралы айтты. Бас хатшы Мемлекет басшысының бұдан 20 жыл бұрын М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті қабырғасында мемлекеттердің Еуразиялық одағын қалыптастыру туралы алғаш ұсынған бастамасы посткеңестік кеңістіктегі экономикалық интеграцияға негіз қалағанын атап көрсетті.