Нұрсұлтан Назарбаев Бас имамға ілтипат білдіріп, мұндай жоғары деңгейдегі қонақтардың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне қатысуының Қазақстан үшін маңызы зор екенін атап өтті. – Бізді Әл-Азһар университетімен ертеден орнаған қарым-қатынастар байланыстырады әрі оның ғалымдарының еңбектерімен таныспыз. Сіздің съезге қатысуыңыз ортақ ісімізге қосылған зор үлес болатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы. Шейх Ахмад ат-Тайеб форумға шақырғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді. – Менің Қазақстанға алғаш сапармен келген кезімнен бері Астана қатты өзгерген. Мұнда көптеген әдемі ғимараттар бой көтеріпті, – деді дін қызметкері. Кездесу барысында тараптар конфессияаралық диалогтың өзекті мәселелері мен оны әрі қарай дамыту перспективаларын талқылады.