National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Президенті Астанаға Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 12-ші кездесуіне келген делегация жетекшілерін қабылдады

2017 жылғы 06 сәуір

Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушыларды құттықтап, бұл іс-шараның биыл маусымда Астанада болатын Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті қарсаңында өтуінің маңыздылығына тоқталды.

– Біз Санкт-Петербургтегі оқиғаға байланысты бүкіл Ресей халқына көңіл айтамыз. Бұл терроризм мен экстремизмнің шекара дегенді білмейтінін көрсетеді, сын-қатер мен қауіп азаймай тұр. Осыған байланысты мемлекеттер басшылары Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының қызметіне ерекше мән беріп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі ынтымақтастық тетіктері мен нормативтік құқықтық базасын нығайту ісінің маңыздылығына қатысушылар назарын аударды.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің экономикалық және саяси байланыстарды нығайту жолында атқарған жұмыстарына оң баға берді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ұйым алдында тұрған міндеттерге ерекше тоқталды.

– Бұл – қатысушы елдердің барлық бағыт бойынша келісілген іс-қимылы. Қазіргі уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы әрекет ету жөніндегі конвенция мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимыл жөніндегі мәлімдемесі қаралуда. Бұл құжаттарды қысқа мерзім ішінде мақұлдау қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанадағы саммитінде Үндістан мен Пәкістанды ұйымның толыққанды мүшесі ретінде қабылдау жоспарланып отырғанын және оның Азиядағы ынтымақтастықты нығайтуға қосымша тың серпін беретінін айтты.

– Шанхай ынтымақтастық ұйымының Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты халықаралық және өңірлік құрылымдармен ынтымақтастығы аясын кеңейту қажет. Бұл осы ұйымды одан әрі дамытуға ықпал етеді деп ойлаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның 2017-2018 жылдар кезеңіндегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын айтты. Мәселен, Сириядағы дағдарысты саяси реттеу ісіне күш-жігер жұмсалып жатқаны айтылуда.

Кездесуге Қазақстанның, Қырғызстанның, Ресейдің, Өзбекстанның, Тәжікстанның Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары – В.Жұмақанов, Т.Джумакадыров, Н.Патрушев,  В. Махмудов, А.Кахаров, Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрі – Мемлекеттік кеңес мүшесі Го Шэнкунь, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Р.Алимов, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік антитеррорлық құрылымының атқарушы комитетінің директоры Е.Сысоев қатысты.

Қауіпсіздік кеңестерінің Астанадағы іс-шарасы Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аясында өткізілуде. Ол Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының биылғы маусымға жоспарланған кеңесіне дайындықтың маңызды кезеңі болып саналады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің