Мемлекет басшысы БАӘ сыртқы істер министріне сәттілік тілеп, елдеріміз арасындағы байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Сіз біздің елге ресми сапармен Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуына орай келіп отырсыз. Бүгін Астанада бірлескен бизнес-форум өтіп жатыр. Биыл мен Араб Әмірліктерінде екі рет болдым. Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен соңғы кездесуімізде көптеген мәселелер бойынша уағдаластыққа қол жеткіздік, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты байланыстарды нығайтудың маңыздылығына тоқталып, биылғы жыл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің бастауы болатынына сенім білдірді.
– Өзара сенім мен бауырластыққа негізделген біздің қарым-қатынасымыз – басқаларға үлгі. Мұны одан ары дамытуға бар күш-жігерімізді салуға тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.
Абдалла бен Заид Әл Нахаян екіжақты өзара іс-қимыл барысына көңілі толатынын, оны жаңа деңгейде нығайта түсу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, БАӘ сыртқы істер министрі Сауд Арабиясы Корольдігінде өткен саммиттің табысты болғанын айтып, соның аясында Қазақстан Президентінің Абу-Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен әңгімелескенін еске салды.