Рәсім барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Ауғанстан Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Кадам Шах Шахим, Польша Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Селим Хазбиевич, Канаданың Төтенше және өкілетті елшісі Николя Бруссо, Финляндия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Микко Кивикоски, Бельгия Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Алекси де Кромбрюгхе де Пикендаель, Франция Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ, Эстония Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Хейти Мяемеэс сенім грамотасын тапсырды.
Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларға арналған сөзінде олардың дипломатиялық миссиялары Қазақстанның жаңа даму кезеңіне тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.
– Біз Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асыруға кірістік. «Рухани жаңғыру» атты ауқымды бағдарлама әрбір азаматымыз үшін ерекше мәнге ие болуда, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға экономикалық және имидждік тұрғыдан оң әсері болған Астанада өткен бірқатар халықаралық іс-шаралардың нәтижелеріне тоқталды. Атап айтқанда, халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті, Астанадағы Төмен байытылған уран банкінің ашылуы және Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
Қазақстан Президенті еліміздің шетелдік әріптестермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға мүдделі екенін айтып, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
– Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одаққа, Орталық Азия мен Қытай нарығына шығатын инфрақұрылым қалыптасты. Инвесторлармен және бизнеспен өзара тиімді іс-қимыл орнату мақсатымен «Қазақ Инвест» және «Қазақ Экспорт» ұлттық компаниялары құрылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Жасыл» технологияларды дамыту жөніндегі БҰҰ-ның халықаралық орталығы және ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі жұмысын бастауда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы өзара саяси іс-қимылдың жанданғанына назар аударды.
– Биыл біз Ғани мырзамен Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымының жиындарында кездестік. Өзара сауда көлемі жарты миллиард долларға жетіп, Алматы мен Кабул қалаларында Сауда үйлері ашылды. Біз техникалық және гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыратын боламыз. Ауғанстанның қауіпсіз әрі орнықты дамуы – өңіріміздегі бейбітшіліктің, тұрақтылық пен өркендеудің кепілі, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Канадамен көп салалы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты.
– Өткен жылы «G-20» саммитіндегі кездесуде Премьер-Министр Джастин Трюдомен түрлі саладағы байланыстарды нығайту жөнінде уағдаластық. Биылғы маусым айында Астанада «Қазақстан-Канада» іскерлік кеңесінің өтуі – сол уағдаластықтың нақты іске асырылуының көрінісі, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Бельгиямен арадағы іс-қимыл өзара құрмет пен сенім қағидаттарына негізделгенін атап өтті.
– Менің 2014 жылғы қазандағы Брюссельге жұмыс сапарым және Жоғары Мәртебелі Король Филиппен өткен келіссөздер екіжақты әрі көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік берді. Бельгия капиталы мен технологияларын Қазақстан нарығындағы бірлескен жобаларға белсенді түрде тартуды құптаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Польша Республикасы Орталық және Шығыс Еуропадағы Қазақстанның негізгі серіктесі екенін айтты.
– 2016 жылғы тамыздағы Варшаваға мемлекеттік сапарымның және Польша Президенті Анджей Дуданың биылғы қыркүйек айының басындағы Қазақстанға мемлекеттік сапарының қорытындыларын жоғары бағалаймын. Өткен келіссөздер Қазақстан мен Польша арасындағы диалогтың әлеуеті зор екенін дәлелдеп, өзара тиімді көптеген жобаларға жол ашты, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы еліміздің Финляндиямен өзара іс-қимыл деңгейінің жоғары екенін атап өтті.
– Біздің ел мен Финляндияны дәстүрлі достық қатынастар мен көп жылдан бергі ынтымақтастық байланыстырып келеді. Астана мен Хельсинки арасында тікелей әуе рейсінің ашылуы айтулы оқиға болды. «Жасыл» технологияларды дамыту жөніндегі орталық құрылды, Қазақстанда жаңа фин кәсіпорындары ашылуда. Жоғары және үкіметаралық деңгейдегі уағдаластықтардың одан әрі іске асырылуын қамтамасыз ету қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Францияның өзара тиімді ынтымақтастығына тоқталды.
– Машина жасау, ғарыш, металлургия, көлік және басқа да салаларда технологиялық жобалар әзірленді. Елдеріміздің игілігі үшін Франция Президенті Макронмен жемісті байланысты дамытуға ниеттіміз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Эстониямен қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Біз көлік және транзит, энергетика, коммуникация және технологиялар сияқты перспективалы бағыттар бойынша бірлесе жұмыс жасауға әзірміз. Еуропалық одақта төрағалық етіп отырған Эстония басшылығы Қазақстан мен Еуропа серіктестігін ілгерілетуге үлес қосады деп ойлаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Қазақстандағы жауапты дипломатиялық қызметтерінің басталуымен тағы да құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.