Мемлекет басшысы Еуразия экономикалық комиссия Алқасының жаңа төрағасы Михаил Мясниковичті қабылдады.
Тараптар Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі жағдайы мен оның даму перспективалары жайында, оның ішінде Қазақстанмен одақ арасындағы ықпалдастық туралы сөйлесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Мясниковичті жаңа қызметімен құттықтап, ол жетекшілік ететін Комиссия еуразиялық интеграцияны одан әрі тереңдетуде үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.
– Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі маңызды орган саналатын ұйымның жұмысын жетілдіруде Беларусь Үкіметі мен Парламентінің жетекшісі, Ғылым академиясының президенті болған мол тәжірибеңізді, біліміңіз бен құзыретіңізді пайдаланатыныңызға еш күмәнданбаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі Келісімнің осыдан 5 жыл бұрын Елордада жүзеге асқанын атап өтті.
– Одақ өз дамуында үлкен жолды артта қалдырды. Әрине, оны даңғыл жол дей алмаймыз. Сондықтан жетістік те, кемшілік те болады. Дегенмен Еуразиялық экономикалық одақ өз міндетін ақтады деп есептейміз. Одаққа мүше мемлекеттердің ерік-жігеріне қарай аталған ұйым алдағы уақытта да дами береді, – деді Мемлекет басшысы.
Михаил Мясникович өзінің кандидатурасы Еуразиялық экономикалық комиссиясы төрағалығына ұсынылғанда Президенттің көрсеткен қолдауы мен сеніміне алғыс айтты. Сондай-ақ осы қызметте атқаратын жұмысының жоспарымен бөлісті.