Нұрсұлтан Назарбаев Жули Пайетпен жүздесу барысында генерал-губернатордың Қазақстанға алғашқы ресми сапарының канадалық ғарышкер Давид Сен-Жактың Байқоңыр айлағынан ғарышқа аттанған кезімен тұспа-тұс келуінің символдық мәнін атап өтті.
– Өзіңіз де осындай миссиямен ғарышта екі рет болғандықтан, Сіз үшін мұның маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 26 жыл толғанын айтып, сауда және өзара инвестиция салаларында оң үрдіс бар екеніне тоқталды.
Канаданың генерал-губернаторы Ж.Пайетт Қазақстанға ресми сапармен келуге мүмкіндік берілгені үшін ризашылық білдіріп, бұған дейін түрлі ғарыш бағдарламаларының қатысушысы ретінде Байқоңыр ғарыш айлағында болғанын айтты.
– Мен Қазақстанға Премьер-Министріміздің сәлемін ала келдім. Біз жерден сәтті ұшып шыққан ғарыш экипажының қазір орбитаға жеткеніне қуаныштымыз. Ертең ұлттық ғарыш орталығына барамыз. Қазақстанның Ұлттық ғарыш орталығы мен Канаданың Ғарыш агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум жемісті болады деп үміттенемін, – деді Жули Пайетт.
Сонымен қатар, генерал-губернатор Қазақстан Президентінің антиядролық бастамаларын Канада толық қолдайтынын айтты.
Соңында тараптар білім және ғылым, ауыл шаруашылығы салаларындағы және агроөнеркәсіп секторындағы өзара ықпалдастық мәселелерін талқылап, бүгінгі сапар Қазақстан мен Канада арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.