Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздердің өте нәтижелі болғанын атап өтті.
– Біз Испания Үкіметі төрағасының сапарын Қазақстан-Испания қарым-қатынастарының қарқынды дамуының белгісі ретінде қарастырамыз. Олар негізгі іргетасы 2009 жылы қол қойылған Стратегиялық серіктестік туралы шарт болып табылатын берік құқықтық базаға құрылған. Кездесу барысында біз Қазақстан мен Испания арасындағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту мүмкіндіктерін талқыладық. Сауда-экономикалық қарым-қатынастар мен инвестициялық ынтымақтастық әлеуетін кеңейте түсу қажеттігіне бөлек назар аударылды. Қазақстан аумағында озық өндіріс құруға және жаңа технологияға көшуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру біз үшін ерекше маңызға ие. Көлік және көліктік инфрақұрылымдар, өнеркәсіп, жаңартылатын энергетика салаларындағы одан арғы өзара іс-қимылдың зор келешегі бар, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті М.Рахойдың Қазақстан Премьер-Министрімен келіссөздерінің қорытындысы бойынша екі елдің компаниялары арасында бірқатар маңызды келісімшарттарға қол қойылатынын атап өтті.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев Испанияның қуатты экономикасы бар екеніне, оның Еуропада төртінші орын алатынына тоқталды.
– Дағдарыстар әлемдік экономикадағы қалыпты құбылыс болып саналады – олар келеді және кетеді. Алайда дамыған елдер мұндай жағымсыз кезеңдерді еңсеріп, қуатты экономикалық әлеуетін сақтап қалады. Испаниядағы жұмыссыздық деңгейінің жоғары болуы – бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан зардабын тартып отырған жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың нәтижесі. Қазіргі уақытта еуропалық экономикада оң қарқын байқалуда, еуропалық валютаға қатысты жағымсыз болжам расталған жоқ. Өз кезегінде Испания экономикасында да сауығудың белгілері көрініс табуда. Біз қол қойған келісімдер сауда-экономикалық өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге бағытталған және біздің өзара тиімді ынтымақтастықтың болашағына сеніммен қарайтынымыздың дәлелі, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті кездесу барысында халықаралық саясаттың мейлінше өзекті тақырыптары талқыланғанына да тоқталды.
– Біз Сирия мен Таяу Шығыстағы ахуалды, Иранның ядролық проблемасын, Ауғанстаннан 2014 жылы халықаралық коалиция күштерінің шығарылуы контексіндегі осы елдің жағдайын қарастырдық. Халықаралық саясаттың осындай өткір пробламалары жөніндегі екі елдің ұстанымы ұқсас екенін қанағаттанушылық сезіммен атап өтпекпін. Көпжақты дипломатия саласындағы, ең алдымен, БҰҰ аясындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері талқыланды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы географиялық жағынан қашық жатқанына қарамастан Қазақстан мен Испанияны адамдар тағдыры да байланыстыратынын атап өтті.
– Бүгін осы байланыстарды нығайтуға тағы бір қадам жасалды. Мен Рахой мырзаға Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде Қарағанды лагерінде болған әскери тұтқындар мен бас еркінен айырылған 152 испандық азаматтың мұрағаттық материалын бердім. Ол құжаттар Испанияның кейбір азаматтарына өз туыстары мен жақындарының тағдыры туралы білуіне мүмкіндік береді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер кезінде мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланғанына да тоқталды. Атап айтқанда, екі елдің мәдениет мекемелері арасында тәжірибе алмасу және оқу орындарында студенттерді өзара оқыту мүмкіндіктері қаралды.
Мемлекет басшысы М.Рахойдың сапары саяси, сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға жаңаша серпін беретініне, екі ел халқын жақындата түсетініне сенімін білдірді.
Испания Үкіметінің төрағасы бұл оның Қазақстанға алғашқы сапары және Нұрсұлтан Назарбаевпен үшінші кездесуі екенін атап өтіп, Астанаға келіп қайтуға шақырғаны үшін алғысын айтты.
– Қазақстан – даму әлеуеті орасан, сыртқы саясаты үйлесім тапқан, халықаралық аренада оң имиджі бар ел. Бұл – Еуропалық Одақ үшін өте маңызды серіктес және Орталық Азия өңірінде көшбасшы. Сіздердің елдеріңіз өңірдегі тұрақтылық пен даму факторы көздерінің қызметін атқарады. Испания сіздердің сындарлы және ашық сыртқы саясаттарыңызды бағалай біледі және біз елдеріңіздің халықаралық беделін нығайтуға көмек көрсетуге дайынбыз, – деді Испания Премьер-Министрі.
М.Рахой қазіргі әлемде «жасыл экономиканы» дамытудың маңыздылығын атап өтіп, «Жасыл көпір» серіктестігі бағдарламасы жөніндегі халықаралық конференцияға қатысуға мүмкіндік жасалғаны үшін ризашылығын білдірді.
– Бұл бағытта Қазақстандағы даму жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Сондай-ақ, сіздердің елдеріңізде жаңартылатын энергияны дамытуға зор мән берілуде. Осы орайда, негізгі тақырыбы болашақтың энергиясы болып табылатын ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік көрмесін өткізу – бұл бағыттағы маңызды қадам. Біз оны өткізуде сәттілік тілейміз. Біздің елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастар стратегиялық мәнге ие және біз ынтымақтастықтың жоғары қарқынын одан әрі нығайтуды қалаймыз. Бірқатар келісімдерді қабылдау және шарттарға қол қою екі ел арасындағы гуманитарлық, көлік және әскери-техникалық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылды жандандыруға септігін тигізеді деп сенемін, – деді Испания Үкіметінің төрағасы.