National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Президенті Өзбекстанның Өлий Мәжіліс Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады

2019 жылғы 05 қараша

Кездесу кезінде екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Танзила Нарбаеваның сапары екі елдің парламентаралық байланыстарын дамытып, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін беретінін атап өтті.

– 2018 жылы сауда айналымы 2,5 миллиард долларды құрады. Ал биылғы 9 айдың өзінде өткен жылғы нәтижеден артық жетістікке жетіп отырмыз. Соған сәйкес, жыл соңында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда айналымының көлемі де арта түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сәуір айындағы Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижесінде сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, өзара сауда айналымын біртіндеп 5 миллиард долларға дейін арттыру туралы келісімге қол жеткізілгенін айтты.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы көлік-транспорт байланыстарының, сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың даму барысы жоғары деңгейде екенін атап өтті.

– Қазақстан мен Өзбекстан өзара ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытып қана қоймай, сонымен қатар, бірқатар мәселелер бойынша бірін-бірі толықтырып отырады. Сондықтан біздің өзара ықпалдастығымыз табысты болатыны сөзсіз. Оның үстіне, әріптесім, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен екі ел арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамыту үшін белсенді жұмыс жүргізуге келістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.       

Танзила Нарбаева Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, Шавкат Мирзиёевтің сәлемін жеткізді.

– Сіздің Қазақстан Президенті лауазымына сайлануыңыз – бұған дейінгі абыройлы қызметіңіздің нәтижесі. Сіз тәжірибелі дипломат, ықпалды басшы ретінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның мемлекеттік қауіпсіздігін нығайту және экономикасын дамытуға бағытталған бастамаларын жалғастырып келесіз, – деді өзбек саясаткері.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентіне ізгі тілегін жолдады.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің