National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Президенті Польша Республикасының Президенті Анджей Дудамен кеңейтілген құрамда кездесу өткізді

2017 жылғы 06 қыркүйек

Кездесу барысында Мемлекет басшысы былтыр Варшаваға жасаған сапарының нәтижелерін атап өтті. Онда Қазақстан-Польша бизнес-форумы аясында құны 1 миллиард долларға жуық 15 коммерциялық құжатқа қол қойылып, Қазақстан мен Польша арасында тікелей әуе қатынасын орнату жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың өзінде Қазақстанда поляк капиталының қатысуымен 10 кәсіпорын іске қосылып, 100 миллион долларға жуық инвестиция салынғанын айтты.

– Биыл Польша экономикасы Қазақстан экономикасы сияқты 4%-ға дейін өсуі мүмкін. Бұл өсім бізге болашаққа зор үмітпен қарауға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Польшаның трансформациялану жолдары ұқсас. Нәтижесінде, халықтарымыздың әл-ауқаты артып отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда бизнесмендер мен инвесторлар үшін жасалып жатқан жағдайларға назар аударып, сауда-экономикалық саладағы кооперацияны одан әрі кеңейтудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

– Халықаралық ұйымдар Қазақстандағы инвестициялық климат ең қолайлы деп санайды. Қазір бізде шетелдік инвесторлармен жұмыс істейтін «Қазақ Инвест» компаниясы құрылды. Сондай-ақ, «ЭКСПО» көрмесі аяқталған соң «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастайды. Онда ағылшын құқығы қолданылатын болады. Әлемдік қаржы институттарының барлығы дерлік «Астана» халықаралық қаржы орталығымен жұмыс істеуге келісім беріп отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан Польша үшін өңірдегі басты сауда серіктесі әрі Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері нарығына шығатын сенімді плацдарм болып саналатынын айтты.

Анджей Дуда Нұрсұлтан Назарбаевтың былтырғы Польшаға жасаған сапары екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты жақсартуға серпін бергенін атап өтті.

– Біз бірлесе күш жұмылдыруымыздың арқасында тауар айналымының жоғары деңгейіне қол жеткізе алатынымызға сенімдімін. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысып, Польша мен Қазақстан павильондарын көруге мүмкіндік жасалғаны үшін ризашылық білдіремін. Бұл көрме жаңартылатын энергия көздеріне және шикізаттың дәстүрлі көздерін қоршаған орта үшін қауіпсіз қолдануға байланысты заманауи технологияларды көрсетуге мол мүмкіндік береді, – деді Польша Президенті.

Кездесу соңында мемлекеттер басшылары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен брифинг өткізді. Қазақстан Президенті журналистер алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Польша арасындағы өзара қарым-қатынас 25 жыл ішінде дипломатиялық байланыстар орнаған сәттен бері дамып келе жатқанын атап өтті. 

– Біздің елде Польша капиталының қатысуымен 115 кәсіпорын жұмыс істеуде, 200 миллион доллардан астам тікелей инвестиция салынды. Машина жасау, ауыл шаруашылығы, энергетика, химия, көлік, құрылыс салаларының перспективасы зор, – деді Қазақстан Президенті.     

Нұрсұлтан Назарбаев Азия мен Еуропа арасында жүкті жедел жеткізу үшін заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған жобаларды бірлесе іске асыруға дайын екенімізді білдірді. 

Мемлекет басшысы сондай-ақ ғылым мен білім беру және мәдени-гуманитарлық салаларында екі ел арасындағы байланыстарды дамыту мәселелеріне тоқталды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Полша Президентіне Қазақстан Республикасының Еуропалық одақпен кеңейтілген серіктестігі және ынтымақтастығы жөніндегі келісімді ратификациялағаны үшін алғыс айтып, Польшаның 2018-2019 жылдардағы  БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігі кезеңінде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу үшін бірлесе жұмыс атқарудың маңыздылығын атап өтті.   

Польша Президенті екі елдің бірлескен іс-қимылы экономикалық қарым-қатынастарды ілгерілетіп, оны жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенімді екенін айтты. 

– Біз Қазақстан-Польша қарым-қатынастарын жақсартуға бағытталған жолмен жүріп келеміз. Мен Қазақстан Президентіне Польшаның кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануға қолдау білдіргені үшін алғыс айтамын. Біз осы ұйымдағы жұмысымызда Қазақстанның тәжірибесін пайдаланатын боламыз. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның рөлі аса маңызды. Әсіресе, елдеріңіздің Сириядағы қақтығысты бейбіт реттеу жөніндегі тиімді миссиясын ерекше атап өткім келеді, – деді А.Дуда.

***

Польша Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

– «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы туралы хартия;

– Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен Польша Республикасы Даму және қаржы министрлігі арасындағы экономикалық ынтымақтастық туралы келісім.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің