Мемлекет басшысы «Ротшильд» компаниясының қаржы секторындағы жұмыс тәжірибесі мол және халықаралық беделі биік екенін атап өтті. – «Ротшильд» компаниясы – әлемдегі ертеден келе жатқан ірі қаржы институттарының бірі. Сіздердің жеке капитал салымшылармен жұмыс жөніндегі тәжірибелеріңіз мол. Бұл тәжірибе біздің еліміз үшін де маңызды. Сол себепті қазір Қазақстанның Ұлттық банкіне кеңес беріп отырсыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Эрик де Ротшильд Қазақстан Президентіне кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтып, еліміздің қарқынды дамып келе жатқанына қызыға қарайтынын жеткізді. – Бұл – менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Соңғы екі күндегі әсерлерім өте жақсы. Сіздің арқаңызда болашақта еліңіз жоғары қарқынмен дамитын болады. Қазақстан географиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқан. Ол Азия мен Еуропа арасындағы көпір болып саналады. Сіздің экономиканы әртараптандыруға, өнеркәсіпті дамытуға және шикізаттық экономикадан бас тартуға жетелеген үрдістерді айқындай алған көреген қадамыңыз мені тәнті етті, – деді компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Эрик де Ротшильд.