Кездесу барысында Елбасы құрметті қонаққа «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін табыс етті.
Нұрсұлтан Назарбаев Александр Лукашенконың интеграциялық үдерістерді дамыту және Еуразиялық экономикалық одақты құру ісіне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
– Биыл Еуразиялық экономикалық одақтың осы жерде құрылғанына 5 жыл және өзім ұсынған еуразиялық интеграция идеясының жария етілгеніне 25 жыл толып отыр. Сіз қолдау көрсетпегенде бұл ұйым құрылмас еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь халқына және оның көшбасшысы А. Лукашенкоға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
– Сізге кез келген мәселе бойынша қолдау көрсетуге әрдайым дайынмын. Сіз Беларусь Республикасын жоғары деңгейде дамытып келесіз. Сізді Қазақстанның көрікті жерлерін тамашалауға шақырамын, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Александр Лукашенко қонақжайлық көрсетіп, марапат тапсырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылық білдірді.
– Беларусь халқына құрмет көрсеткеніңіз үшін рахмет. Бұл маған ғана көрсетілген құрмет емес. Бұл – менің халқыма деген ыстық ықыласыңыз бен құрметіңіз. Қазақстанның Президенті – лайықты азамат. Сіз дана шешім қабылдадыңыз. Қазақстандықтар басқа халықтар сияқты тұрақтылықты бағалайтынына сенімдімін. Ең бастысы – еңбек. Еңбек етсең, нәтиже де болады, – деді Беларусь Республикасының Президенті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Баспасөз қызметі