Кездесуде Қ.Келімбетов Елбасыға республикада Қазақстан Президентінің бастамасымен озық әлемдік тәжірибе негізінде құрылған, қаржылық қызметтер көрсететін жетекші орталық қалыптастыру жөніндегі шаралар жиынтығының іске асырылуы туралы баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) стратегиясын жүзеге асыру ел экономикасына елеулі қаржы ресурсын тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстанның қаржы инфрақұрылымының өзегіне айналып, Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы хабы рөлін атқаруға тиіс, – деді Елбасы.
Қ.Келімбетов былтырғы желтоқсан айында «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы конституциялық заңға қол қойылуы посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығы қағидаты негізінде жұмыс жүргізе бастауға мүмкіндік бергенін айтты.
Қаржы орталығының басқарушысы Қазақстан Президентін АХҚО-ны құру туралы идеяның халықаралық инвестициялық орта өкілдері тарапынан өте жоғары бағаға ие болып отырғаны туралы хабардар етті.
– Мемлекет басшысының шетелге сапарлары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар орталықтың жұмысына ерекше серпін беріп отыр. Атап айтқанда, «10 триллион» клубының өкілдерімен өткен кездесудің табысты болғаны атап өтілді, – деді Қ.Келімбетов.
Мемлекет басшысы қаржы қызметтері нарығының әлемдік көшбасшыларымен ынтымақтастық орнатудың және АХҚО қызметкерлерінің жоғары кәсіби құрамын жасақтау бағытында жүргізілетін жұмыстың маңыздылығына баса назар аударды.
Кездесу қорытындысы бойынша Елбасы бірқатар нақты тапсырма берді.