Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні өтіп отырғанына тоқталып, бұл күнді белгілеуге Қазақстанның бастамашы болғанын айтты. – Бәрі де 1991 жылғы 29 тамызда әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңының жабылуынан басталған болатын. Содан кейін Невадада және басқа да полигондарда сынақтар тоқтатылды. Біз ядролық қару-жарақтан бас тарттық және соның арқасында антиядролық қозғалыс көшбасшыларының қатарына қосылдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Лассина Зербо Қазақстан Президентімен кездесудің осы күні өтуінің символдық мәнін атап өтіп, өзі жетекшілік ететін ұйымның жер бетіндегі ядролық сынақтарға қарсы тұру және бейбітшілікті сақтау жолында күш жұмылдыра беретінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы кездесу соңында Қазақстанның антиядролық бастамаларына үнемі атсалысып жүргені үшін Л.Зербоға алғыс білдірді.